Tozbe: қоғам әйел үнін ести ме?
Tozbe: қоғам әйел үнін ести ме?
1,858
оқылды
Жақында ғана Tozbe мобайл қолданбасы сынақтан өтті. Бұл қосымшаны алматылық оқушы қыздар ойлап тапқан. Олар еліміздегі зорлық-зомбылық статистикасы күн санап өсіп жатқанына алаңдайды. Мәселен, дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, жыл сайын 400-ге жуық жуық әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Ал былтыр полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық турасында 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Бір батырма сиқыры Жоба авторының бірі – Сәния Мұхам­бет­қалиева Haileybury Almaty халық­ара­лық мектебінің 12-сынып оқушысы. Оның айтуынша, Tozbe мобайл қо­сым­шасын Technovation Girls халықаралық байқауына арнап жасаған. Олар команда ре­тінде әлеуметтік проблеманы негізге алып, қолданба жасап, IT шешім ұсынған екен. Кейіннен жобаны ел ішіндегі бай­қауға да ұсынып, грант жеңіп алған.Сә­ния командадағы IT-ға қатысты мәсе­леге жауап­ты болса, Аружан Нүсіпжан – FrontEnd жасаушы, Дана Скороходова – SMM-менеджер, Аликсения Мар­ты­шева – мәлімет жинау бойынша менед­жер, Селин Четинелли – қаржы менед­же­рі, Мира Оңғарова – әлеуметтік жетек­ші. Айта кетерлігі, қоғамдағы әйел үнін естуге ұмтылған қыздардың жасы – 17-19 жас аралығында. Олар халықаралық жобалармен қатар ел ішіндегі «Қазақстанға арналған 100 идея» ұлттық байқауында «Әлеуметтік са­ла» аталымы бойынша жеңіске жеткен. Оған қоса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастамасымен өткен «Тәуел­сіздік ұрпақтары» байқауынан 3 миллион теңге грант ұтып алған. Ұтысты жоба да­муы­на салып, ары қарай дамыту үшін тағы да қаржы тарту көзін іздеп жүр. Tozbe.1 Ал қосымшаға келсек, қолданушы ең жа­қын туыстарымен байланысып, дағ­да­рыс орталығынан жылдам көмек сұрай ала­­ды. Одан бөлек, психолог, заңгер, от­ба­сындағы зорлық-зомбылық та­қырыбын зерт­теп жүрген адамдардан ке­ңес сұрай ала­ды. Жобаның әлеуметтік желідегі па­рақшасында да кейіпкер оқиғасымен бө­лісіп, маман кеңесін алған жағдаяттар бе­рілген. Сәния Мұхамбетқалиеваның айтуын­ша, бұдан бұрын да осыған ұқсас бірнеше қосымша жарық көрген. Кемшілігі – қол­данба арқылы хабарласу. Автордың пі­кірінше, зорлық-зомбылықпен бетпе-бет кел­ген адамда смартфонын қолына алып, қан­дай да бір түймені басуға мүмкіндік бо­ла бермейді. Сондықтан қыздар дауыс ар­қылы хабар беретін қосымша жасауға ден қойған. Қосымшаны жүктегенде кітап оқуға арналған ба деген ойға қалуыңыз мүмкін. Зер салсаңыз, экран бұрышында кө­рінбейтін түйме бар. Соны басқан кезде Tozbe жайлы мәлімет шыға келеді. Жо­ғарыда айтқандай, авторлардың басты мақ­саты – жәбірленушінің дауысы арқы­лы жақындарына хабар беру. Мысалы, қол­данушы «көмектесіңіз» деп айтқанда, функ­ция жұмыс істей бастайды. Осы­лай­ша, сіз тіркеген бірнеше нөмірге автомат­ты түр­де хабарлама мен мекенжайыңызды жібереді. Ерекшелігі – Tozbe жәбір­лену­ші­нің дауысын 20 метр қашықтыққа дейін ес­ти алады. Аталған фукциялар рет-ре­ті­мен орындалуы үшін тіркелуші дерегін дұрыс енгізгені жөн. Әрі қалаған кезінде өші­ріп тастауына не өзгертуіне болады. Tozbe.2 Shuaq командасының айтуынша, қо­сымша отбасындағы зорлық-зомбылық жағ­дайының жабулы қазан жабулы күйін­де қалмауы үшін атсалысады. Әуелде зерт­теу жүргізіп, абьюзер-күйеудің әйе­лінің телефонын үнемі тексеретінін ес­кер­ген. Яғни, байқап қоймауы үшін қол­данбаның бетінде бірнеше кітаптың су­ре­ті шығып тұрады. Команда мүшесі Дана Скороходова жоба бойынша әзірге он шақ­ты бұйрық сөз іске қосылғанын, SOS кей­піндегі сөздер әлі де толығатынын атап өтті. Айтылмайтын жай көп Жоғарыда жазғанымыздай, қосымша тұ­саукесері өткен күні «Қазақстандағы тұр­мыстық зорлық-зомбылықпен қалай кү­ресу керек?» атты панельдік дискуссия ұйым­дастырылды. Онда аталған мәселе­нің шығу төркіні, көмек сұрау және көр­сету, құқық жағынан ескерілуі жайлы өт­кір пікір қозғалды. Спикерлердің бірі Ай­сана Әшім елімізде абьюзерлерге қарсы қыл­мыстық жауапкершілік жоқ бол­ған­дықтан, қол жұмсау фактісінің көбін атап өтті. Сондай-ақ әйелдің ден­саулық пен пси­х­икадан бұрын «ұят бо­ладыны» ал­дың­ғы орынға қоюы себеп болып отыр. Tozbe.3 Ал заңгер Әйгерім Құсайынқызының мә­ліметінше, бакалавриатта білім алып жат­қандардың 57 пайызы, магистратурада бі­лім алып жатқандардың 62 пайызы, PhD-де оқитындардың 70 пайызы – қыз­дар. Білімді әйелдердің көп­тігіне қара­мас­тан, олардың эко­номикалық на­рықтағы үлесі 25 пайыз. Яғни, әйелдердің басы көп­шілігі қар­жыға келгенде күйеуіне тәуел­­ді. Сондықтан зорлық-зом­бы­лық көр­се де, сотқа дейінгі кезеңде тату­ла­сып жа­тады. Одан бөлек, спикер «бұрын қа­зақта ажы­расу болмаған» сары­нын­дағы пі­кірге түбе­гейлі қар­сы. Қа­зір қоғамды бұ­рын­ғы­сы­­мен салыстыруға келмейді. Се­­бебі бұрын ажы­расудың эко­номикалық сал­­дары басым бол­ған. Мы­салы, «Жеті жар­ғы» бойын­ша қалың малға 70 жылқы бер­­се, ажырасқан қыздың әкесі оны 100 есе қылып қайтаруға мәж­бүр. Қара­пайым отбасыға 700 жыл­қы­ны қай­тару қиын. Сол үшін заңгер әйелдерді іш­­кі дауыс­ты тыңдап, зорлық-зомбы­лық­қа қарсы шығуға шақырды. Қосымшаның да діттеген мақсатының бірі заңгер ойымен үндеседі. Адамдардың зорлы-зомбылық фактісін жасырмай, ашық айтып, бөліскенін қалайды. Қазір де біршама оқырман қолданбаның әлеу­меттік желідегі парақшасында оқиғасын бө­ліс­кен. Сол үшін сарапшылар қоғам­ның бет-бейнесіне айналған адамдарды да осы мәселеге көңіл аударып, қарсы шы­ғуға шақырды. Өйткені instagram же­лісінде «қайтып келу дұрыс емес», «бала психикасы мен ертеңі үшін төзу дұрыс» дейтін блогерлер әлі де бар. Дегенмен баланың өзі анасының жағдайын көріп, «ажырасшы» дейтін жағдайды да оқып, біліп жүрміз. Не де болса қоғамдағы ашық пікір жаңаруға әкелетіні сөзсіз. Оған қоса, әлеу­меттік мәселені ту еткен фильмдер де ел ішіндегі пікірдің өзгеруіне әкеледі. Сон­дықтан дискуссия қатысушылары масс-медиадағы шынайы ақпаратқа, кө­гілдір экрандағы боямасыз бей­неге назар аударуға шақырды. Әсіресе, ұлттық деңгейдегі ар­на мен ба­сылымдардың про­блеманы айқын әрі нақты жеткізуін сұ­ра­ғаны тағы бар. Tozbe Расымен, тұр­­­мыс­­тық зор­лық-зом­­бы­лық, пе­до­­фи­лия та­­қы­ры­бы күн тәр­ті­бін­­де тұр. Іш­кі істер ми­нистр­­лі­гіне қарас­ты Әкім­шілік полиция коми­тетінің мәліметі бойын­ша, 2023 жылдың басынан бері 18 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы белгі берген. Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің полицияға хабарласу тенденциясы 2015 жылдан бері 2,5 есе өскені тағы бар. Аталған жылы 49 мың рет қоңырау түссе, қазір көрсеткіш 120 мыңға жеткен. Көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қаласынан, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облысынан қоңырау шалған. Бірақ полицейлер түскен шағымның 60 пайызы бойынша тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені көп жағдайда жәбір­лену­ші өтінішінен бас тартқан. Яғни, абью­зер тарапынан қорқыту, үркіту, әйел та­рапынан психи­калық қорқыныш ба­сым деген сөз.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ