Бағын банкроттықтан іздегендер...
Бағын банкроттықтан іздегендер...
© коллаж: Әсел Балтақызы
894
оқылды
Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тетігінің наурыз­да іске қосылуының символ­дық мағынасы бардай. Себебі әз-Нау­рызда жердің жүзі жа­ды­­райды, көктің қабағы ашылады. Ызғар­лы қыстың орнын шуақты көк­тем басып, тіршілік қайта түлейді, дүние жаңғы­рады. Сол сияқты жаңа тетік те адамдарға қордаланған қарыз бен қиыншылық ауыртпа­лығынан құтылып, жаңа өмір бастауына мүм­кін­­дік бермек. Осы арқылы билік азаматтардың даму әлеуетінің қайнар бұлағын ашып, жоқ-жітікке жәр­дем­деседі. Президенттік бастама наурыздың басты әлеуметтік жаңалығына айналып тұр. Миллион жанның үміт отын жақты Банкрот болғысы келетін аза­маттардан өтініш қабылдау 3 нау­рызда ғана басталды, жұрт ағылып жатыр. Елордалық Нұрлыбек И. кәсіп­керлікпен айналысып, VIP-кинозал ашады. Мамандандырылған қымбат құрылғылар, сәнді жиһаздар сатып алады. Нысанын кинотеатрларға арналған ең заманауи техникамен жарақтандырған. Әрі кинопрокат та қомақты қаржыны талап етеді. Басында ісі дөңгеленіп жүре берген. Попкорн шайнап, түтікшеден кола сорып, шыңғырып не шықылықтап күліп, мазаны кетіретін бөгде адам­дарсыз, отбасымен, жора-жолда­сымен, шағын ұжымымен кино көріп, рақаттануды қалағандардан ұзын кезек түзілген. Бірнеше аптаға алға оза жазылатын болған. Әп-әдемі бизнесті індет келіп, бүлдірді. 2020 жылы бас мемлекеттік санитар бірінші болып, барлық кинотеатрды жауып тастады. Кинотеатр жарты жылдан артық жабық тұрған соң ғимарат иесі босатуды талап еткен. Нұрлыбек жеке кәсіпкер бол­ғандықтан, заңды тұлғалардың бан­кроттығы рәсімін қолдана алмаған. Содан ол үш жылда қарызын қайта құрылымдауды сұрап, банкіне он рет жүгініпті. Банк бас тартқан.
«Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Үкімет жеке тұлға­лардың банкроттығына қатысты заңды әзірлеуге кіріскенде, үміт оты қайта тұтанғандай болды. Оның шарттарына толық сәйкес келемін. Бүгінде жұмыссызбын, сататын мүл­кім де қалмады. Баспананы банк алды. Бес миллиондай қарыз қалды. Онлайн режимде, электронды Үкімет порталы арқылы өтініш бе­ріп қойдым. Шешімді күтіп жүр­мін», – дейді кәсіпкер.
Бұл бастаманың өмірге жолдама алуын күткендер көп. Сарапшылар оны миллионнан астам адам пай­далануы мүмкін екенін айтады. Тек бір Алматыда 1 жылдан артық уақыттан бері қарызын өтемей отырған тұрғындардың саны 224 мыңнан асты. Мемлекеттік кірістер коми­тетінің дерегінше, тек бастапқы бір күнде банкрот атанғысы келген 2,5 мыңға жуық қазақстандық бан­кроттыққа өтінім берді.
«3 наурызда азаматтардан бан­кроттық туралы өтініш қабылдау басталды. Алғашқы күнгі сағат 16.00-дегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 1 469 өтініш келіп түсті. Оның ішінде eGov ар­қылы 1 399, ал e-Salyq Azamat ар­қы­лы 70 өтініш бар. Алғашқы өтініш электронды Үкімет порталы арқылы Жамбыл облысынан сағат 09.05-те келді», – деп хабарлады ведомство.
Ал сол күнгі кешкі сағат 21.00-дегі жағдай бойынша республика көлемінде 2 466 өтініш берілген. Алдын ала қорытынды апта соңында шығарылмақ. Әзірге демалыс және мереке күндеріне қарамастан, бұл көрсеткіш он мыңнан асып жығыл­ған көрінеді. Бұл уақытша науқан емес Қаржы министрлігінің Мемле­кеттік кірістер комитеті төрағасы­ның орынбасары Қайрат Миятов­тың мәліметінше, eGov.kz порта­лында, Salyq Azamat, eGov Mobile мо­бильді қосымшасында жеке тұл­ғалардың соттан тыс банкрот­тықты қолда­нуы үшін электронды арыз берудің жаңа қызметі енгізілді. Ау­мақтық мемлекеттік кірістер орган­дарына келіп түскен өті­ніш­тер «Ақ­параттық есепке алу орта­лығы» АҚ-ның Qoldau.kz веб-пор­та­лын­дағы бэк-жүйеде автоматты түрде өң­деледі. Бұл жүйе 30-дан астам мем­­лекеттік орган мен ұйым­ның де­ректер ба­заларымен инте­гра­цияланған. Форматтық-логикалық бақы­лауға құрылған скоринг жүргізу арқылы арыздарды өңдеу арқасында «адам фактор» толығымен жойы­лыпты. Яғни, бармақ басты, көз қыс­ты тірліктерге тосқауыл қо­йыл­ды. Мұның сыртында автоматты жүйе өтініштің қанағаттандырыл­ғаны немесе одан бас тартылғаны туралы SMS хабарламаны да өз бе­тінше азаматтарға жолдайды екен. Әрине, құлтемірдің аты құл­темір, ол аяушылық дегенді біл­мей­ді әрі бір құжаты дұрыс бол­маса, кері қайтарып тастауы мүм­кін. Бұл жағ­дайда не істеу керек?
«Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабар­ламаны алған жағдайда азамат бас тартуға себеп болған негіздер жо­йылғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейінгі күнтізбелік 3 айдан соң қайта жүгіне алады. Мүлкі бар болса немесе онысы осы аралықта пайда болса, онда аза­маттың төлем қабілеттілігін қалпы­на келтіру немесе сот арқылы бан­кроттау рәсімінің бірін қолдану үшін сотқа арыз беруге құқығы бар», – деді Қайрат Миятов.
Ол қазақстандықтар бан­крот­тыққа арызды eGov.kz порталында, eGov Mobile, Salyq Azamat қосым­шаларында электронды түрде бере алатынын еске салды. Сонымен бірге өтінішті қағаз түрінде өзі ұсы­нуы үшін халыққа қызмет көрсету орта­лығының бөлімшесіне барып жатқан халықтың легі де қалың көрінеді. Атап өтер жайт, ХҚКО маман­дары өтінішті тапсыруға жұбайын, баласын не таныстарын жіберген­дердің болғанын, оларды кері қай­таруға тура келгенін айтады. Себебі тәртіп бойынша банкроттыққа арызды банкрот болуға ниетті адам­ның өзі ғана бере алады.
«Банкрот болудан үмітті адам өзіне қатысты деректерді өңдеуге өзі рұқсат етуі керек. Банкрот ретінде өз мойнына бірқатар міндет пен шектеу алатынын растап, қол қоя­ды. Яғни, адам жауапты қадам жа­сап тұрғанын шын түсінуі және бұл процеске бастан-аяқ өзі қатысуы тиіс. Тағы бір ескертер жайт, аза­маттардан банкроттық туралы өті­ніштерді қабылдау – уақытша нау­қан емес, оның мерзімі шектел­ме­ген. Мұны біраз адам білмейтін бо­лып шықты. Бір әйел құжаттары­ңыз толық емес дегенге жылап жіберді. Халық мемлекеттік баспана алу, автокредит рәсімдеу сияқты шара­лардың мерзімі қатаң шек­телетініне қатты үйреніп қалған. Мына жағ­дай­да да қарыз кешіруге үлгеріп қа­ла­йық, сайлау біткен соң билік ние­ті­нен қайтып қалар деп алаңдаушылық білдіргендер бол­ды», – деді ХҚКО қызметкері Сал­танат Қайрақбай.
Ол мұның уақытша акция еме­сін, 2023 жылғы 3 наурызда «Аза­маттардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы күшіне енгенін, енді ол жылдар бойы жұмыс істеп, тө­лем қабілеттілігі нашарлаған қа­зақ­стандықтарға демеу болатынын нықтады. Қарыз бен парыз Мемлекеттік кірістер комитеті аза­маттарға банкроттыққа өтініш тап­сырар алдында келесі мәлімет­тер­ді тексеруге кеңес берді: бірін­ші­ден, банктер, микроқаржы ұйым­да­ры, коллекторлық агенттіктер ал­дындағы берешек 5,5 миллион тең­геден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Борыш сомасы асса, онда сот ар­қылы ғана банкрот бола алады. Не­месе төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру рә­сіміне жүгініп, сот арқылы қарыз­дарды 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Екіншіден, мүлікке, соның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығы болмауы керек: оны eGov.kz порталынан тексереді. Үшіншіден, өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мо­бильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу қажет. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өтесіз. Төртіншіден, арызға кредитор­мен: банкпен немесе микроқаржы ұйымымен арадағы қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі. Егер банк немесе МҚҰ ондай өтінішке жа­уап бермесе, оған өтініш жібер­геніңізді растайтын құжатты тір­ке­сеңіз, жетеді. Мысалы, өтініштің кө­шір­месі не өтініштің электронды пош­таға жіберілгені реттеу құжаты деп танылады. Егер қаржы ұйы­мы­нан те­ріс жауап келсе, оның реттеу­ден бас тарту туралы хатын қосқан жөн. Ал коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша реттеу құжаты қажет емес. Банкрот болғандарға нақты шектеулер қарастырылған: ол 5 жыл бойы жаңадан қарыз және несие ­ала алмайды. Тек ломбардтардан ­ми­кро­несие алу қалдырылыпты. 7 жыл­дан кейін ғана қайтадан бан­крот бола алады. Банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы оның қаржы жағ­дайына мониторинг жүргізіледі, картасына, есепшотына ақша түсуі бақыланады. Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитетінің Қа­рызбен жұмыс басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Меруерт Си­сем­баева «банкроттықтың» «кре­дитті кешіруден» сонысымен де ерек­шеленетінін айтты. Әрине, банкрот болған адамның кепілі мен мүлкі өтемеген барлық қарызы есептен шығарылады. Бұл жағынан қарызды кешіруге ұқсас, бірақ бан­крот адам өзіне әлгіндей шектеу­лерді қабылдайды. Егер ары қарай, үш жыл ішінде ауқаты түзелсе, тосыннан, мәселен, мұрагерлік жолмен қымбат мүлікке қол жеткізсе, онда кредиторлар сот арқылы одан өз қарызын өтеуді талап ете алады. Яғни, бұл тетікте қарыз бен парыз қатар ескерілген.
«Заңда банкрот болған адам 5 жыл бойы жаңа несие ала алмай­тыны жазылған. Бірақ ол мерзім одан да көп болуы мүмкін. Себебі несие беру туралы өтінішті мақұл­дайтын банк. Сондықтан олар ішкі ережелеріне сәйкес, банкрот бол­ғандарға 7 жыл өтпей, қарыз бер­меуі, қосымша талаптар қоюы мүм­кін. Ендеше бұл рәсімге азамат­тар жауапты қарағаны, оның сал­дары болатынын түсінгені маңыз­ды», – деді сарапшы.
Қалай болғанда, қарыз алдында қауқарсыз болып, оның құрды­мынан өз бетінше шыға алмаған азаматтарға мемлекет көмекке келіп, қол ұшын созып отыр. Ал әлгі шектеулер құтқарылған адамның артынша шыңырауға кері секірмеуі үшін жасалған.