Сенат сауда саласы бойынша жеке парламенттік тыңдау өткізбек ниетте. Әзірге осы жұмада агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыға салынатын осындай жиын ұйымдастырылады. Палата Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауларға дайындық аясында сауда алаңдары мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың және нарық нысандарының өкілдерімен кездесті.
Д.Назарбаева алдыңғы жүздесулерде отандық өндірушілер сауда орталықтарында орынды жалға алу құнының қымбат екеніне шағымданып, оны негізгі проблемалардың бірі деп атағанын еске салды.
Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы жергілікті өндірушілерге арналған сауда саясатының шаралары туралы хабардар етті. Мысалы, Қазақстанда жасалған тауарлар сауда залында қолжетімді жерлерге орналастырылуы тиіс. Сауда орындарына олардан ретро-бонустар талап етуіне тыйым салынды. Сөрелердің кемінде 30%-ын отандық азық-түлік тауарларына бөлу міндет.
– Агро-логистикалық орталықтар, көтерме-тарату орталықтарын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Нәтижесінде, бүкіл елімізде дайындау және өткізудің кеңауқымды жаңа жүйесі құрылады, – деді ол.
Қазақстан минимаркеттер қауымдастығының басшысы Бауыржан Нұркенов «азық-түлік саласында көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары» дейді. Оның айтуынша, бұл проблеманы шешу үшін нарықтағы кішігірім қатысушылар кооперациялануы керек.
Сенатор Әли Бектаев әртүрлі сауда орындарында бір тауар бағасының 10%-дан 3 есеге дейінгі аралықта құбылатынына кейістік білдірді: «Базар – өнім арзан сатылатын орын дейтін едік. Талдап көрсек, жабдықталмаған базарлар мен коммуникациясы жақсы дамыған, жылыту, желдету, бақылау камералары бар сауда орталықтарын өзара салыстырғанда, бағасында айырмашылық жоқ болып шықты. Базарларда үстемеақы неге жоғары екенін зерделеу керек», – деді ол.
Дариға Назарбаева сауда алаңдарына қатысты өзекті мәселелерді талқылау осымен аяқталмағанын атап өтті: «Сауда бойынша жеке тыңдау өткізу керек, өйткені бұл бәрін қамтитын сала».
Сенат Төрағасы сауда әрдайым экономиканың маңызды секторы болып қала беретініне назар аударды: «Заманауи, өркениетті жағдайлар туғызудың арқасында тұтынушылардың отандық өнімді жақсы көруіне, сенуіне, дәріптеуіне қол жеткізе аламыз. Соның өзі ең жақсы имидж және жақсы атағы өнімдерімізге шетелде де жұмыс істейтін болады».
Палата басшысы жеңіл өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету үшін нысаналы бағдарлама болуы қажет екенін айтты: «Жеңіл өнеркәсіп жұмысшыны көп қажет ететін сала, бірақ оның ғылыми қажеттілігі де ауқымды. Оны табысты дамытқан көптеген ел ғылыми зерттеуден, жаңа мата мен тоқыма түрлерін әзірлеуден ақша аямайды. Осы жолдан өткен өзге елдер тәжірибесіне үңілген жөн», – деді ол.
Сенат Төрағасы жауапты комитеттерге кездесуге қатысушылар қозғаған проблемаларды зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.
Айхан ШӘРІП