Гинеколог жол-көлік апатынан айдалада екі сағат далада жатып қалған адамды құтқарды
Гинеколог жол-көлік апатынан айдалада екі сағат далада жатып қалған адамды құтқарды
287
оқылды
Балқаш қаласында акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін жас маман көлік апатына түсіп, екі сағат далада жатып қалған адамды құтқарды. Түн мезгілінде Балқаш қаласынан 150 шақырым жерде Камаз көлігі жолдан ауып кетіп, жүргізушісі алдыңғы әйнектен ұшып кеткен. Елді мекендер алыс болғандықтан зардап шеккен адам қардың үстінде екі сағат жатып қалады. Жүргізушіні Қарағандыдан қайтып келе жатқан жедел жәрдем қызметкерлері байқап, алғашқы көмек көрсеткен.
– Біз Қарағандыға 21.00-де жүкті әйелді алып келдік. Қарағандыдан түнде 22.00-де қайта Балқашқа қарай жол тарттық. Жолда жол апатын көрдік, оқиға орнына Апаттар медицинасы трассалық-құтқару пунктінің бригадасы келіп жеткен. Біз тоқтап, көмек керек пе деп сұрадық. Олар қосымша көмек қажет емес деді. Біз жүргізушімен бірге машинамызға отырып, әрі қарай жүрдік. 2 шақырым өткен соң екінші жол-көлік оқиғасын байқадық. Мен машинадан жүгіріп шығып, оқиға орнына барғанымда, куәгерлер ер адам қиналып жатқанын айтты. Зардап шегушіге жақындап қарағанымда, оның аяғы қайырылып жатқанын байқадым. Тексеру кезінде екі аяғында ашық сынық бар екені анықталды. Біз жүргізушімен зардап шеккенді зембілге салып алып, машинада оған алғашқы көмек көрсеттік. Зардап шегушіге ауырсынуды басатын препаратты инъекция жасадым. Оны жылыту үшін көрпемен орап тастадық. Содан кейін Балқаштағы орталық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдадық. Оны ауруханаға алып келдік. Әрі қарай біздің дәрігер-травматологтар оны тексеріп, медициналық көмек көрсетті, – дейді Заңғар Естаев.
Зардап шегушінің екі сан сүйегі сынған. Қазіргі таңда жағдайы қалыпты. Әрі қарай медициналық көмек көрсету үшін санитарлық авиацияның көмегімен Қарағандыға профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы клиникаға жеткізбек. Заңғар Естаев – Алматы қаласының Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің 3-курс студенті. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Балқаш орталық ауруханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істейді,-деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы