Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің артынан көне Тараз қаласы үшін көп құндылық қалды. Жаңаша жаңғырған шаһардағы шығыстық сәулет үлгісіндегі ғимараттар бүгінде көз сүйсінтеді. Алайда бірер күннен бері Мырзахметов орнатқан осы нысандарға жау тиді.
Осы апта басында ең алдымен Сүлейменов көшесінің бойындағы Жастар аллеясындағы сағат ғайыптан жоғалып кетті. Күнделікті жұмысқа бара жатқанда көпшіліктің көзі түсетін сағаттан көз жазып қалған жұртшылық әлеуметтік желіде шулай кетті. Ал бүгін «Көне Тараз» тарихи және этномәдени кешеніндегі «Сағат» стелласының тілі тоқтап қалды. Бір аптада сағаттарға қайда жау тигенін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігіне хабарластық. Ондағылардың сөзіне сүйенсек, Жастар аллеясындағы сағат қатты жел тұрған кезде ұшып кетіпті. Содан сағат қазір жөндеуде екен. Көп ұзамай орнына қойылатын көрінеді. Ал «Көне Тараз» кешеніндегі сағаттың тоқтап қалуына техникалық жағдай себеп екен. «Бұл мәселеге қазір арнайы мамандар жұмылдырылуда. Бүгін түс ауа сағатты жөндегендей болып еді, алайда төрт бұрышындағы сағат төрт түрлі уақытты көрсетіп кетті. Сондықтан жіті тексерудеміз», – дейді әкімдіктегілер.
Тараздың «Биг-Бенніне» баланып кеткен сағаттың толықтай жөнделгені дұрыс, әрине. Сондай-ақ Жастар аллеясындағы сағат та өз тұғырына жақын арада қонса игі. Одан бөлек осы нысандарды белгілі бір мекеменің балансына беру қажет сияқты. Әйтпесе, күні ертең құнды бұйымдар қирап жатса, оның жауапкершілігін кімнен сұрап жатпақпыз?
Саятхан Сатылған,Жамбыл облысы