Ғылымға мол қаржы бөлуді тапсырды
Ғылымға мол қаржы бөлуді тапсырды
5,308
оқылды
Мемлекет басшысы 26 ақпан күні Мем­лекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен Қазақстан Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевті қабылдады. Бұл туралы Ақор­даның баспасөз қызметі хабарлады. А.Аймағамбетов Президентке білім және ғылым саласының қазіргі ахуалы жайында баян­дады. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру­дің сапасын одан әрі арттыру, қала мен ауыл мектеп­теріндегі білім сапасының деңгейін сәйкестендіру қажетіне баса мән берді. Сонымен қатар балаларға қосымша білім беру шараларын көбейтудің, мек­тептерде тәрбие жұмыстарын белсенді жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы облыс әкімдерімен бір­лесіп апатты және үш ауысымдағы мектептердің проблемасын шешу, білім беру ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу керек екенін айтты. Сондай-ақ Президент ғылым саласын қар­жы­ландыру және басқару жүйесін жаңғырту шараларын қабылдауды, ғылымға бөлінетін қаржы көлемін көбейтуді, ғылыми кадрларды дайындаудың тиімділігін арттыруды тапсырды. Ал С.Мыңбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы­ның 2019 жылғы жұмысының қорытындылары және теміржол саласын дамыту перспективалары жайында баяндады. Сонымен қатар Қазақстан Президентіне компания жұмысына қатысты кейбір заңнамалық және реттеу аспектілеріне қа­тысты мәлімет берді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сауат Мыңбаевқа жүк тасымалының көлемін ұлғайту, контейнерлік транзит, отандық тауарлардың үлесін көбейту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру секілді бірқатар нақты тапсырма берді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі журналист Михаил Дорофеев Мемлекет басшысына отандық ақпарат кеңістігіндегі ахуал жөнінде ой-пікірін айтты. Сонымен қатар әңгімелесу барысында бұқара­лық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ журналистердің құқығын қорғауға қатысты мәсе­лелер сөз болды. Михаил Дорофеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа медиа-қоғамдастықтың атынан Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабын қыл­мыс­тық деп танымау жөнінде шешім қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Қазақстан Президенті телевизиядағы сапалы контентті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан отандық БАҚ-қа қолдау көрсетіле беретінін айтты.