Сайда саны, құмда ізі жоқ
Сайда саны, құмда ізі жоқ
684
оқылды
Тұрғындарды жұмыспен қамтумен айналысатын жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеріс жүргізген Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы бірқатар заңсыздықтың бетін ашты. Бірақ жұмыспен қамту орталықтары мұнымен келіспей отыр. Елімізде жұмыспен қамту орта­лықтары 2011 жылы құрылған бо­латын. Бүгінде олардың саны 200-ден асты. Бұл орталықтар азамат­тарды жұмыспен қамтуға жәр­дем­деседі және жұмыссыздықтан әлеу­меттік қорғауды ұйымдастырады. Сондай-ақ жұмыссыздар мен жұ­мыс берушілер арасында дәнекер болады. Жұмыспен қамту орталық­тарының барлық қызметі тегін. Олар мемлекет қаржысы есебінен жұмыс берушінің талаптарына сай қызметкерлерді кәсіби іріктейді, өзара сұхбаттасуын ұйымдастырады, тіпті жұмыс берушінің тапсырысы бойынша әлеуетті жұмыскерлерге қысқамерзімді оқыту курстарын да ұйымдастырады. Бұдан басқа, жұ­мыспен қамту орталықтарына уа­қыт­ша жұмыс орындарын құру үшін мемлекет тарапынан субсидиялар да бөлінеді. Солтүстік Қазақстан облысында осы қаржыға қатысты былық-шы­лықтың беті ашылды. Атап айтқан­да, қысқамерзімді оқыту курстарын ұйымдастыруға келгенде орталық қызметкерлері жолдан тайған. Мә­селен, курста оқуды бастап, орта жолда тастап кеткендерге қыруар қаржы жұмсалған. Керісінше, он­сыз да жұмыс істеп жүрген адамдар оқытылған. Мәселен, Айыртау ау­да­нындағы серіктестіктердің бірінің жұмысшысы үш ай бойы аспаз ма­мандығы бойынша оқыған. Бұдан басқа, тағы 9 адам мұндай курстарға мұқтаж болмағаны анықталды. Айта кету керек, оқыған 9 адамның ал­тауы жұмысқа орналастырылмаған. Тағы бір өрескел заңбұзушылық: тракторшы мамандығы бойынша оқыған ер адам құжат бойынша бір серіктестікке жұмысқа орналас­тырылды делінгенмен, Жамбыл ау­дандық сотының үкімімен ол қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылып, бас бостандығы шектелген болып шықты. «Яғни, оқыту ресми түрде ғана ұйымдастырылады, адамдарды жұ­мысқа орналастырып, түпкі мақ­сатқа жету көзделмейді. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін жұмыспен қамту орталықтары өті­нім берген жұмыс берушілермен бірлесіп жалған құжаттар жасайды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының статистикалық дерек­те­ріне сәйкес, 2021 жылы жұмыссыз ретінде 3 029 адам тіркелді, мем­лекеттік бағдарламалар шеңберінде 14 140 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді. Сол сияқты 2022 жылы жұмыссыз ретінде тіркелген 4 167 азаматтың 12 223-і жұмысқа орналастырылған. Жергілікті атқарушы органдар қа­былдаған шараларға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысында жұ­мыссыздық деңгейі соңғы бір­неше жылда 4,8 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр. Жұмыспен қамту орталықтарының қызметін тексеру нәтижелері бұл статис­ти­каның ойдан шығарылғанын көр­сетті», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бас­қарма басшысы Жасұлан Смағұлов. Сондай-ақ кейбір адамдардың жұмысқа орналасқаны расталмады. Шын мәнісінде, олар жұмыс орын­дарында болмай шыққан. Анықтай келсе, кейбіреулері тіпті жұмыс іс­темеген немесе 1-2 күн ғана жұ­мыс­қа келіпті. Кейбір кәсіпорындарда бұрыннан жұмыс істеп жатқан адам­ның құжаттары жұмыспен қам­ту орталығы арқылы енді ғана ор­на­ласқандай етіп көрсетілген. Әсіресе, әлеуметтік жұмыс орындарына ор­наластыруда заңбұзушылық көп. Мәселен, Ғабит Мүсірепов ауда­нында жеке кәсіпкерлікте соңғы екі жыл бойы жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген адам қайтадан жұмысқа қабылданған. Яғни, жұмыс беруші оның еңбекақысына төленетін субсидияға қызығып, оны әлеумет­тік жұмыс орнына қайта қабылдаған. Мұндай жағдай Есіл ауданында да кезікті. Кей жұмыс берушілердің зейнетақы төлемдерін төлемегені де анықталды. Бағдарлама талапта­рына сәйкес келмейтін жұмыс беру­шілер де кезігеді. Сонымен қатар қанша адам қол жеткізе алмай жүргенімен, бизнес-бастамаларды қолдауға бөлінген мақсатты гранттар игерілмегені белгілі болды. Бұған қоса, жұмыспен қамту бағдарламаларына жосықсыз қаты­сушыларға қатысты наразылық жұмыстарын жүргізудің орнына жұ­мыспен қамту орталықтары әре­кетсіздік танытқаны тіркелді. «Тексеру нәтижелері бойынша жұмыспен қамту орталықтарының басшыларын қатаң тәртіптік жауап­кершілікке тарту және мемлекеттік бюджетке 38 миллион теңге қар­жыны өтеу туралы мәселе қойылып, заңбұзушылықтарды жою туралы қадағалау актілері енгізілді» деп хабарлады облыстық прокурату­раның баспасөз қызметі. Ережеге өзгеріс енгізу қажет Бірақ Петропавл қалалық жұ­мыспен қамту орталығының бас­шылығы мұнымен келіспек емес. Олардың айтуынша, қол­дарында қандай да бір әрекет ету тетігі жоқ. Әрі былтырдан бастап жұ­мыстың бәрі онлайн жүйеге ауыс­тырылған. Яғни, жұмыс іздеу­шілер мен курста оқитындар орта­лыққа келіп, уақыт жоғалтпайды. Құжаттарының, есеп­терінің барлы­ғын сайтқа онлайн жүктейді. Жұмыс берушінің бұй­ры­ғы болса, орталық жұмыссызға сол мекемеге жолдама ұсынады. Ал шын мәнісінде жұмыс істеп жүр ме, жоқ па, оны тек зей­нетақы тө­лем­дерінің түсімі арқылы бақылауға болады. Орталыққа негізінен мони­то­ринг жүргізу міндеті жүктелген. Ал оның аясында қандай шаралар қарастырылғаны еш жерде жазыл­маған. Мониторинг онлайн да бо­луы мүмкін. Біз бұл жұмысты орта­лық 3 ай бойы атқарамыз. Зейнетақы жарналары түсіп жатыр ма, жоқ па, бақылауда ұстаймыз. Ал жұмысқа орналастырылған адамның үйіне, не жұмыс орнына барып тексеруге құқығы жоқ. Ол үшін учаскелік по­лиция инспекторын, не басқа да лауазым иелерінің қатысуы керек. Ал оған негіздеме болуы тиіс. Ор­талық қызметкерлері барса, тексер­ген адамдарымыз бізді сотқа беруі де мүмкін. Қысқасы, жұмыспен қам­ту орталықтарының міндеті көп, бірақ қолында билігі жоқ. Оның үстіне, жұмыспен қамту орталығына жүгінетін адамдар не­гізінен халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарынан. Олардың психо­ло­гия­сы да белгілі бір қиындық туғызады. Басым бөлігі ресми түрде және та­ңертеңнен кешке дейін жұмыс іс­теуге бойы үйренбеген. Көбіне бел­­гілі бір жұмыс атқарып, сол үшін ақы алуға үйренген. Сондықтан кей­бі­реулері орталық арқылы орналасқан жұмысқа 1-2 күн, тіпті кейде 1-2 са­ғатқа ғана келіп, кетіп қалатын көрінеді. Одан соң мұ­ны­сына әр­түрлі сылтау іздейтіндері бар. Орталықтағылар былтыр осын­дай 40 шақты адамнан мемлекетке келтірілген шығын қайтарылғанын айтты. Биыл да орталық оларды сот­қа беру арқылы шығынның ор­нын жабуға ниетті. Жалпы, бүгінде жұмыспен қам­ту орталықтары «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы» ережеге тиісті өзгерістер енгізілгенін қалайды. Қатаң жазаға тоқтам бола ма? Бұл жайт белгілі болғалы солтүс­тікқазақстандықтар арасында осы тақырып қызу талқылану үстінде. Олардың көпшілігі, әсіресе тәртіп­тік жауапкершілік қана қарас­тырылғанына наразы. «38 миллион теңге қаржыны қымқырғаны үшін құр тәртіптік жауапкершілікке ғана тартылып қойғаны дұрыс емес деп санаймын. Жегендерін желкесінен шығару керек. Бұл үшін неліктен түрмеге тоғытпасқа?! Дүние-мүлкін тәркілесе де артықтық етпейді. Бұлардың жемсаулары қашан толады? Қашан тәртіп орнайды? Еңбекақысын алып отыр ғой, бұған қоса оларға халықтың қаржысын жеу керек», – дейді петропавлдық Айман Өстемірова. Облыс тұрғыны Мағжан Бө­лек­баев жұмысқа орналастырыл­ғанда» мен «оқытылғандардың» шы­ғында­рын тексеру туралы ұсы­ныс жасап отыр. «Сонда тәртіптік емес, қыл­мыс­тық жазаға тартуға бо­латын фак­тілер де анықталып қалар. Сондай-ақ жалған құжаттар мен әлеуметтік төлемдер алып отыр­ғандарды да бір тексеру керек. Қан­шама сора­қы­лықтың беті ашы­лып жатқанымен, кінәлі адамдар жоқ», – дейді ол. Екатерина Земенкова атты тұр­ғын тіпті кінәлілердің және про­ку­рордың актісін орындайтын адам­дардың аты-жөнін талап етіп жатыр. «Бүгінде біреудің велосипедін ұрлаған адам түрмеде шіруі мүмкін. Ал вагон­дап ұрлап, түйені түгімен жұтқандар үсті-басын қағады да, ары қарай ұр­лық-қарлық жасай береді. Кішігірім ұрлық жасағаннан гөрі вагондап ұрлаған қауіпсіз бе деп қаласың кейде. Сыбайластардың аты-жөнін атауға не кедергі? Әлде тым атақты адамдар болғандықтан, жасырып отыр ма? Басқа қызметке ауысып кеткен де шығар. Қарапа­йым адамдар болса, баяғыда темір тордың арғы жағына тоғытылар еді», – дейді ол. Солтүстікқазақстандық Татьяна Верховская соңғы кезде өңірде сы­байлас жемқорлық деректерінің беті көптеп ашылып жатқанына таңда­нысын жасырмады. Оның ойынша, тексерілетін сала әлі де жетерлік. «Менің таңғалатыным – 30 жыл бойы ешкімнің ештеңеде шаруасы болмағандай. Сыбайлас жемқорлық схемалары ешкім үшін де құпия емес. Солардың арқасында бюджет қаржысы оңды-солы шашылып жатса да, оған ешкім назар аударған жоқ. Мұның бәрін халық бұрыннан білсе де, үндемей келді. Енді кенет­тен прокуратура мен антикор білек сыбанып іске кіріскені, әрине қуан­тады. Тек бұл жұмыс нәтижелі бол­ғай деп тілейік. Меніңше, осы ор­гандардың өздерін тексерушілер керек!», – дейді ол. Кейбіреулердің айтуынша, жұ­мыспен қамту саласында бұрыннан қалыптасқан схема бар көрінеді. Мәселен, өз таныстарын жалған жұмысқа кіргізіп немесе «оқытып», қаржыны иемденуі мүмкін. Сондықтан мұндай жаңалыққа таңғалудан қалғандар да бар. Олар мемлекеттік органдардың барлығы дерлік жемқор деген пікірде. Бірақ шенеуніктердің барлығын жемқор деп санауға болмайтынын айтып, кінәсіз адамдарды қараламауға шақырушылар да кездеседі.

Солтүстік Қазақстан облысы