Телевизия – руханият саласының салмақты бір тармағы. Көгілдір экранға жол тартқан күннен бастап Қазақ телевизиясы ұлттық дәстүрлердің қайта жаңғыруына жол ашып, соның бастауында тұрды. Ұлттық, мемлекеттік мүдде – Қазақ телевизиясының іргесі бекіп, қалыптасуына жанкешті еңбегімен үлес қосқан алдыңғы толқын еңбегінің түп қазығына айналды. 65 жыл ішінде телевизияда бірнеше буын алмасты. Әр буын телесаланың дамуына өзіндік үлес қосты, өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі толқын арасында ағалар ізін лайықты жалғастыра білген тележурналистің бірі әрі бірегейі Жаңыл Асылбекова десек, артық айтқандық емес. Оған оның шығармашылығы толық жауап береді. Жаңылдың Қазақ телевизиясының табалдырығын аттағанына 20 жылдан асыпты. Осынау жылдар ішінде Жаңыл «Жарқын бейне», «Сөнбес сәуле», «Келбет» портреттік публицистикалық деректі фильмдер топтамасы бойынша елге ерен еңбегі сіңген, 100-ден аса дара да дана, тау тұлғалар өмірінен сыр шертетін видеофильмдер дайындады. Мектепте озат, үлгілі талабы таудай талантты оқушы Жаңыл, университетте де осы қасиетінен жаңылмады. Жақсы оқыды. Ғылыми жұмыстармен айналысқанды армандады. Ал енді осы арманына қол жеткізу мүмкіндігі туғанда, ол телевизияны таңдады. Неге? Көкейімдегі сауалды көлденең тарттым. Телесаланы таңдауына себеп болған қандай құдіретті күш? – Телевизия – сырлы да нұрлы, адамның жан дүниесіне үңілетін рентген сияқты сиқырлы әлем. Телевизияның жүрегімді жаулағаны сондай, табалдырығын алғаш аттаған сәттен ерекше сезімді бастан өткердім. Ол – сол ғажайып әлемнің ішіне сүңгіген адам ғана сезіне алатын, тұла бойыңызды бір сәт жаулап алар тілмен айтып жеткізуге келмейтін шығармашылық ләззатты бастан өткеру. Сұлу сезімнің әсерімен, телесаланың бір құпиясынан кейін екінші құпиясын игермекке ұмтылған сайын, оның тереңіне қалай дендеп еніп кеткеніңізді өзіңіз де аңғармай қаласыз. 2006 жылы Сағатбек аға Қалиев «Қазақстан» ұлттық арнасына бас редактор болып келді де, мені жұмысқа шақырды. «Бізге келесің бе?» деді. «Келемін!» дедім бірден. Не нәрсені болса да көп ойланып жатпай, тез шешетін адаммын. Жұмысқа тұрған күннен бастап, 24 сағат бойы ойлайтыным телевизияға айналды. Ішіңдегіні сыртқа алып шығуға мүмкіндік әрі менің көрмегенімді, түсінбегенімді, өмірден білгім келгенінің бәрін, маған телевизия берді. Телевизия – менің өміріме айналды. Бұрын ақын ретінде таныла бастаған болсам, енді жан әлемімді телевизия жаулап алды. Осында жүріп, кандидаттығымды қорғадым, аспирантурамды бітірдім, ҚазҰУ-ге жұмысқа шақырды. Алайда өзімді телевизиясыз елестете алмайтын болғандықтан, мен телесаланы таңдадым. Табысқа апарар жол – табандылық Жаңыл – телевизияға шексіз берілген талантты журналистің бірі. Оның нақты дәлелі ретінде «Хабар» арнасында алты жыл штаттан тыс еңбек еткенін мысалға келтіргеннің өзі жеткілікті. «Өзіңді бағаламайтын жерде бір күнде аялдама» дейтін қағидаға берік Жаңылды алты жыл штатқа кірмей жұмыс істеуге мәжбүрлеген де, бірінші кезекте телесалаға деген шексіз сүйіспеншілік болса керек. Әңгіме барысында оның анық-қанығын өз аузынан естігім келетінін білдірдім. – 2000-нан 2006 жылға дейін «Хабар» арнасында штаттан тыс жұмыс істегенім рас. 2000 жылы аспирантурада оқып жүрген кезімде, бір құрбымның айтуымен «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» хабарына көрермен ретінде қатысуға бардық. Түсірілімнің басталуы ұзаққа созылды. Сөйтсек, негізгі үш кейіпкердің бірі кешігіп жатыр екен. Оның келер түрі көрінбеді. Содан бір кезде «араларыңызда қазақша мақал білетін адам бар ма? Үшінші адамның орнына шығуға» деді редактор. Қатысып, бірінші орынды иеленіп, жеңімпазға деген кілемді алып кеттім. Қолымда «Алматы кілем», мәзбін. Админстратор Айтқазы деген кісіден «телевизияға жұмысқа қалай кіруге болады?» деп сұрап едім, «Түйіндемеңді қалдырып кет» деп қысқа қайырды. Қалдырдым. Бірақ мені шақыра қоймады. Бір күні үйге қонаққа келген жолдасымның достарының бірі «Хабар» арнасында істейді екен, әңгіме арасында осы оқиғаны айтқан едім. Әлгі жігіт «Жаңа жобалар болып жатса, шақырамыз» деп уәде беріп кетті. 2-3 айдан кейін «Хабар» агенттігінен «Сізді бір жаңа жобаға шақырайық деп едік» деп хабарласты. Өмірімнің телесалада өтетінін білдім бе, қайдам, сол күні арыз жаздым да, жұмыстан өз еркіммен шығып кеттім. «Хабарға» келіп, «мені қандай жұмысқа алғалы жатырсыздар?» десем, Мұрат Бидосов «Біз сізді бірден алмаймыз. Әуелі телесалаға икеміңіз бар ма, жоқ па, сынаймыз. Содан кейін ғана аламыз. «Егер де мен» айдарымен жаңа жоба бастағалы жатырмыз. Соны көріңіз» деді. Бірінші кейіпкерім Татьяна Бурмистрова болды. Көркемдік кеңес жылы қабылдап, жоба еш кедергісіз өтті. Алайда мені штатқа алмады. Содан бастап, жан жүрегім ауырған кезде немесе көңілім құлазыған сәттері қолыма қалам алатыным болмаса, көбіне ойлайтыным тек телевизияға айналды. Тұлғалармен жүздесу – үлкен мектеп Жаңыл Асылбекованың баспадан 1988 жылы «Сезім тамшылары», 2008 жылы «Көңіл тағдыры», ал 2018 жылы «Жанарымдағы жарқыл ең» атты жыр жинақтары жарық көріпті. Әр кітабын араға 10 жыл салып, шығарғанына қарағанда, Жаңылдың өзі айтқандай, телевизия өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналғанының бұл да бір дәлелі секілді. – Ақын болғаннан кейін де шығар, әдебиет, руханият саласындағы майталмандарға бүйрегім бұрып тұрады. Қалай дегенмен де, қоғамды алға сүйрейтіндер руханият әлемі мен мәдениет саласының майталмандары, қоғам қайраткерлері. Олардың шығармашылығын, өмірін көрсету арқылы қоғамға ой тастап, саналарды сілкінте алсақ, біздің басты мақсат орындалғаны. Саналар сілкінгенде жаңалыққа ұмтылады, айналасында оң өзгерістер болғанын қалайды. Сол арқылы жақсы істерге ұмтылады. Өмірдің мәні байлықпен ғана өлшенбесе керек. Өз салаңда қандай ұлағатты іс тындыра алдың? Ел есінде қалар қандай пайдалы нәрсе жасадың? Әрбір азаматтың ұлты үшін атқарған қандай да бір ісі сонымен маңызды, сонымен бағаланады деп ойлаймын. Кейіпкерлерімнің өмір жолдары, тыныс-тіршілігі, жалпы бар әрекеті мен үшін үлкен мектепке айналғанын баса айтқым келеді. Ұлт үшін қызмет еткен тұлғалардың есімдері ешқашан ұмытылмайды. Олар біздің темірқазық, бағдаршамымыз секілді. Буын алмасқан сайын әр кезең ұрпағы міндетті түрде ұлылар мектебіне үңіледі, тәлім алады, талдайды, саралайды, қажеттісін алады. Кейіпкерлерінің бәрі – танымал тұлғалар. Бір қарағанда, олардың тыныс-тіршілігі жұрттың көз алдында. Дегенмен әркімнің өз жұмбақ әлемі бар емес пе? Жүректің кілтін ашуда қолданар тәсілдерің қандай? Әңгіменің ретіне қарай келесі сауалымды қойған едім. – Кейіпкеріме қатысты ақпараттың бәрін, түсірілім басталғанға дейін, мүмкіндігінше толықтай танысуға тырысамын, барынша ізденемін. Жалпы, кез келген жанға, өзінің жанына ең жақын әңгімені қозғағанда, соны жақсы білетініңізді білдіргенде, қызығушылығымен қоса, ризашылығы артады. Өмір жолдарына қатысты өзі үшін ең бір қастерлі оқиғаның шетін шығарғаныңыздан-ақ бірден ашылып кетеді. Бір оқиғаны ғана айтайын. Алдын ала Қуаныш Сұлтановтың бірнеше кітабын оқып, ол кісіге қатысты көптеген дерек көздерін, зерттегеннен кейін хабарластым емес пе. «Ой, мен туралы қанша хабар жасалынды. Бәрі айтылған секілді» деп ыңғай танытпады. «Аға, маған әсер еткені таңғы бестен мектепке барып, анаңызға отын жарып, су тасып беретініңіз болды. «Елдің баласы ұйықтап жатыр, олар ұйқы алар, таңнан тұрған менің балам жылқы алар» деген анаңыздың сөзі маған қатты әсер етті. Анаңыздың осы жетістікке жетуіңізге ықпалы тұрғысында әңгіме қозғасақ» дегенімде, «е, онда дұрыс екен» деп келісті. Кім қандай биікке шықса да, ол – ең бастысы адам. Сол адамның биіктерді бағындыруына кім әсер етті? Осы жолдағы қолдаушысы мен қорғаушысы, бастан өткерген қиындықтары мен қызықтары туралы айта бастасаң, олар ашылады. Сол кезде, өзің білсем деген сауалыңа жауап алып қалуға тырысасың. Кім болса да, кез келгенге жүрегін аша бермейді. Өзін түсініп отырған адамға ғана шынайы ақтарылады. Телевизия – өмірімнің бір бөлшегі – Телевизия – ұжымдық жұмыс. Менің ғана еңбегім деп айту әбестік болар. Әсіресе, режиссерім Ботагөз Исмайылға алғысым шексіз. Ол екеуміз он жылдан астам қатар жүрдік. Тамаша тандем болдық. Бота апайдың басқа режиссерлерден ерекшелігі, ол маған қатты демеу болды. Мысалы, белгілі бір уақыт ішінде, 10 шығарманы оқуға уақытым да жетпейді ғой, бір жазушының бес шығармасын ол оқып, бесеуін мен оқып, екінші нүктеге жеткенше, яки Орал, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтау, Астана дейсіз бе, жол жөнекей талдап, түсірілімнің жобасына қатысты нақты жоспар құрамыз. Өйткені уақыт шектеулі. Бәріне үлгеруге тиіспіз. Кейбір күндері Бота апайды үйіне шығарып салып, босағамнан енді аттай бергенімде, басшылардың бірі «Тұрсынбек Кәкішев өмірден өтті. Немесе Фариза апай туралы ертеңгі эфирге хабар дайындауымыз керек» деп аяқ астынан хабарласады. «Үлгере алмаймыз» деу жоқ бізде. Біз – Ұлттық арнамыз, оның мақсаты, ел алдындағы міндеті тым салмақты. Ұлттық арна – ұлт үшін ұлы мектеп, рухани қазық. Сондықтан мұнда істейтін әрбір маман жауапкершілікті қатты сезінеді. Өзіне артылған сенім үдесінен шығуға тырысады. Ақын-жазушылардың бір ерекшелігі – бірін-бірі аса құрметтейді. Түннің бір уағы болса да хабарласып, жағдайды айтқаннан кейін, еш ренжімей сұхбат беруге келіседі. Енді міне, талай түнді ертеңгі күнгі эфирден өтетін хабарды дайындаумен өткізген сәттер де естен шықпайтын естелікке айналды. Өзіңді өзің жетілдіру – тоқмейілсуге жол бермейді – 2020 жылы мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» арнасы ашылғаны белгілі. Аптасына бес хабарды «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы филиалы береді. Алматыдан Астанаға хабар дайындап ұсынатын болғандықтан, Алматының атына сай әзірлеуге тырысамыз. Мұнда аға буын қалыптастырған телемектептің ізі, жолы бар. Соған лайық болуды ойлайсың. Алдыңғы буынның, яки телевизияның бастауында тұрған мамандардың жаңа да жас саланың өсіп-өркендеуіне, дамуына қосқан үлесін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар үйрене жүріп, бір-біріне үйретті. Телевизияның қатпар-қатпар иірімдерінің ішінен шашырап кетпей, көрермен сұранымын қанағаттандыратын жол табу қиынның қиыны, айтуға ғана оңай. Алдымда алдыңғы толқынның жаңа саланы игерудегі мойымаған күш жігері мен оны іске асырудағы ұланғайыр еңбектеріне өзім әзірлеген «Ұмытпаймыз» хабары арқылы таныс болғандықтан, «Абай» арнасындағы жұмысыма жаңа күшпен кірістім. Қаншама хабар жасадым. Осы бағытта жасаған хабарларым бітетін шығар десем, бітпейді екен. Өмір өзен секілді. Қай салада еңбек етсең де, өзіңді үнемі жетілдіріп отырғаннан ұтпасаң ұтылмайсың. Басқа елдерге барып, оларда хабар дайындау процесі қалай, білгім, көргім, танысқым келетін. Армандайтынмын. Соның сәті түсіп, «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк ғылым академиясына жолдама алғанымда қатты қуандым. Америкаға аттанатын кезде өзіме өзім сенбедім. 50-ден асқанда оқудың қажеті жоқ деп айтқандар болды. Ол жерге барып көргеннен кейін екінші тынысым ашылды деуге болады. Жалпы, адам үнемі өзін жетілдірумен айналысып, үнемі алға ұмтылу керек екенін түсіндім. Мен сонда үйренгенімді өзімнің хабарларыма тамшылап болса да енгізгім келеді. Ол жерде бір байқағаным, біз адамдар туралы жасаймыз, соны жан жақты ашуға тырысамыз. Ал онда сол адамдар жасаған дүниені насихаттау – бірінші планда. Жаңа жоба дайындағым келеді Телевизия – көрермен мен мәдениет арасындағы дәнекер. Қазақтың өнері, теңдесі жоқ жауһар дүниелеріне қатысты үлкен жоба дайындағым келеді. Тағы да халықтың есіне түсіре отырып, ол қалай жасалды, мәні қандай, кім жасады, қандай дарын иесінің қолтаңбасы бар деген нәрсені көрерменге ұсынсам деген оймен, көкейімде жаңа жобаларыма байланысты көлемді жоспар жасап келдім. Америкада қосымша оқуға, білім алуға шектеу жоқ. Өз қалтамнан төлеп, ағылшын тілінің тобында дәріс алып жүрген кезімде, 50-ден асып кеткен қытайдың қызы «Мен енді ғана өзімді таптым. Ағылшын тілін жетік игергеннен кейін колледжге түскім келеді» деп жоспарын айтты. Стилист болғысы келетінін айтты. Бір ұққаным, Америкада адамдардың бәрі жақсы өмір сүруге, өзін жетілдіруге талпынады. Онда ақсың ба, қарасың ба, сарысың ба, бәріне бірдей мүмкіндік жасалынған. Кез келген кітапхана, музейлеріне кіріп, қалаған кітабыңызды еш кедергісіз алып, оқып, тағы басқа білгіңіз келетін мәселелерге қатысты ақпаратты толыққанды алып шыға аласыз. Жақсы жағы да, теріс жағы да бар. Тағы бір түйген ойым, әлі ақыл тоқтатпаған баланы шетелге жіберудің қажеті шамалы. Жасыл, қызыл әлем баурап алады, тартып алады, қалып қалғысы келеді. «Жұмысы басынан асып жатса да, өзін ұмытып, өзгеге көмек көрсетуге ұмтылатын осындай кіршіксіз пейілді азаматты қандай ана дүниеге әкелді екен? Жаңылдың миссиясы адамдарға жақсылық жасаудан тұратындай. Анасын көргім келеді» деген еді бір әріптесі Бота Мыңбаева. Ботаның өтінішін әңгіме барысында еске салған едім. – Мен үйде алтыншы баламын. Кенжемін. Кенже болғаннан кейін бәріне еркелеуім керек қой. Ал керісінше, мен бәрін ойлап жүремін. Анамның тәрбиесі ұлы дала ұлағатының қайнар бастауларынан нәр алған, таза қазақи болатын. Ата-анасынан тым ерте қалған, үш ағайынды. «Жыламай жүрші, балаң болады. Тек жылама» деп менің алдымдағы қызын сіңлісінің бауырына салып бергеніне әлі күнге таңғаламын. Мұның өзі үлкен жүректі адамның ғана қолынан келер әрекет секілді. Менің жұртқа жасаған қолғабысымды байқап, бағалағандарға рақмет, бірақ мен анамның ерлігін ешқашан қайталай алмаймын. Соған қарағанда шынайы қазақи тәрбие, қаталдау болса да қайырымды ма деп ойлаймын. Анам жарықтық үлкенді сыйлау, барған жеріңе қандай қиын болса да сіңу, қайтып келмеу, жат қылықтан ада, қолыңнан келсе көмектесуден, өзгеге жәрдем беруден қашпау сынды қасиеттерді бойыма ес білгеннен сіңірген секілді. Қайынсіңлілері мен қайныларының атын көзі жұмылғанша атамай кетті. Кесте тігетін, құрақ құрайтын. Анам көп сөйлемейтін, үндемей отырып, бәрін басқарып отырды. 75 жасында өмірден озды. Анам «ананы істе, мынаны істе» деп күнделікті жұмысқа жегіп қойған жоқ. Енді бағамдасам, шамамыз келгенше көмектесе жүріп, оның істегенін көре жүріп, анамыздың бойындағы бар асылын қабылдағандаймын. Не көрдім, қандай қиындық бастан өтті, қандай сәттерді ұмытпадым, бәрін кейінірек жазамын. Қазір тележобалардан қол тиер емес. Қалай десек те, Қазақстанның байлығы алдыңғы елдердің қатарында болуға жетеді. Табандылығымыз, қанымыздың тазалығы да жетеді. Ол үшін жас буынға ұлылығымызды көрсететін ұлағатқа толы хабарларды дайындап, эфирден көптеп көрсетуге тиіспіз.
Дайындаған Ұлбосын АЙТӨЛЕН