Nur Otan партиясының өкілдері жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Бұл туралы партияның хатшысы Арман Қырықбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Қызылорда облысындамыз.
⠀
Еліміздің түкпір-түкпірінде болсам да, бұл – Сыр өңіріне жасап отырған тұңғыш сапарым. Жақсылыққа баладым. Өйткені, Сыр – Алаштың анасы, қасиет қонған жер.
⠀
Ең алдымен жергілікті қариялармен амандасып, қал-жағдайларын сұрастырдым. Өңірдің қоғамдық кеңес мүшелерімен, түрлі сала өкілдерімен, зиялы қауыммен кездестім. Ашық пікір алмасу болды.
⠀
Түйткілді мәселелермен қатар, партияның – Алаш идеясын дәріптеу керектігі, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, ұлттық киноөнерді дамыту және қазақ қолөнерін қолдау қажеттігі жөніндегі сұрақтар қойылды. Бұлардың барлығы да партия назарында болады", - деп жазды ол.
Оның айтуынша, кездесу кезінде қызылордалықтар өзекті мәселелерді ашық айтты. Бұл – көлік құралдарына негізсіз салық салу, соғыс ардагерлерінің құқығы мен мәртебесін анықтау, табиғи апаттардың және басқа да төтенше жағдайлардың салдарын жою, қолөнер шеберлеріне арналған бірыңғай орталық салу, ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдіктер қарастыру, партияның «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруға бақылауды күшейту және т.б. Кейбір мәселелер сол жерде шешілді, кейбірі жүйелі сипатқа ие. Барлық айтылған ұсыныс, ескертулер және проблемалар назарға алынды және бағдарламалық құжаттарға енгізіледі.