Киносыншы Ержан Жұмабековтің айтуынша, керісінше тәуелсіз кезеңдегі қазақ киносы әлеуметтік тақырыптағы фильмдердің топтап шығуымен ерекшеленеді. «Шығармашылығын жаңа бастаған «жаңа толқын» авторлық кино бағытының режиссерлері қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерінен айналып өте алмады. Өтпелі кезеңдегі бұл режиссерлер әлеуметтік көріністер арқылы қазақ киносын шынайылыққа жақындатуға тырысты. Дегенмен де, бұл жағдай олардың көркемдік құндылығына әсер етпеді. Әрбір режиссер тақырып пен көркемдік бөлік арасында тепе-теңдікті сақтауы керек. Қазіргі қазақ киносында фестивальға бағытталған «псевдо – авторлық кино» басым. Бұл дегеніміз – фильмнің көркемдік табиғатын ысырып қойып, әлеуметтік тақырыптарды аяусыз пайдалану. Иә, мұндай фильмдер «шок» тудыртатын тақырыптары арқылы шулатуы, авторлары фестивальдық марапаттар арқылы өзіне назар аудартуы мүмкін. Алайда бұл санаттағы фильмдер бірреттік көрсетілімге арналғандай, кино өнері ретінде тарихта қалуы екіталай», – дейді киносыншы.Рас, бұған дейін түсірілген әлеуметтік фильмдердің көбі дерлік бірреттік көрсетілім ретінде есте қалды. Ә дегенде көрермен кинотеатрға ағылып баруы мүмкін, артынша мұндай фильмнің болғанын да ұмытады. Бүгінде жарнамасы жер жарып тұрған «Бақыт» фильмі де осы санаттың қатарынан көрінетін сияқты. «Бақыт» – Баян Алагөзованың фильмі. Режиссері – Асқар Ұзабаев. Ел ішінде бұл фильмге қатысты пікірлер де сан алуан. Бірі – жақтайды, бірі – даттайды. «Бес саусақ бірдей емес». Қолдайтын да, қолдамайтын да пікірдің болуы – заңдылық.
Киносыншы Айдана Аламанның ойынша, бақытсыздықты көрсететін «Бақыт» фильмі қоғамда үлкен резонас тудыра білді. «Үйдегі зорлық-зомбылық ғаламдық мәселе болғанымен, бұл фильмде қазақы көзқарас бойынша суреттеліп отыр. Фильмде режиссер мен сценарист кәсіби ансамбль құра отырып, біздің санамызда қалыптасқан нормалды отбасындағы тозақ картиналарын бірінен соң бірін аяусыз көрсете береді. Себебі біз бұған дейін отбасындағы кикілжіңдер туралы сары басылым беттерінен, біреудің аузынан естіп жүрсек, осы жолы кәсіби актерлік ойын мен режиссерлік шешімдер арқылы көз алдымызға алып келді», – дейді сыншы.Адам баласы – күрделі жаратылыс. Оның психикасын анықтау мүмкін емес. Кейде адамдар өз бақытсыздығын өзгеден көріп жатады. Себеп-салдарын да содан іздейді. Біреудің бақыты өзгенің қолында болуы мүмкін бе? Жоқ. «Кез келген трагедияның нақты себептері бар». «Бақыт» осы ойды бермек болады.
«Ең үлкен жетістігі арт-хаус бағытындағы фильм болғандықтан, операторлық жұмыс пен режиссерлік тың шешімдер, актерлік шеберлік арқылы фильм атмосферасын сәйкестендіре алған. Режиссер С.Дворцевойдың «Айка» фильмі болсын, «Бақыт» кинокартинасы болсын, деректі драма жанрына барынша жақындатылып түсірілген. Яғни, мұнда ешқандай оқиғаны әспеттеп, көркемдеп, әсерлі музыкамен көмкеріп отырмайды. «Деректі» деп аты айтып тұрғандай, барынша шынайы, болған қалпында жеткізуге тырысады. «Бақыттағы» сюжет желісі жиынтық образ емес, бір ғана әйелдің басынан өткен оқиға. Қазақ кинематографиясы үшін бұл да бір керек бағыттардың бірі», – дейді Айдана Аламан.Бақыт формуласы қайда? Сыншының керек бағыт деп отырғанын дұрыс қабылдауға болады. Өйткені қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көп. Әр әйел бақытты болуға ұмтылады. Бірақ қатыгез еркекті де тәрбиелеп шығарған ана емес пе? Демек, ол бала кезінде ана жылуын сезініп өспеген. Сол «жарақаты» кейін өзіне «сор» болып тиеді. Жарақатының себебін әркімнен іздейді: әйелін ұрып-соғады, баласын жазалайды. Оның ақыры «өлімге» алып келеді. Әйел де темір емес. Әйел заты ауыр сөзден де «жараланады». Ал ол жарақатты кім емдейді? Міне, осы «шындықтың» бәрі Асқар Ұзабаевтың фильміне арқау болған.
«Себебі дәл осы жанр арқылы көрермендерді катарсиске тезірек түсіруге мүмкіндік туады. Яғни, киноның үлкен идеологиялық құрал екенін ескерсек, қоғамның, мемлекеттің назарын бірден аудартуға болады. Фильм продюсері Б.Мақсатқызы үйдегі зорлық-зомбылық мәселесін бұған дейін де көтеріп жүрген болатын. Негізгі мақсаты – отбасындағы әйеліне қол көтеретін еркектердің заңды түрде жазалануы. Бір жағынан түсіруші топ осы мәселені биліктің құлағына қаттырақ жеткізу үшін, қатыгездеу сахналарды, жалпы зорлық көрсету туралы қате пайымдарды еш бүкпесіз, көркемдік тәсілдерсіз жеткізсе, екінші жағынан, жалпы қазіргі өнер әлемінде туындыны бұрынғыдай ойдан шығарылған сюжеттер мен ойларға негіздемей, керісінше нақты деректерге сүйене отырып, жарыққа шығару көптеп кездесуде. Мұның өзін заман талабына сай қалыптасқан өнердегі тенденциялардың бірі деп қабылдауға болады», – дейді Айдана Аламан.Кейбір киногерлер әлеуметтік фильмдерде «қатыгездіктің» болуын заңдылық деп есептейді. «Кино – идеологиялық қару» болғандықтан, оны пайдаланған жөн деп санаған шығар. Бірақ ол көрерменге қалай әсер етеді? Біз ол шындық арқылы көрерменді қалай тәрбиелейміз?
«Бақыт» фильміне қатысты пікірлердің бір парасына көз салып көрейікші. Мәселен, Құралай есімді көрермен: «Бақытты» көру «бақыты» бұйырды. Содан аса бақытты бола қоймадым. Себебі фильмде зорлық, агрессия асыра көрсетілген екен. Оны сексуалды зорлыққа да қатысты айтуға болады. Бұл эпизодтарды проблемаға назар аударту деп жақауратудың қажеті жоқ, сол арқылы көбірек касса жинау керек болып, қоюлатып жіберген секілді» десе, енді бірі «Бақытты» соңына дейін көре алмадым. Жолдасым екеуміз киноның ортасына жетпей шығып кеттік. Мұндай фильмді қабылдаудың өзі ауыр» деп жазады.Тағы бір көрермен: «Жәбір-жапа көріп жүрген әйелдер көбіне өзіне біреудің жаны ашиды деген үмітпен, сеніммен жүреді. Ол – иллюзия! Өзіне жаны ашымаған адамға ешкімнің жаны ашымайды. Сол сияқты өзін сыйламайтын әйелді де ешкім сыйламайды. Ал ақыл-есі дұрыс, ересек адамның өзі сияқты әлдекімнен таяқ жеп, көкала қойдай болып жүруі – өзін сыйламайтынын көрсетеді» деген ойды айтады. Қарапайым көрерменнің пікірі осыған саяды. Жалпы, әлеуметтік фильмдердің көбеюінің тағы бір себебі – жұртшылықтың киноны өнер ретінде емес, түрлі мәселені шешудің құралы ретінде пайдалана бастағанында. Бейне бір тығырықтан шығудың жолы фильм деп түсінеді. Одан «мәселе» шешіле қояр ма екен?! Киногерлер болса, бұл фильмге «драматургия бар. Авторлар сәтті таңдалған. Көрерменді жалықтырмайды. Бақытты іздеу – басты мотив. Шынайы. Жасандылық жоқ» деген баға береді. «Қазіргі фильмдер шындықтан алыстап кетті» деп сөгетіндер де бар. Ал шындықты экраннан көрсету қаншалықты тиімді? Экс-депутат Мақпал Тәжмағамбетова өзінің депутаттық сауалында осы мәселені қозғағаны белгілі. Онда: «Балағаттау насихатқа айналды... Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап кетті. Дөрекілік көріністері кинода ғана емес, эпизодтары барлық әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Олар енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты» деген еді. Мақпал Тәжмағамбетова мысалға келтірген дөрекі көріністер «Бақыт» фильмінде де анық көрсетіледі. Қанша жерден әлеуметтік шындық осы десек те, фильм де мәдениеттің бір бөлшегі. Дөрекі көрініссіз-ақ, балағат сөз айтпай-ақ отбасылық құндылықтарды дәріптеп, фильм түсіруге болады. Отбасы трагедиясын бұлай ашық көрсеткеннен ұлтымыз ұтысқа шықпайтыны анық.
Айна ХАСАН