Бүгін – Көрісу күні! Ел арасында Амал мерекесі деп атайды. Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Жасқайрат Ерназаровтың айтуынша, Көрісу мерекесінің тарихы зерттеуді қажет етеді. Этнограф-ғалым "ҚазАқпаратқа" берген сұхбатында мерекенің тарихына қатысты бірнеше болжам барын алға тартады. Оның айтуынша, Көрісу мейрамы – географиялық таралу аймағы, негізінен Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтар арасында сақталған ежелгі дәстүр. Бүгінде Көрісу күні қай жақтан келді немесе қайдан шықты деген мәселе бойынша тарихшылар, этнографтар, мәдениеттанушылар арасында бірауыздан қабылданған ортақ пікір жоқ. Сондықтан бұл дәстүрдің генезисі тұрғысынан егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Біріншіден, кейбіреулер наурыз айының басында бұрын да тойланған, Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Яғни, Кеңес үкіметінің Халық комиссарлары кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес үкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізіп, екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Бірқатар респонденттер осы оқиғамен байланыстырады. Екіншілері ежелден келе жатқан дәстүр екенін баса айтып, Көрісу күндерінде рулық бөлімдер арасында да айырмашылықтары бар екеніне назар аударады. Былайша айтқанда, ру бөлімдерінің қоныстану ерекшеліктеріне, яғни географиялық жағдайына қатысты, қар кетіп, көктем келу мерзімімен сабақтастырады. Үшіншілері бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр деп болжамдайды. Мысалы, археолог-ғалым Андрей Астафьев Маңғыстау өлкесінің тарихын зерттей келе, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тува халықтарынан бастау алады дейді. Адай руының аңыздарына сүйене отырып, Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне олар шығыстан келгенде, өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген деп тұжырымдайды. Бірақ менің ойымша, бұл жайт бүкіл Көрісу дәстүрінің Батыс Қазақстан аймағына таралуын толықтай түсіндірмейді. Тағы бір пікір бар екенін айта кетейік, айлардың арабша атаулары: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Әр айдың басталуы 14-інен болғандықтан, 14 наурыз айдың бір бастамасы, яғни амал айы туады, демек жыл басы деп есептеледі. Ғалымның пайымдауынша, Көрісу мерекесі бүгінде батыстан өзге өңірлерде де аталып өтіп, ел арасында он шақты күн тойланады. «Бұл дәстүр Кеңес үкіметі тұсында да ұмытылған жоқ. Көрісу мерекесі Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында, Ресейдің көршілес Орынбор, Саратов, Самара, Астрахан өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Көрісу мерекесін Амал мерекесі деп те атайды. 14 наурыз күні басталып, бір ай бойы жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп, бүкіл елімізге таралып келеді. Бұған бұл дәстүр семантикасының, яғни ішкі мән-мағынасының қазақи болмысына, менталитетіне жақын болуында деп есептеймін. Себебі бұл мейрам – ауызбіршілік, кішіпейілділік, татулық, бауырмалдық, ізеттілік, мейірімділік пен қайырымдылыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі. Енді Көрісу күні мен Наурызды ажырата қарайық деген де пікір бар. Бұл жайында ұлт болып бір тоқтамға келгенше, көктемнің басын көрісуден бастағанның артығы жоқ шығар. Бізге наурыздың 14-ін Көрісу күні, 22-сін жыл басы ретінде тойлай беруге де болады», – дейді ғалым.