Алматы жылу желілерінің бас директоры мен басқа да басшылары жемқорлық үшін сотталды. Бұл туралы Aikyn.kzСыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін сотталып, жазасын өтеу үшін:
– «Алматы жылу желілері» ЖШС (бұдан әрі – АЖЖ) бас директоры К. Бейсенбинов 560 млн теңге сомасындағы айыппұл;
– АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетов 560 млн теңге айыппұл;
– АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаев 560 млн теңге айыппұл төлейді.
Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн теңге айыппұл төлеуі тиіс.
Олар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы – 2 млрд 80 млн теңге. Бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең.
АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенді.
ҚК 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.