Актер Азамат Сатыбалды әлеуметтік желіде видео жариялап, оқырмандарын ойландырып қойды, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол ақын Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрімнің сөздерінен мысал келтіріп, жастарды толық адам болуға ұмтылуға шақырған. Сонымен қатар өмір өткінші екенін естен шығармауға, жылтыр дүниеге қызығып, уақытты босқа өткізбеу керегін айтқан.
«Жыртық киім ішінде жаны жайсаң адам бар. Бүтін киім ішінде неше түрлі надан бар. Сыртын емес сондықтан, ішін ашып қараңдар. Жылтыраққа қызықсаң, адасасың адамдар». Біз қазір уақытша жылтыраққа қызығып, көп нәрседен құр қалып жатырмыз. Мұхтар Әуезов «Еккенің тікен болса, орарың балауса болмас» дейді. Бүгін не ексек, ертең соны аламыз. Сондықтан хакім Абайдың толық адам бейнесіне ұмтылуымыз керек. Ол деген не? Арды аттамай, қазір жеп қалсам, ұрлап қалсам, тойып қалсам деген нәрсемен өмір сүрмеу керек. Өйткені бүгін харам дүниемен қарныңды тойдырсаң, біраз уақыттан кейін соны құсасың. Өмір өткінші, ештеңе алып кетпейсің. Шәкәрімнен артық кім айтқан? Шаранамен туып ең, Бөз оранып өтесің. Бір сағымды қуып ең, Қай уақытта жетесің. Қанша дәулет жиып ең, Бәрі қалды нетесің? Мал үшін жан қиып ең. Қайтіп алып кетесің? Бізге осыдан артық қандай сабақ, қандай үлгі керек? Толық адам болайық... Адам кейіпте келу Алладан. Надан болып өмірден өту өзіңнен… », - дейді актер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
