«AMANAT»: Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі
«AMANAT»: Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі
411
оқылды
«AMANAT»  ұйымының сайлауалды партиялық тізімі бойынша ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына БҚО-дан ұсынылған кандидат Снежанна Имашева және облыстық мәслихатқа үміткер Софья Ізмұханбетова Оралдағы мәдениет майталмандарымен жүздесті. Жиында штаб мүшелері партияның сайлауалды бесжылдық бағдарламасында мәдениет саласына көңіл бөлінгенін атап өтті. Бұл аралықта БҚО-ның Тасқала ауылында мұражай және мәдени-сауықтыру кешені,  Шөптікөл мен Қайыңды ауылдарында мәдениет үйлері, Хан Ордасы ауылында туристерге арналған орталық бой көтермек. Тағы 35 мәдени нысан күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның екеуі – Орал қаласында. Дөңгелек үстелде мәдениет майталмандары өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Күйші Ермек Қазиев өңірде көрнекті тұлғалардың мерейтойларын атап өтуге бюджеттен қаражат бөлінбей қалып жататынын жеткізді.
– Мәдениет саласына көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Мерейтойларды атап өтуге қаражат бөліне бермейді. Бөлінген күннің өзінде жеткілікті мөлшерде емес. Сәйкесінше шаралар ауқымды деңгейде өтпейді, – дейді ол.
Ал дәстүрлі ән орындаушы Ернар Өмірәлі облыстық филармонияның мәртебесін көтеруді ұсынды.
 – Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға «Академия» мәртебесін беру қажет деп ойлаймын. Уақыты келді. Барлық критерийлері келіп тұр. Алайда ұсынысымыз мақұлданбай жатыр, – деді орындаушы.
 width= Кандидаттар бұл екі ұсынысты ескеретінін айтты. Олар көрнекті тұлғалардың мерейтойына арналған шараларды қаржылай қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті. Ал филармонияның мәртебесіне қатысты ұсынысты қайта қарауға күш салатынын жеткізді. Бұған дейін министрліктен келген жауаптар қайта сараланып, талаптары зерделенбек. Жиында кейін мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру жайы талқыланды.
 – Бізде мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы төмен. Жоғары санатты мамандардың өзі 150 мың теңгедей алады. Олар той-томалақ арқылы қосымша табыс тауып отыр. Ал оркестрде ойнайтын өнерпаздардың жағдайы тіптен қиын, – дейді әнші Марат Сарбупеев. – Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру назарда тұр. Партия бұл ұсынысты қолдайды. Жалақы жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп отырады. Мәдениет, мұрағат және кітапхана саласындағы ұжымдардың еңбекақысын арттырамыз, – деп жауап берді Снежанна Имашева.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.