Судья сергек болғаны жөн
Судья сергек болғаны жөн
303
оқылды
Судьяға екі жақ ұсынатын дәйектемелердің шын әл­де жалған екенін өз бетінше тексеру мүмкіндігі бе­ріл­мек. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс «Азаматтық процестік ко­декс­ке соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, ар­тық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы бұл құжат Елбасының және ел Президен­тінің сот шешімдері сапасын жақ­сарту тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанына назар аудартты.
– Ерекшелігі сол, заң жобасы азаматтық сот процесіндегі судья рөлінің парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Осы кезге дейін судья­лар іс қарау барысында бейта­раптық қағидатын басшылыққа алатын. Ал енді соттың процес­тегі белсенділігі күшейеді. Бұл тәсіл азаматтық сот өндірісінің үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес келеді, – деді Нұрлан Зай­роллаұлы.
Атап айтқанда, судьяға та­раптар алға тартқан айғақтардың, дәйектемелердің шынайылығы мен негізділігін тексеру бойынша шаралар қабылдау құқығы бе­ріледі. Судьяға тараптардың бі­рімен істің жағдаяттары туралы ақылдасуына, екі жақтың дә­лелдері мен ұстанымын нақтыла­уына, дәйектемелерді уақытылы және толыққанды жинауға жәрдемдесуіне рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, ол тараптарға тап­сырма бере алады, заңгерлік көмектің ақысын төлеуден және мүддесін ұсынумен байланысты шығынды өтеуден босата алады. Жұмыстың жаңа форматына судьялар сот өндірісінің оңтай­ландырылуына орай көшуде. Мысалға, жеңілдетілген өндіріс тәртібін қолдану аясы кеңейтілді: бұған дейін осы тәртіпте қарау­ға жеке тұлғалардың 200 АЕК ауқымындағы істері жатса, жаңа заң жобасы оны 1 000 АЕК-ке (2 млн 651 мың теңгеге) дейін арттырды. Заңды тұлғалар үшін 700 АЕК көлемінде шектеу болса, алда ол 2 000 АЕК-ке (5 млн 302 мың теңгеге) ұлғаймақ. Оның үстіне, бітімге келтіру рәсімдері, төрелік-арбитраж секілді дауды шешудің баламалы түрлері өрістеп, судьялардың жүктемесі жеңілдеді. Дегенмен судьялар корпу­сының жаңа белсенді рөлге да­йындығына депутаттар кү­мән­данды. Іс жағдаяттарын өз бетін­ше анықтаумен, айғақ жинаумен айналысуға біліктілігі, еңбек­қор­лығы жете ме? Тарап­тардың бірімен дәлелдерді жеке талқы­лау алдын ала ымыраласуға соқ­тырмай ма? Осыған байла­нысты Мәжіліс басшысы судья­ларды және азаматтарды өзге­рістерге дайындаудың маңызын атап өтті.
– Қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске сәйкес сот бейтарап болуы тиіс. Әрине, со­ған сай іс қарау кезіндегі мі­нез-құлықтың белгілі бір стереотипі қалыптасты. Бұл азаматтардың аяққа тапталған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру және қорғау бойынша сот төрелігінің басты міндетін орындауды қиында­тады. Ендеше Жоғарғы сот тек осы стереотипті ғана емес, судья­лардың психо­логиясын да өзгерту шараларын қабылдауы қажет, – деген Нұр­лан Нығма­тулин заманауи билердің жаңа өкілеттігін тиімді және білікті пайдалана білу керегіне екпін түсірді. Бұл үшін Жоғарғы сот төменгі сот­тарға жаңа сот тәжірибесі мә­селелері бойынша жан-жақты түсініктеме тарат­қаны жөн.
  Елдос СЕНБАЙ