Түркістан облысының Төлеби ауданы таулы табиғатымен, балдай қымызымен танымал. Еліміздің барлық қаласында «Диханкөлдің қымызы» бар. Осы атаумен аудан өз брендін қалыптастырып отыр. Төлебилік жас өрен енді адам денсаулығына пайдасы зор қымызды оқушыларға ішкізудің жеңіл түрін ойлап тапты.
9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек қазір жастардың басым бөлігі энергетикалық сусынды пайдаланатынын айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметіне сүйенсек, ересектердің үштен бірі, ал жасөспірімдердің бестен бір бөлігі энергетикалық сусынға әуестеніп бара жатыр. Одан бөлек, ересектердің 8, ал жас өскіннің 43 пайызы кофейн қолданады. Бұл – дабыл қағатын мәселе. Адам денсаулығына қауіпті сусындардың орнын пайдалы сусынға алмастыруды ойлаған Жансұлтан сыныптастарының арасында сауалнама жүргізген. «Энергетик сусынның орнын қымызбен алмастыра аласың ба?» деген сауалға қатысушылардың 70 пайызы «иә» деп жауап беріпті.
Осылайша, Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы мұны өзінің робот құрастыруға деген қызығушылығы арқылы жүзеге асырмақшы болады. «Осыдан бір жыл бұрын мектепте апталық өткен. Сонда құлтемірлердің макетін көрдім. Одан бөлек, IT мамандығын таңдаған ағамның жұмыстары мені бұл салаға қызықтырып жүрген. Робот жасауға осылай келдім. Ал қымыз құятын роботты ойлап табуға бір айдай уақыт кетті. Ұстазыммен ақылдастым. Айналамдағы жастардың көзқарасы да, денсаулық сақтау ұйымының статистикасы да әсер етті. «Асылбек» роботын жасау туралы ойымды алдымен мұғалімім Лаура апайға айттым. Ол идеямды қолдап, құрастыруға көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие сусын арқылы жастардың арасында саламатты өмір салтын дәріптейді»,–дейді Жансұлтан бізбен әңгімесінде.
Робот жасау 6 кезеңнен тұрыпты. Қымыз құятын роботты ойлап табу кезеңінен кейін екінші оның макетін, яғни пішінін қарастырған. Ұлттық сусынды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шешеді. Одан кейінгі кезек – құрастыру. Таңдалған пішінмен құлтемір құрастырылып шығады. Толық дайын болған роботтың қаңқасына енді аппараттар орналастырылады. Ұлттық нақышта киінген құлтемірдің иығында карта сезгіш датчик болады. Ал оған арнайы чип қойылған пластикалық картаны жақындатқанда ток көзі арқылы іске қосылады. Жарықдиодты шамдар динамик, қымыз құйғыш насостың барлығы жұмыс істей бастайды. Робот өздігінен қымызды құйып қана қоймай, қымыздың адам ағзасына тигізер шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді.
Адам жұмысын жеңілдетуді мақсат еткен жас талант дәл осындай қондырғыны еліміздің барлық мектебіне және адам көп шоғырланған аймаққа қоюды ұсынады. Өйткені мұндай жоба жоғарыда айтқандай, кофейндік сусындардың орнын толық алмастыра алады. Әрине, оны алдымен оқушыларға тегін таратуды үйлестіру керек. Сол себепті бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау, ұлт болашағын ойлайтын демеуші керек. Бұл роботтың басты міндеті де зиянды сусындарды ұмыттырып, қазақы қымызды сәнге айналдыру болатын.
Жобаны жасауға көмектескен, қолдау білдірген ұстазы информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсылықова жаздыгүні басталған жұмыс күзде біткенін айтады. «Жансұлтанның идеясымен екеуміз жұмысты бастап кеттік. Ауданымыз өзі қымызбен танымал ғой. Бұл сусын – ауданның бренді. Халықтың денсаулығын жақсартамыз әрі қымызымызды жарнамалаймыз дедік. Содан күзде аудан деңейінде ғылыми жұмыстар байқауына қатысып, бас жүлдені иемдендік. Одан соң облысқа жолдама алып, ол жерден де жүлделі оралдық. Облыста сараптама комиссиясы оң нәтижесін беріп, республикаға жолдама беріп отыр. Енді Жансұлтан республикада бақ сынайды», – дейді ұстазы Лаура Жақсылықова.
Шынында, дәл осындай роботты еліміздің барлық мектебіне қоятын болса, балалар бастапқыда қызық үшін-ақ ішіп, кейін қымызға әуестеніп кетуі әбден мүмкін. Бұл тұрғыдан қарағанда, саламатты өмір салтын құруға бөлініп жатқан қыруар қаржының бір бөлігі осында бағытталса, денсаулыққа шынайы қолдау болар еді...