Мария Шоқай
Мария Шоқай
2,101
оқылды
Қазақтың көрнекті ақыны Қайнекей Жармағанбетовтің «Әр адам – ашылмаған бір роман» деген өлең жолы жадымда жатталып қалып еді. Мұны бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың жары, еріне қызмет етудің адамзат тарихында кездесе бермейтін ерен үлгісін көрсеткен Мария Шоқайдың тағылымды тағдыры еріксіз еске түсіріп отыр. Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен асыл мұрасы кезінде сағыныштан сарғайтқан туған еліне тәуелсіздіктің елең-алаңында ғана оралды. Ұлы тұлға туралы осы кезге дейін бірнеше кітап пен монография жазылып, шығармаларының он екі томдық толық жинағы шықса, ал оның жары Мария Шоқай туралы аз-кем мәлімет енді белгілі бола бастады, бірақ тіпті мардымсыз. Осы кезге дейін қолымызға түскен орыс тілінде жарық көрген «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі – Яков және Анастасия Кар­цинкиндер. Одесса операсының әншісі болған» деп жазылған. Төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрады. 1912 жылы Мәскеу операсының труппасында болады. Өзінен 20 жас үлкен кісіге күйеуге шық­қанына қарағанда әке-шешесінен ерте айырылып, кейінгі тағдыры, тұрмыс жағ­дайы қиындау болған сияқты. Ал өзі ерек­ше терең түсіне білген, айрықша қас­терлеген Мұстафа Шоқаймен 23 жылдан астам бірге тұрған, сондай-ақ жары құпия жағдайда қайтыс болғаннан соң 28 жылғы өмірін өзі жазып кетті. «Тар жол, тайғақ кешу» Мария Яковлевна Горина Мұстафа Шоқаймен алғаш рет 1916 жылғы тамыз айында Ташкентте танысты. Мұстафа Петербордан Әлихан Бөкейханның ұсы­нысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Думаның жанындағы Мұсыл­ман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Ш.Мұхамедияров және кейін қо­сылған депутат А.Керенскийлер бар деле­гацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде келген еді. Делегацияның мақсаты 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қар­сы Түркістан өлкесінің жергілікті хал­қының көтерілісін қатыгездікпен бас­қаны туралы арнайы материалдар жинау болды. Тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласты, оның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар еді. Комиссия мүшелерімен бірге Мұстафа Шоқай бұлардың үйлерінде бірнеше рет болып, опера әншісі жас қонаққа арнап, бірнеше ән де шырқады. Сондай-ақ генерал Сахиб-Гирей Еникеев­тің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқыған кездегі Мұстафаның достарымен бірге қызықты өткізген күндері туралы Мария Горина өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінде астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жан­ның қасында жүру аса қызықты көрінетін деген жолдар бар. Келер 1917 жылдың сәуірінде Таш­кент­те өткен Түркістан өлкелік мұсылман­да­ры­ның бірінші құрылтайында орталық кеңес құрылып, Мұстафа Шоқай осы ке­ңес­тің төрағасы болып сайланады. Ал 27 қа­рашада Түркістан мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайында Ресей құра­мын­да Түркістан Мұқтариятының әуелі ми­нистрі, екі аптадан кейін Премьер-министрі болады. Алайда барлығы 64 күн өмір сүрген Орта Азиядағы жаңа тұрпатты мемлекеттік құрылымды Кеңес үкіметі құлатып, Қо­қанды жермен-жексен еткенде Мұстафа бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке оралады. Өзіне қиын-қыстау кезеңде сүйе­ніш болатын адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан күйе­уімен ажырасып, енді пойызға билет алып, Мәскеудің опералық театрында тұрақты жұмысқа дайындалып жүрген кезі сай келді. Көктемнің шығуына байланысты Мария Яковлевна бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін кешкілік келгенде алдынан үлкен ғимараттың бір бөлігінде үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатқан, қасында қорғаушысы бар Мұстафа шығады. Ол Мария Яковлевнаны көргеніне қуанышты екенін, он күннен бері өзін іздеп таба алмай жүргенін айтады. Бұл кездесу Мария Яковлевнаға төбеден жай түскендей бо­лады. Өйткені ол Түр­кістан үкіметінің құ­рылғанын, бірақ оны большевиктер құ­латып, басшысы Мұстафа Шоқайды және басқа лауазымды қызмет­керлер өлтірілді дегенді естіген еді. Жай-жапсарды толық біліп алған соң Мария Горина өз өтініші бойынша Мұста­фаны басқа қонысқа орналастырып, әске­ри киім кигізіп, оны ешкім танымастай етіп өзгертеді. Күнделікті қатынап, азық-түлік жеткізіп тұрады. Мұның аяғы екі арысты мәңгілік табыстырады. Мұста­фа­ның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, сәуірдің 18-і күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы некесін қияды. Сол күннен бастап Мария Яков­левна өзіне Шоқай атын қосып алады. Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болды. Оның басына большевиктер 1 000 сом бәйге жариялаған еді. Сондықтан ол қаладан тысқары жерге аттап баса алмайды Іздес­тіру шаралары өте жіті жүріп жатқандықтан, Мария Шоқай жарын ауыр жаралы ретінде Мәскеуге алып кетуді ойластырады. Науқасына байланысты операция жасауға апара жатқандай оның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып, басын жақсылап таңып, оны оңайлықпен адам танымайтын етіп мамырдың бірі күні стансаға келіп, пойызға отырады. Көп ұзамай жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеру басталады. Мұны көріп, бұлар не істерін білмей қатты абыржиды. Тиісті құжаттар дайын болғаны­мен, бет-жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжат­тарға сурет жапсырылмайтын. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша, бұлар тексеруден құтылады. Пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін ары қарай жүре алмай, тоқтайды. Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланыс­ты жабылып қалған еді. Содан бұлар түрлі көлікпен алдымен Орынборға, содан соң Самара арқылы Уфаға, Екатеринбургке барады. Мұстафа Шоқай осындағы үлкен жиынға Әлихан Бөкейханмен бірге қа­тысады. 1918 жылғы 19 қарашада таратыл­ған Құрылтай мәжілісінен кейін арнайы делегация құрамында Америкаға виза алып, Вильсонға бармақшы да болады. Алайда Челябинскіде қалыптасқан жағдай­ға байланысты Мұстафа Шоқай мен осы жиынға қатысқан украиндық Вадим Чай­кин екеуі бөлек, Кавказға қарай кетуге мәжбүр болады. Бірақ өздерінің бағыты мен қажетті мәліметтер туралы тұрақты хабар беріп отырады да, Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челя­бинскіден шығып, «біресе қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып» 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Бірнеше күннен кейін мамырдың 1-інде Тифлисте пойыздан түскенде, стансада қолында бір шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп алады. Содан әуелі Тифлистегі Головин көшесіндегі «Ореан» қонақүйінде болып, кейін қаланың Грибоедов көше­сіндегі 23-ші үйде тұрады. Мұстафа Шоқай жергілікті «Вольный горец», «Борьба» газеттерінде жұмыс іс­тейді. Грузия үкіметінің қаржылай жәр­де­мімен Тифлисте «На рубеже» айлық жур­на­лын өз редакторлығымен шығарады. Бірақ журналдың алты саны ғана жарық көреді. Ал Мария Шоқай консерватория жұмыста­рымен шұғылданады. Тифлистің музыка мектебіне жазылып, ән сабақ­тарына қаты­са­ды. Бұл мектеп кейін Ұлттық консерва­торияға айналады. Осындай мазмұнды күндер 1920 жылдың желтоқсан айына дейін созылады. 1921 жылдың ақ­панында Серго Орджоникидзе басқарған Қызыл армия Тифлиске келіп, қаланың быт-шы­тын шығарып, басшыларын тұт­қындай бас­тайды. Мұстафа мен Мария Шоқай алды­мен Батумиге жетіп, кейін Италияның ке­месіне мініп Түркияға тар­тады. 1921 жыл­дың 22 сәуірінде екеуі Ыс­тан­бұлға жетеді. Араға екі айдай уақыт салып Францияға келіп, орналасады. Бұған себеп сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эми­гранттар) үшін демократия­лық тұрғыдан басқа елдерге қарағанда әлде­қайда қолайлы болған көрінеді. Мұстафа Шоқай енді азаттық үшін күресті қаламның күшімен бастаса, Мария Шоқай өзінің кәсіби мамандығы бойынша өнер саласымен айналысады. Ол өз есте­ліктерінде: Мальчевскийдің орыс хорына қатысқанын, Эльхамра Олимпиа театр сахнасында ән шырқағанын, ал Доминов театрларының құрамында Италия, Англия елдерінде өнер көрсеткенін еске алады. Алайда көп ұзамай эмигранттар жат жер­­дің қиындықтарына жолығады. Екеуінің табысы күнкөрісіне жетпей, ақшалары тау­сылып, тұрмыстары қиындайды. Қал­та­ларында көк тиын қалмай, тіпті үйлерінде жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамымен айналысқан жайлары да аз болмайды. Осылай басталған шетелдегі тағдырдың бұдан былайғы 20 жылдан астамының рақаты да мол болды дей алмаймыз. Мұс­тафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп, солардың болашағы үшін өзінің Алла берген бар қабілетін салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын оның жайын ойлады. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Мұстафа Шоқай тап болған тағдырдан Мария Шоқайдың өмірін әсте бөліп қа­рай алмаймыз. Саясатпен тікелей айна­лыспаса да күйеуін түсінетін, оның барлық іс-әрекетін қолдағанды сүйетін ол: «Мен ешқашан саясатпен айналысқан адам емеспін, білмеймін де. Төңкерістің де не үшін болғанын түсінген емеспін» дейді бір сөзінде. Бірақ жарының қарым-қабілетін таныды, халықшыл қайсар ерекшелігі мен төңірегіндегілерге жел болып тимейтін жібектей мінезінен қуат алды. Сергек те сезімтал жан күйеуінің қас-қабағынан оның ішкі жан дүниесін терең ұғынып, үлкен жүректі адал жары болды. Мұстафа және Мария Шоқай Германия соғысты бастағаннан соң сол кезде Францияда тұрып жатқан эми­гранттардың бірсыпырасы Америкаға, түр­кі тектестер Түркияға кетіп жатты. Мұс­тафа Шоқайларға да кетуге мүмкіндік бар еді. Тіпті, Америкаға визасы бар болатын, алайда Мұстафа «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету өз Отанымды тастап кеткенмен бірдей» деп бұл қадамға бармады. Мария бұл жөнінде ойлағанымен, жабық күйінде қалады, сабыр сақтады. Не де болса, бірге көруге бекінді. Алайда тағдыр өзге жолға түсті. 1940 жылғы 13 мамыр күні немістер Парижді басып алып, жағдай күрт өзгереді. Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады, одан босаған соң екі күн Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеуге ұсыныс жасалған болатын, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей, бұл қадамға бармайтынын кесіп айтады. Екі жарым ай 8-9 лагерьді аралап, түркіс­тандық тұтқындармен кездеседі. Қайта­рында ауруға ұшырап, 1941 жылдың 27 желтоқсанында құпия жағдайда қаза бо­лады. Бұл оқиға Мария Шоқайды теңдесі жоқ қайғыға душар етті. Әсіресе, жарының жазасы кімнен болды деген ой қатты мазалады, тіпті оны лагерьлерді аралағанда қасында аудармашысы, көмекші болған Уәли Каюмнан көрді. Алайда шындықтың ауылы алыс екенін ұғынған, жасынан жалқы өскен қайсар жан Құдай қосағы үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыстарға кіріседі. Мұстафатану туралы тұңғыш еңбек 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында Мұстафа Шоқайдың қырқы өткізіледі, оған оның 50 шақты жақын достары жиналады. Осыдан кейін Мұстафадан қалған мол тарихи мұраны сұрыптап, түптеп, ар­найы қораптарға салып, келесі ұр­паққа жет­кізудің амалын қолға ала­ды. Оларды 1953 жылы сол кездері «Жаңа Сор­бонна – Париж ІІІ» универси­тетінің Шығыс тілдері мен өрке­ниеттері ұлттық инс­титутының универ­си­тет­аралық кітапха­насы­ның мұра­ғатына өткізеді. 2022 жылғы қазан айының екін­­ші жартысында арнайы жо­баға сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Мұс­тафа Шоқай ғылыми орталы­ғы­­­ның қызметкерлері Францияда бол­дық. Ондағы негізгі мақсат – Па­риждегі жоғарыда аталған, бірақ қа­зіргі Тілдер мен өркениеттер уни­вер­си­тетінің кітап­ханасында сақтал­ған Мұс­тафа Шоқай мұрасы­мен та­ны­сып, қажетті материал­дарды ғылыми ор­талыққа алу болатын. Осы сәтті пайда­ла­нып, бұл қорды Мұстафа Шоқай шы­ғар­маларының он екі томдық толық жина­ғы­мен, эпистолярлық кітап­тарымен және олар­дың электронды нұс­қаларымен байыттық. Мария Шоқай жарын есте қалдырудың жолын ойлап, талай толғаныстан кейін амалсыз қолына қалам ұстады. Әншілік қабілетке қанат бітірген жадының мықты­лығы көмекке келді. Жарының есте қалған бұрын-соңды айтқан әңгімелерін, жазған­дары жайымен қағаз бетіне түсе бастады. Осылай «Оқырмандардың бұл шығарма­ның әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп басталатын, кейін «Менің Мұстафам» деп аталып кеткен естелікті жазуға кіріседі. Қарапайым өмірбаяны да жазылмаған Мұстафа Шоқайдың сонау 1890 жылғы 25 желтоқсанда дүниеге келгенінен бастап, ата-баба шежіресі, өскен ортасы, Ташкент ерлер гимназиясында оқуы, осында алғаш қоғамдық-әлеуметтік өмірді тануы, Пе­тербург университетінің заң факультетінде оқуымен қатар саясатпен айналысуы, саяси қайраткер болып қалыптасуы, оның елдегі саяси қызметінің асқар шыңы болған Түркістан Мұқтариятының орнауы мен жойылуы, одан кейінгі Екатерин­бургтегі құрылтай жиналысына қатысуы, Челябинскідегі оқиғадан соң екеуі Таш­кенттен шыққаннан соң бір жыл өткенде 1919 жылғы 1 мамырда Тифлис вокзалында жолыққаны, одан Түркия арқылы Фран­цияға жеткені, Парижде 20 жылдан астам тұрғаны, жарының 1941 жылы дүние сал­ғаны, одан кейінгі өмірі баяндалады. Өзі­нің бар қабілеті мен рухани мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, ешбір қоспасыз өзі таныған жа­рының бар болмысын шынайы суреттеп шыққанына таңғалмау, ерекше риза бол­мау мүмкін емес. Сөйтіп, автор ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 75 жасында соңғы нүктесін қой­ған естелік кітап 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұстафа Шоқайдың шәкірттері, профессор Әбдуа­қап Оқтай мен оның жұбайы Саида Оқ­тайға жіберіледі. Содан бұл еңбек 1972 жылы Мұстафаның дүниеден өткеніне 30 жыл қарсаңында Ыстанбұлда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166-бет) деген атпен кешегі «Яш Түркістан» журна­лын­да жауапты шығарушы болып 10 жыл қызмет еткен Тахир Шағатайдың аудар­масымен түрік тілінде жарық көреді. 1997 жылы Ыстанбұлда «Мұстафа Шоқай. Ма­рия Шоқай. Естеліктер» деген атпен қазақ тілінде шыққан кітаптың бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естелік­терінен үзінділер» атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде «Мұстафа Шоқай туралы естеліктер» жарияланады. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болған көрінеді. Шағатай тілінде жазылған естелік алғаш қазақ тіліне аударылып, 1999 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығар­маларының екі томдық жинағына енді. Оны екінші рет 2000 жылы Ыстанбұлда «Тұран» мәдениет қоры жеке кітап етіп бастырды. Бұл «Менің Мұстафам» деген атпен 2007 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан үш томдық шығармалар жинағы­ның соңғы томына кірген болатын. Мұстафа Шоқай туралы нақты мол мәліметтерге толы бұл еңбек мұстафатану ғылымына қосылған баға жетпес алғаш туынды. Соңғы жарты ғасырдан астам уақыт Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен шығармашылық мұрасын танығысы, білгісі келген кез келген тарихшы не сая­саткер ғалым болмаса зерттеуші алғашқы қадамын осыдан бастайды, өйткені бұл еңбекке соқпай, рухани қуат алмай, Мұс­тафа Шоқайдың өмір деректеріне қанықпай, тұрлаулы туынды жазу қиын. Ері қайтқан соң да ширек ғасырдан астам уақыт жалғыздықтың азабын тартса да, Мария Шоқай жарына деген ыстық ықыласын түркістандықтарға ауыстырады. Мұстафаның жары деп оған соғуды өздерінің парызы санағандарға қолынан келгенін аямайды. Оның жалғыз қалғанына күйзелісін танытып, алыстан хат жаз­ғандар аз болмаған сияқты. Оған кейбір мұсылман қашқындардың Мысырдан хат жаздары дәлел бола алады. Бір сөзбен айтқанда, түркістандықтар оны аналарын­дай, өздерін соның балаларындай сезінген. Мысалы, қазақтың тұңғыш скрипкашысы болған Әлім Алматты (шын есімі Ғалымжан Әбсәламов) Мария Яковлевна Шоқай алмандарға: «Бұл Мұстафа Шоқайдың жиені екен, Әлімді маған қиыңдар, менің қолымда тұрып маған тірек болсын» деп олардың бақылауынан шығарады. Фран­ция консулдығына хат жазып, 1948 жылы ол Францияға виза алып, 2 жыл Париж консерваториясының скрипка бөлімінде оқиды. Сонымен Әлім Алмат түрік кон­сулдығынан азаматтығы жөнінде қағазын алғанша, шамасы, екі жылдай 1948-1950 жылдары Ножан қаласында Мария Яков­левнаның қолында тұрады. Ал 1950 жыл­дың күзінде Ыстанбұлға қоныс аударғанда оған Мұстафа Шоқайдың жазу машин­касын басқа да заттармен қоса еліне аманат етіп тапсырады. Қазір бұл баға жетпес жә­ді­гер Астанадағы №51 Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-гимназияның музейінде тұр. Мария Шоқай әуелгі кезде сахнаға шығып, концерттер беріп және де орыс эмигранттарының балаларына орыс тілінен сабақ беріп, күн көрді. Ал өмірінің соңғы кездерін қарттар үйінде өткізеді. Оған барар алдында өзінің бар байлығы пианиносын сатып, Берлиндегі түрік мұсылман (Осман) зиратында жерленген Мұстафа Шоқай бейітіне бейнесімен ескерткіш орнатады. Онда Мария Яков­левнаның өсиетімен қайтыс болған күннің астындағы құлпытаста үш латын әрпі мен төрт сан бар: JOH.15.13. Олар Джон Ин­жилінің он бесінші тарауының он үшінші тармағын көрсетеді, онда:«Достар үшін жанын берген адамнан артық махаббат жоқ» деген сөздер бар. Біздер Парижге сапар барысында Ма­рия Шоқай 1965 жылы өзіне де мәңгілікке орын дайындаған қорымға барып, бейі­тінде болып, тиісті рәсімдерді жасадық. 28 жыл жал­ғыз өмір сүрудің бар қиыншылы­ғын көргені, бірақ бұл дүниеден 1969 жылы аттанғанша «менің Мұстафам» деп кеткен асыл жанның соңғы өмірі бізді толғандыр­май тұрмады. Өзін көрмесек те, ол кісі ту­ра­­лы оқығандарымыз еске түсіп, көкейде тұ­рақтаған сезім жандана түсті. Шіркін, ке­шегі қатыгез заман жарынан 28 жыл кейін қайтқан Мария Шоқайға елдегілердің ат басын бұрғызбады. Әйтпесе, ол қи­налғанда қол ұшын беретін жандар табылатын еді ғой деп толғандық. Осындай асыл жандарға тағдыр неге сонша қиын­шылықты үйіп-тө­гіп берді деп тебірендік. Ендігі жалғыз амал Мария Шоқайдың ұлы тұлғаға жасаған тең­десі жоқ қызметін халық арасында кеңі­нен насихаттаудан басқа амал жоғын түсіндік. Сонау 1918 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдауы да, іздеуі де әсте қате болған жоқ. Ұлы тұлға жаңылыспаған. Сол жылдың сәуірінде Ташкентке келген Шоқайдың үлкен ұлы Сыздық інісінің үстелі үстіндегі Мария Горинаның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі құптаған соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Қос арыстың қиыншылыққа толы бар өмірі бұл сөзді толық дәлелдеп шықты. Жарына жарты ғасырдан астам өмірін арнаған, қолынан келгенінше бар қызметін жасаған мұндай асыл жан Мария Шоқай туралы ойымды Бернард Шоу айтқан: «Әрбір ұлы ер адамның артында әрқашан оған сенетін әйел болады» деген сөздермен байыта түскім келеді. Мұсылман қауымы­ның ішінде әйел баласын ерекше қадірлеп, қастерлегеннің бірі ғана емес, бірегейі қазақ болар деймін. Дана халқымның «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас» деген сөзі де көкейге оралып тұр.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы