Еліміздегі кәсіптік-техникалық білім саласында қарқынды реформалар жалғасып жатыр. Кейінгі өзгерістерге сәйкес арнайы орта білім беру мекемелерінде оқу мерзімі азайған. Колледждерге 9-сыныптан соң түскен талапкер бұрынғыдай 3,6 жыл емес, 2 жыл ғана оқып, мамандық алып шығады. Біраз колледж сырттай, тіпті кешкі ауысымда оқуды енгізді. Сондай-ақ колледждерді онлайн тәмамдауға мүмкіндік берілмек. Ол үшін білім ордалары бірқатар жаңа талапқа сай келуі керек.
Қазір ел аумағында 724 колледж бар. 2022-2023 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттердің саны 578,2 мыңға жетті.
Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің дерегінше, Президенттің тапсырмасымен, қазақстандық колледждерде тегін оқуға мүмкіндік беретін гранттар саны 2021 жылғы 83 мыңнан 2022 жылы 128 мыңға дейін ұлғайған. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын гранттар саны тағы 50 мыңға өсіп, 178 мыңға жетпек. Мұнан бөлек әкімдіктер де жергілікті бюджеттен бөлінетін мемлекеттік тапсырысты 10 пайызға арттырмақ.
Осылайша, елде техникалық білім алу жастарға қолжетімді бола түседі. Бірақ олардың көбі жұмыссыздардың санын толықтырып, әлеуметтік кернеуді күшейте түспей ме? Министрліктің дерегінше, бұған жол бермеу үшін колледж түлектерін жұмысқа орналастыруды жеңілдетуге қызмет ететін Кәсіптік бейімдеу және мансап орталықтары құрыла бастады. Жұмыс берушілер өздеріне қандай кадр қажет екенін көрсетіп, тізім жібереді. Соның негізінде колледждер өз түлектерін сол жұмыс орындарына бағыттайды.
Педагог Роза Бесбайқызының айтуынша, салада жүзеге асырылып жатқан шаралар арнаулы орта білім беру ұйымдары арасында бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Мысалы, колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр. Оған сай, бюджеттік ақша бұрынғыдай білім ордаларына емес, студенттерге беріледі. Яғни, бұған дейін гранттарды облыстық білім басқармалары колледждер арасында тарататын, шәкірттер соған таласатын. Ал бұдан былай гранттар талапкерлердің таңдауы бойынша колледждер арасында бөлінетін болады. Тиісінше, егер студент кейін басқасына ауысса, бюджеттік ақшада соның соңынан кетеді.
«Пандемия кезінде онлайн оқыту жүйесіне көшуге тура келді. Тиісті жабдықтарды сатып алдық, Data center-да бөлінген серверді (Dedicated Server) жалға алдық. Карантиндік шектеулер жойылып, студенттер оффлайн оқуға көшкенде, техника қаңтарылып, тұрып қалды. Содан біз министрлікке ұсыныспен шығып, бірқатар мамандықты онлайн оқытуды жалғастыруға рұқсат сұрады. Бірақ ол үшін заңнамаға түзетулер енгізілуі тиіс екен. Соны күтіп отырмыз. Бұл мысалы, жатақхана тапшылығы мәселені шешер еді. Әйтпесе, біздің колледждің өзінде 130 студентке жатақханада орын жетіспейді», – деді Р.Бесбайқызы.
Министрлік жаңа құзыр иеленеді
Министрлік тізгінін жаңадан ұстаған Ғани Бейсембаевтың командасы ұжымы колледждерде оқудың жаңа нысанын жаппай енгізуді ұсынып отыр. Бұл бүгінде әзірленіп жатқан «Кейбір заңнамалық актілерге білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына енгізіліпті.
Парламент бұл құжатты құптаса, онда техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына (ТжКБҰ) онлайн оқыту бойынша лицензияға қосымша беріле бастайды. Заң қабылданса, онлайн оқытудың біліктілік талаптары әзірленеді және бекітіледі. Демек, онлайнға көшу үшін де қыруар құжат жинауға тура келеді.
Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Білім беру саласындағы рұқсат беру саясаты басқармасының бас сарапшысы Гүлнұр Жұмаханованың түсіндіруінше, қазіргі уақытта онлайн оқыту оқытудың нақты формасы түрінде тек жоғарғы оқу орындары үшін ғана қарастырылған. Сол секілді колледждерде заманауи оқу үлгілерінің кеңінен енгізілуіне жол ашқан жөн.
«Қолданыстағы білім берудің дәстүрлі түрі жылдар бойы жетілдірілді. Бірақ заман өзгерді, адамдардың өмір сүру қарқыны да барған сайын арта бастады. Соңғы 10-15 жылда компьютерлік, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, электронды байланыс құралдары мен интернеттің дамуына байланысты онлайн оқыту жүйесі жолға қойылды. Оған қажетті электронды оқу құралдарының қоры қалыптасты. Енді колледж студенттеріне үйде отырып-ақ, толыққанды арнаулы орта білім алуға мүмкіндік беретін уақыт жетті. Бұл үшін мемлекет соған қажетті білім беру ортасын құруы қажет», – деді Гүлнұр Жұмаханова.
Оның айтуынша, COVID-19 пандемиясы колледждерді қашықтан оқыту технологияларын енгізуге мәжбүр етті. Алайда қашықтан білім берудің өзі дербес оқыту түрі болмағандықтан, оны дамытуға мән берілмейді.
– Олай болса, қашықтан оқытудың өзі жеткіліксіз. Өйткені ол заңнамада қатаң регламенттелген: сабақтар кестесі, сабақтарды синхронды және асинхронды түрде өткізу талаптары сияқты белгілі бір шектеулері тағы бар. Ал онлайн оқыту студенттерге үлкен еркіндік береді. Осыған байланысты колледждерде онлайн оқыту нысанын енгізу жөніндегі нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіткен орынды деп отырмыз. Сәйкесінше, қолданыстағы лицензияға қосымша беру арқылы онлайн оқыту нысанына жеке лицензия берілгені дұрыс. Егер колледж онлайн форматта оқытуды жүргізуге ниет білдірсе, онда оқытудың бұл түрін де қолданыстағы лицензиясының негізінде, күндізгі нысанда жүзеге асыруы тиіс, – деді бас сарапшы.
Бұл ретте аталған заңмен Оқу-ағарту министрлігіне жаңа құзыр беріледі. Ведомство техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлері бойынша колледждерде онлайн оқытуға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.
Сарапшылардың пайымдауынша, осы өзгерістер елдегі техникалық және кәсіптік білім, ортадан кейінгі білім деңгейлерінде заманауи онлайн оқытуды енгізуді, колледждерде цифрлық экожүйені құруды жеделдетеді. Сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада адами капиталды дамытуға ықпал ететін болады.
Отандық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жеделдік танытып, халықаралық деңгейде маркетинг жүргізе алса, қашықтан оқығысы келетін шетелдік студенттерді де ақылы негізде тартып, табыс табуына мүмкіндік бар. Бұл оларда шығынды оңтайландыру, жаңа табыс көздерін табу есебінен жалақыны көтеруге, оқытушылық құрамға жоғары білікті мамандарды тартуға түрткі болуы мүмкін.
Онлайн оқудың оңды тұсы көп
Лицензияға қосымшаны мемлекеттік те, жекеменшік те колледждер ала алады. Ол қосымша мерзімсіз және оны ұдайы растау талап етілмейді. Оны алу, алмауды әр колледж өзі шешеді. Онлайн оқыту нысанының өзі жеке лицензиялауды талап етпейді, тек қолданыстағы лицензияға қосымша алса, жеткілікті. Әйткенмен, сол қосымшаны алу үшін біраз шартты орындау қажет болады.
Атап айтқанда, үміткер колледждің цифрлық инфрақұрылымына, онлайн оқыту үшін қажетті білім беру ортасына, кадрлық қамтамасыз етілуіне, оқу бағдарламасының контентіне, оқу құралдарына, студенттермен жұмысқа қажетті жабдықтарға ең төменгі негізгі талаптар қойылады. Мәселен, колледждің жылдамдығы кемінде 500 Мбит/с болатын кең жолақты интернетінің, білім алушыларға 24 сағат 7 күн бойы қолжетімді меншікті цифрлық инфрақұрылымының, Дата орталықта серверінің болуы талап етілмек.
Министрлік талаптарды әзірлейтін жұмыс тобына жоғары білікті мамандарды тартуға уәде етті. Содан соң біліктілік талаптары салалық қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, колледждермен келісіледі.
Жалпы, пандемиядан кейінгі кезеңде отандық колледждердің оқу процесіндегі қашықтан оқытудың үлесі 20 пайыздан аспай тұр. Оның өзі онлайн оқыту деп атауға келмейді. Себебі, қашықтан оқуға босатылған студенттер емтихандарды колледж ғимаратына барып, тапсырады.
Бұл жөнінен бізге АҚШ үлгі. Құрама Штаттарда колледждер мен университеттердің 19,9 миллион студентінің 35 пайызы бүгінде толығымен онлайн оқуға ауысып алған. Осы шәкірттер арасында жүргізілген зерттеу көрсеткендей, олар онлайн оқудың келесі артықшылықтарын атады. Біріншіден, білім алу қолжетімді болды. Өйткені көптеген азамат мамандық игеру үшін үлкен қалаларға бара алмайды. Екіншіден, онлайн колледждер жасына қарамастан, кез келген адамға білім алудың арзан әдісін ұсынады. Шығындарын оңтайландыру, ғимараттар мен лекция өтетін үлкен аудиториялардан бас тарту арқасында олардың оқу ақысы дәстүрлі оффлайн колледждерге қарағанда әлдеқайда аз.
Үшіншіден, студенттерге жатақхана, көлік, тамақ, басқа шығындарды төлеудің қажеттілігі жоқ. Бұл шығындар негізінен грант құрамына кірмейді және білім қуған жастан қосымша шығындалуды талап ететін.
Төртіншіден, сабақ кестесі бойынша шектеулер жоқ. Студент қолы тигенде, өзіне ыңғайлы уақытта оқи алады. Осы мақсатта онлайн колледждер әр студент үшін төл сабақ кестесін ұсынады. Осының арқасында азаматтар оқуды жұмыспен қатар алып жүре алады. Бесіншіден, оқу мерзімі 2 не 4 жылмен қатаң шектелмеген, курстарды кез келген уақытта, ерте не кеш аяқтауға болады. Тіпті білім деңгейіне қарай оқуды мерзімінен көп бұрын аяқтауына болады.
Қорыта айтқанда, онлайн оқудың көптеген артықшылығының бары, білім саласының болашағы соған байланысты екені байқалады. Ендеше, алға озып бара жатқан көштен көз жазып қалмағанымыз жөн.