ЕлдегіәскерқатарынашақыртуалғандардыңбестенбіріғанаОтаналдындағыміндетінатқаруғааттанадыекен. Ал 25-30 пайызыәскери-медициналық тексерулерден өтпей қалады. Оның сыртында қолына шақырту қағазын алмай жылдар бойы іздеуде жүргендері де жетерлік. Осы орайда Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, полковник Ғани АРТЫҚОВПЕН кезекті әскерге шақыру науқаны жайлы сұхбаттасқан едік.– Ғани Асылбекұлы, қазіргі жігіттердің Отан алдындағы міндетін атқаруға деген құлшынысы қалай?
– Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақ әскерінде көптеген өзгеріс болды. Өйткені елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты отбасындағы ахуал да өзгеріп отырады. Қазір «бұрын әскерге баруға жігіттердің құлшынысы күшті болды» деген әңгімелерді жиі естиміз. Рас, бұрын жігіттердің барлығы дерлік әскери міндетін атқаруға жіберілетін. Кеңестік кезеңде отбасында бала саны көп аймақ Орта Азия еді. Ресей мен солтүстіктен ары қарай одақтас республикалардың көбінде бір отбасында бір бала, ары кетсе үш баладан болды. Сондықтан әскерге адам санын көп беретін Орта Азияның ішінде Қазақстанда еркек кіндіктінің барлығы түгелге дерлік, яғни 95 пайызға жуығы әскерге кетті. Шамалы психологиялық ауытқулары барлардың өзін әскери құрылыс бөлімдеріне жіберетін. Сонда әскерге жарамайды деген жігіттің ішінен 4-5-уі ғана әскерге бармады. Кейін 1992 жылдың көктемінен бастап Қазақстан қарулы күштеріне әскер шақыру жұмысы басталды. 2005-2007 жылдағы санақ бойынша әскерге шақыру жасына жеткендердің саны жыл сайын 126-130 мың балаға толатын. Сонда қарап отырсаңыздар, 2005-2006 жылдардағы есеп бойынша әскерге шақыру жасындағы жігіттердің саны 1 млн 495 мың болатын. Одан бері бұл сан бірте-бірте түсті. Осыдан 4-5 жыл бұрын 70-75 мыңға дейін төмендеп кетті. Бұл – сол жылы 18 жасқа толатын жігіттердің саны ғана. Ал әскерге шақыру жасы 18-27 жасқа дейін. Демографиялық өсімнің азаюы 1993-1994 жылдан 2002-2003 жылға дейін созылды. 2003 жылдан бастап туу көрсеткіші ақырындап қайта көтерілді. Соның арқасында 18-ге толатын жігіттердің саны 130 мыңға жетті. Соңғы 3-4 жылдың ішінде әскерге шақыру жасындағы жігіттердің жасы 2005 жылмен салыстырғанда екі есе азайды.
Екіншіден, жігіттердің әскерді айналып өткісі келуінің себебі көп. 1992 жылдан бастап Қазақстанның әскерін толтыратындай ғана әскерге шақырту жіберетін болдық. Әскерге шақыру жасындағы балаларды жыл сайын әскерге тарту саны 36-42 мыңның көлемінде азайды. Кейде 24 мыңға дейін төмендеп кеткен кездер болды. Бұл көктем мен күзді қоса есептегенде. Бұл шамамен 2006 жылдар еді. Мысалы, 1990 жылдан бастап 18-ге толатын 130 мың баланың 42 мыңы ғана әскерге шақыртылды. Сонда қалған 80-90 мың адам әскерге барған жоқ. Енді сол әскерге бармаған жігіттердің балалары 1992-1993 жылы туғандар. Кейбіреуінің балалары қазір әскер жасына келді. Сонда отбасылық деңгейде әскери дайындықтан өту деген ұғым-таным бір ұрпаққа әсер етіп отыр. Енді сол ортадағы әке-шеше «Біз де әскерге барған жоқпыз», «Әкең де әскерге барған жоқ. Сен бармасаң әскердің бір аяғы құлап кетпейді» деген таным-түсінікті балаларына тықпалайды. «Мен міндетімді өтедім, сен де Отан алдындағы міндетті абыроймен атқаруға тиіссің» дегенді айтатын адам азайды.
Тағы бір себеп, әскерге келетін жігіттердің әлеуметтік-психологиялық және денсаулық жағдайы бар. Әскерге баруды өздеріне міндет немесе абырой санайтын жігіттердің саны азайды. Себебі қазіргі қоғамда бөтен елдердің көзқарасын, мәдениетін қасақана тықпалап жатқан топтар да көбейді. Мысалы, Қазақстанның ыдырап, тоз-тозы шыққанын қалайтын кейбір елдер өз идеологиясының қанат жаюына күні-түні жұмыс істеп отыр. Соның салдарынан, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген ЛГБТ секілді сұмдық дүниелер пайда болды. Басқа да діни ағымдар мен феминизмді дәріптегіштер әйелдердің тең мүмкіндігі деген сылтауды желеу етіп, халықтың сана-сезімін бұзып, енді ЛГБТ дегенді ақырындап құлаққа үйрете бастады. Бұл идеологияның мақсаты сол, адамның жынысы болмау керек. Өздерін не ұл, не қыз деп есептемейді-мыс. Бұл да әскерге барғысы келетін жігіттердің санына айтарлықтай әсер етері сөзсіз.
– Сонда қазір әскерге өз еркімен баратындарға қарағанда, белгілі бір квотаны толтыру үшін мәжбүрлі түрде алып кету үрдісі белең алып келе ме?
– Жастардың арасында әскерге баруға, өз міндетін атқаруға деген адал ниеттілер көп. «Әскери қызметке шақырса, бас тартпаймын, егер шақырмаса, өзім іздеп бармаймын» деген екінші топ бар. Үшіншілері – әскерге өз еркімен барғысы келмейтіндер. Төртіншілері – барлығына қарсы. Әскерге барғысы келмейді, мемлекетімізге пайдасын тигізуді қаперге алмайды. Мүмкіндік болса, шетелге кетіп қалу әлдеқайда дұрыс шешім. Ол топтағы адамдар – Қазақстанның болашағына бас ауыртпайтындар. Қарны қай жерде тоқ жүрсе, сол жерге кетіп қалуға бейім жандар. Оларға біздің дініміз бен діліміз, тіліміз бен менталитетімізге қарағанда, қара басының қызығы – бірінші орында тұрғандар. Осындай негізгі төрт топтан құралады. Таң қалатын ештеңе жоқ, бүгінгі қоғамның өзі осындай төрт топқа бөлінеді.
– Солай екен. Бірақ осындай ойдағы жігіттердің санасына сілкініс жасап, абыройлы міндетін атқаруға деген ниетін ояту үшін қандай жұмыс істеледі?
– Қазір балабақшадан бастап жоғары оқу орындарында әртүрлі әскери-патриоттық іс-шаралар өткіземіз. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдері де өз шама-шарқынша оқу бағдарламасына сай әскердің мән-маңызын түсіндіріп жатыр. Әлеуетті органдардың зейнеткерлері мен соғыс ардагерлерін жастармен кездестіріп, ақыл-өсиеттерін тыңдатып, бағыт-бағдар беру жұмыстарын да қатар алып жүреміз. Балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы бар. Қозғалыс жұмысы барлық облыс, қала, ауылдың әрбір мектебінде белсенді жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл аз. Әрбір отбасында ата-ананың айтатын сөзі «Осы жерде тудың, осы жерде өсіп-өндің, келешек ұрпағыңды да осы жерде қалдырып кету керек» деген өсиетті айтып отыру қажет. Бұл – міндет. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» демекші, жігіттердің бойындағы жігерді ояту, Отанға деген антқа адалдық – ана сүтімен, бесік жырымен, әкенің ақыл-өсиетімен даруы тиіс дүние. Ұл мен қызға берілетін отбасылық тәрбиенің маңызы осында. Сонда ғана мемлекеттің күші мығым, болашағы айқын болары хақ.
– Әскерге шақыру науқаны қалай ұйымдастырылады? Жыл сайын қанша сарбазды қабылдауға мүмкіндік бар?
– Жыл сайын Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметін өтеуге мыңдаған сарбаз аттанады. Осы бес әлеуеттік күштік құрылымның әскери бөлімшелері бар. Соларға қанша адам керек, сол бойынша Қорғаныс министрлігі өтініш жинайды. Олардың берген санына жинақтап, оларды аудан орталықтарынан жеткізуден бастап жинақтау пунктеріндегі ішіп-жегені, киетін киімі, медициналық тексеруге дейін жұмсалатын қаражатты соңғы тиынына дейін есептейді. Сөйтіп, бір жыл бұрын Үкіметке ұсынылады. Үкімет Ел Президентінің жарғысының жобасын дайындайды. Жарлыққа қол қойылғаннан кейін әскерге шақырту науқаны басталады. Биыл әскерге 37 мың сарбаз жіберілуі қажет. Оларды әскерге шақыру мерзімі көктем мен күзге белгіленеді. Өйткені бір кезеңге шақыру тиімсіз. Қарулы күштерге биыл 16 мың, Ұлттық ұланға 14 мыңға жуық адам керек. Шекара қызметіне 7 мың, Төтенше жағдайлар министрлігіне 700, Мемлекеттік күзет қызметіне 200-ге жуық сарбаз қажет. Соның ішінде көктемде Қарулы күштерге 8 мың, Ұлттық ұлан 7 мың, Шекара қызметіне 4 мыңға, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам, ал Мемлекеттік күзет қызметіне 90-ға жуық адам шақырылады. Бұл – толтыру жұмыстары. Енді осы сайдың тасындай сақа жігіттердің әскери-дәрігерлік комиссияға шығарғаннан кейін денсаулық жағдайларын анықтап, әскери бөлімге баруға мүмкіндігі барын бөлек, «бару мүмкін емес, емдеуді талап етеді» дегендеріне жарты жылдан бір жылға емдеуге жіберіп, мүлдем жарамайтындарды «әскери қызметке мүлдем жарамайды» деген категорияға бөліп отырамыз. Жарамды дегендердің өздері бірнеше әскердің түріне таңдап алынады.
– Әскерге шақыртудан қашып жүргендерді бір айдың ішінде жинап үлгере аласыздар ма?
– Олардың барлығын бір күнде толтыру мүмкін емес. Сондықтан бір облысқа «сен тек қана Шекараны қамтамасыз етесің, ал келесі облыс Қарулы күштердің жаяу әскерін қамтамасыз етесің» деген болмайды. Өйткені адамдардың дәрежесі, физикалық дайындықтары әртүрлі болғандықтан, әр әскердің тектері мен түрлеріне бөліп таратып береді. Мысалы, солтүстік облыстарда адам саны аз. Сол үшін Түркістан мен Алматы облыстарына бәленбай мыңға шақырту беретін болсақ, солтүстік жақтарға 600-800-ге дейін жүктеме беріледі. Бірақ 600 адамды әрең толтыратын өңірлер 1000 адамды әскерге жібере алмайды. Үсті-үстіне «жарасаң да, жарамасаң да барасың» деп төпелеп жіберсең, ертең әскери қызметін атқара алмайды. Денсаулығы немесе психологиялық тұрғыда жарамай, күні бұрын әскерден босатыла бастаса, әскери бөлімдегі жұмыс жүктемесі көбейеді.
– Осы жіберген сарбаздардың мерзімін толық атқармауына қатысты статистика жасап көрдіңіздер ме? Бес құрылымның ішінде қайсысында үлес басым?
– Бұл анау әкетіп бара жатқандай үлкен сан емес. Заң бойынша әскери шақыру комиссиясының төрағасы болып аудан, облыс, қала әкімінің орынбасары бекітіледі. Егер бала әскери қызметіне жарамай, ерте кетіп қалатын болса, оған қызметтік тергеу тағайындалады. Егер әскери қызметке дейін ауырып келген болса, сол әскери қызметке жіберген шақыру комиссиясының мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Мәселен, 2009 жылы Қызылорда облысының дәрігеріне 700 мың теңге айыппұл салынған оқиға болды. Сондықтан әскерге денсаулығы жарамайтын адамды жіберуге немесе психикасы дұрыс емес, не болмаса отбасының жағдайы жоқ адамды біліп тұрып жіберуге ешкім мүдделі емес.
– Бізде әскери-медициналық комиссияның жұмысына жиі сын айтылады. Осы салада істеген кісілердің көбісі оларға тағайындалатын жазаның жұмсақ екенін, сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқызу керек екенін алға тартады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жеке пікірім, айыппұл салған әлдеқайда дұрыс. Себебі әскерге шақырылған адамдардың ауруын, олардың ішке бүккен сырын 100 пайыз білу мүмкін емес. Біреу үйіндегі тіршіліктен түңіліп, біреуі қоғамнан оқшауланып қалғандықтан, әскерге кетіп бара жатуы мүмкін. «Әйтеуір, осы жақтан кетейінші, бір жыл болса да құлағым тыныш болсын» деген көзқараспен кететіндер бар. Денсаулық жағдайы келмей тұрса да, ауруын жасырып, не әскери билет қажет болған соң кетіп қалады. Енді бір балалар басқа балалармен ілесіп, қызық үшін барады. Сол үшін шынайы ауруын біле тұра жасырып кетеді. Баланың жауапсыздығы үшін дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тарқызу дұрыс болмас еді.
– Қанша дегенмен тәжірибелі мамандардың бірнеше сатыдағы тексерісінен өтеді емес пе?
– Денсаулығына шағым айтпаған адамның ауруын психолог емес, дәрігер де анықтай алмайды.
– Қазір технология заманы деп жатамыз. Соңғы уақытта осы әскери-медициналық қабылдау пункттерінде жаңа медициналық технологиялар мен «өтірік детекторының» қызметі қолданысқа еніп жатыр ма?
– Әрине, қолданысқа енгізіп жатырмыз. Мысалы, ҰҚК Шекара қызметіне баратын сарбаздарды міндетті түрде «өтірік детекторынан» өткізеді. Мемлекеттік күзет қызметіне баратын жастарды да міндетті түрде осы құрылғының көмегіне жүгіндіреді. Одан бөлек, адам жауап беріп жатқанда көзінің қарашығына, неше рет кірпігін қаққанын, неше рет төмен, неше рет жоғары қарағанына дейін есептеп отыратын камера қойылады. Қалған күштік құрылымға жіберілетіндер де екі рет, аудандық, облыстық деңгейде психологиялық тесттен өтеді. Оның екі түрі бар. Бірінде жігіттер қағаз толтырады. Белгілі бір уақыттың ішінде бәлен сұраққа жауап беріп үлгеру керек. Екіншісі, облыс орталықтарында «Аңсұңқар» деген бағдарлама бойынша тест сұрақтарына жауап береді. Ол жерде де белгіленген уақыт ішінде тез-тез жауап беріп үлгеру міндеттеледі. Әдейі уақытты тығыз етіп қойған. Мысалы, адам сауалға ойланып барып жауап бермеу үшін алғашқы ой қандай, солай жауап беру керек. Одан кейін ішке бүккенін шығару мақсатында бір сұрақ бірнеше рет бүркемеленіп қайталанады. Бұл адамның 2-3 сауалға өтірік жауап бергенімен, қалған сауалдарға жауап бергенде шынайы ойын білуге көмектеседі. Психологиялық тесттердің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Бұдан басқа адаммен көзбе-көз отырып сөйлесетін тесттер бар. 20 жылдық тәжірибесі бар психологтер. Әр баланың көзіне, ісіне, сөзіне қарап отырып-ақ талай баланың ішкі жан-жарасын шығарып берген кездері болды. Біздің психологтердің алдына келген балалардың неше түрлі қиын тағдыры шыға бастайды. Отбасында ата-анасы арасындағы жанжалдан қажыған, қиын күндерде қандай іске барғанын өздері ақтарып береді. Себебі сарбаз кез келген тосын оқиғада дұрыс шешім қабылдай алуға қауқарлы адам болуы тиіс.
– Олай болса, бұл жерден барған сайдың тасындай толық тексеруден өткен жігіттер жыл өтпей суицид жасауға неге бейім?
– Табиғатынан ашылып сөйлемейтін балалар бар. Кейде сондай балаларда азаматтық өмірден бастап жиналған өкпе-реніш, ашу-ызасы жиналып-жиналып белгілі бір уақытта серіппе секілді атылады. Бірақ қазір бұрынғыға қарағанда сарбаз өлім-жітімі жиі болмайды. Мыңнан бір бөлігінде ғана сынып қалатын кездері бар шығар. Бұрын сарбаздың сұрауы жоқ еді. Өлген баласының табытын әкеліп тастап кететін. Себеп-салдарын айтпайтын да. Табытты ашқызбайтын. Біз сарбазды өлім үшін жібермейміз. Біз ел қорғай алатын азаматтарды таңдау үшін жұмыс істейміз.
– Соңғы уақытта сарбаздың санын толтыру үшін көшеден ұстап алып кететін болды деген де қауесет жиі тарайтын болды. Неге?
– Санын толтыру үшін сарбаз таңдайды деген – жаңсақ пікір. Өйткені сарбаз санын толтыра алмай жатқан облыстар да бар. Бармаса бармасын, бірақ тірі болсын. Оның орнына басқа адам барады. Себебі сарбаз таңдауда сапаға көңіл бөлеміз. Қазір бірнеше жылдан бері іздеуде жүрген жігіттер бар. Туысқандарына хабарласасың. Бірақ олар жауапкершілікті өз мойындарына алмайды. Өздері жүрген жерінде тіркеуге тұрмайды.
– Міндеттен қашып жүргендерге қандай жауапкершілік бар?
– Оларға медициналық комиссиядан өтуге келмегені үшін 5 АЕК дейін айыппұл салынады. Әскери қызметке келмей жалтарғаны үшін 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру бар. Ал комиссиядан өтіп, пойызға отыратын кезде қашып кетсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Болмаса 1000-3000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қашып жүргендерден бөлек, қазір шақыру қағазын қолына беру мүмкіндігі жоқ болып отыр. Ал егер балаларын біліп отырып жасыратын болса, ол үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
– Ал қандай жағдайда әскери қызметтен босатасыздар?
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң бар. Оның ішінде кімдердің әскери қызметтен босатуға мүмкіндік берілетіні анық көрсетілген. Отбасы жағдайы, білімін жалғастыру, денсаулығына байланысты, кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтер, ауылды жерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге, Парламент пен мәслихат депутаттарына, қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға, азаматтық әуе және су кемелері экипаждарының мүшелеріне, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктері мен техниктеріне, әлеуеттік құрылымдардың оқу орындарында алғашқы әскери дайындықтан өтіп жатқандар бар. Соның ішінде отбасы жағдайына келсек, ата-анасының біреуі жалғыз, қалғандары 18-ге толмаған болса, басқалары 18-ге толғанға дейін мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, әке-шешесі жоқ, ата-әжесінің оларға қарайтын адам жоқ болса босатылады. Депутаттардың белгілі бір уақыт мерзімі біткенде қайтадан шақырту жібереміз.
– «Әкім-қаралардың балалары әскерден босатылған ба?» деген әңгіме қаншалықты рас? Сапқа шақыртылған сарбаздардың арасында Асандар бар ма?
– Біз әскерге шақыру қағазын жігіттердің шығу тегіне, жағдайына бөлмей бәріне жібереміз. Рас, қазір жоғары оқу орындарында немесе «Болашақпен» шетелде оқып жатқандар әскерге бару жасынан асып кетеді. Олар магистратурасы, шетелде оқуын бітіргенше бізге «күндізгі оқу бөлімінде оқып жатыр» деген анықтама келіп тұрады. Сөйтеді де мерзімді әскери шақыру жасынан асып кетеді. Сосын жыл сайын 18 жасқа 80 мың адам келді делік. Соның ішінде 37 мың адам әскерге барады. Қалған 43 мың адам бармайды. Өйткені әскерге сыймайды. Бірақ 10 жылдан бері 40 күндік ақылы әскери дайындықтың курсынан өткізуді қолға алдық. Бір жылға барғысы келмесе, ақылы түрде ақшасын төлеп өтеді. Бірақ олардың төлеген ақшасы қысқы-жазғы үлгідегі далалық киіміне, жатын орнына кетеді. Қорғаныс министрлігі оларың төлеген 40 мыңынан ешқандай табыс тауып отырған жоқ. Асандар оқуын бітірген соң ақылы әскерге барады. Олардың ішінде де денсаулығы жарамсыздары бар. Олар әскерге де, әскери кафедраға да алынбайды.
Елде 30-35 мыңға тарта әскерге шақыртушылар іздеуде жүр. Олардың негізін жұмысы жоқ, басқа қалаға күнкөріспен кеткендер құрайды. Жаңа ұстап алып, әскерге алып кетесіз деп жатырсыз. Соңғы 3 жыл ішінде бұл заңды ма, заңсыз ба деген сауал өзекті болып тұр. Бұл тәжірибені біз бастадық. 2016-2017 жылдары ЭКСПО құрылысы жүріп жатқанда қалаға көп жастар келді. Көпшілігі тіркеуде жоқ, әскери есепке тұрмағандар болды. Кім қайда жүрсе де Қазақстанның ортақ заңына, ортақ міндетіне бағыну керек. Бұл әдістің кейде пайдасы бар. 2017 жылы құрылыстан, базардың төңірегінде жүрген жігіттерді тауып әкеліп тексерткенде, арасында аурулары асқынып кетсе де, қаралмай жүрген адамдарды анықтадық. Ата-анасына ай сайын ақшасын беріп тұрса болды. Баласының не ішіп, не жеп жатқанын, қайда түнеп жүргенінен бейхабар адамдар бар. Тіпті, арасында қатерлі ісікпен жүрген адамдарды тауып, ата-анасына табыстаған кездер де болды. Біздің бұл жұмыстың да белгілі бір деңгейде нәтижесі бар.
– Әскери қызметке шақыру науқаны басталып кетті. Бұл туралы үгіт-насихат жұмыстарының кемшілігі де жігіттердің міндетін өз уақытында атқаруға кедергі келтіріп жүрген жоқ па екен?
– Үгіт-насихат жұмысымыз 1 наурыздан басталып кетті. Қазір БАҚ құралдары арқылы түрлі бейнероликтерімізді көрсетудеміз. Қоғамдық жерлерде де хабарландырулар жүріп жатыр. Біздің әрбір айтқан сөзіміз халыққа жеткізілуде. Байқасаңыз, қазір барлық көше-көшелерде билбордтарымыз ілініп тұр. Мәселе сол ақпаратты адамдардың дұрыс қабылдай білуіне байланысты деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!