Әлеуметтік қорғауды нығайту маңызды
Әлеуметтік қорғауды нығайту маңызды
323
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшім­­­баев­тың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда се­на­торлар бірқатар заңды қа­рап, қабылдады. Алдымен, депутаттар «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнама­лық акті­лері­не жылжымайтын мү­лік­тің бірыңғай мемле­кеттік кадас­тры шеңберінде мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат депутаттары заң жобасындағы жаңа нормаларды концептуалды тұрғы­дан қолдай отырып, оған бір­қатар түзету енгізуді ұсынды. Соның нәтижесінде құжатқа ауыл шаруа­шылығы жерлерін пайдаланбаудың немесе тиімсіз пайдаланудың алдын алуды күшейтуге арналған 78 өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақ­стан Республикасының Кон­сти­­туция­лық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Кон­сти­туциялық заң жобасы және «Қа­зақ­­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне процестік заң­наманы жетілдіру және сот жүйе­сін реформалау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы екі оқы­лымда қа­ралды. Палата Төрағасы атап өткендей, бұл заң жобалары сот жүйесін және сот ісін жүргізу тәртібін одан әрі же­­тіл­­діру жөніндегі Мем­лекет бас­шы­сының тапсырмаларын орындау үшін бір топ Парламент депута­ты­ның бастамашы болуымен әзір­ленген.
«Мемлекет басшысы еліміздің сот және құқық қорғау жүйелерін же­тілдіруге қатысты бірқатар маңыз­ды міндетті айқындап берді. Бүгін қабылданған заңдар – соңғы жылдары осы бағытта жүйелі түрде іске асырылып жатқан нақты шара­лардың жалғасы. Бұл заңдардың мақсаты – азаматтардың әділ, тәуелсіз және кәсіби сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол үшін осы құжаттар арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібі жетілдіріледі. Алдағы уақытта заңдар қоғамның, азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне сай сот жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат отырысында депутат­тар Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Әлеуметтік кодексінің жоба­сын және оған ілеспе «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Қазақстан Респуб­ликасы­ның кейбір конституциялық заң­дарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқықбұзушылық тура­лы Қазақстан Респуб­лика­сының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Бұл заң жобаларының норма­лары осы саладағы мемлекеттік сая­сат­ты жүйелі түрде реформалауға арналған. Атап айтқанда, Кодекс жобасында әлеуметтік қорғау шара­лары жағдайлар мен әлеуметтік тәуе­кел­дерді ескере отырып баян­дал­ған. Жалпы, Әлеуметтік кодексті қабылдау арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеу­меттік қорғауды нығайту, сондай-ақ олардың өмір сүруіне және қоғамнан өз орнын табуына тең мүмкіндіктер жасау сияқты нақты басымдықтар көзделіп отыр.