Сенат екі айда 36 заң қабылдады. Жаңа заңдар халықтың тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Facebook-тағы парақшасында жазды.
Соңғы екі айда Парламент Сенатының жұмысы қызу болды. Төменгі палатаның депутаттары уақытша болмаған кезде, Парламент қоржынындағы заңдарды қабылдау Сенатқа жүктелетіні белгілі. Қазақстан заң шығарушы органының тарихында мұндай тәжірибе бірнеше рет болған. Бұл жолғы жауапкершілік ел тарихындағы жаңа кезең, саяси үлкен реформалармен сәйкес келіп отырғандықтан, жауапкершілік жүгі еселенгені рас.
Бүгінгі Палата отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев соңғы екі айда Сенат Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындағанын айтып, осы жұмысты қорытындылады.
«Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функциялары Сенатқа жүктелді. Соған байланысты осы екі айда Сенат 36 заң қабылдады». Олардың тоғызы Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленгенін Сенат төрағасы екпін түсіре айтып өтті. Олардың бірнешеуіне тоқтала кетсек, артық болмас.
Цифрлық активтер нарығы туралы заң қаралған болатын. Бұл заң негізінен цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, шетелдік инвестицияларды елімізге тартып, ел экономикасын дамыту көзделген.
Сондай-ақ жұмысшылардың арасында митингілердің жиілеп, еңбек дауларының болып жүргенін көріп отырмыз. Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келіссөздер көптеген жағдайда шиеленісіп, өз шешімін таппай жатады. Осыған байланысты Парламент Сенаты еңбек қатынастары мен дауларын реттейтін заң жобасын мақұлдады. Аталған заң негізінде жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы еңбек қарым-қатынастары, келіссөздер үдерістерін жеңілдету, еңбек дауларын шешу кезіндегі кәсіподақтың рөлін күшейту қарастырылған. Бұл заң жалпы туындайтын еңбек дауларын азайтуға, қызметкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары жөніндегі заңнамалар жетілдірілді.
Заң негізінде тұрғын үйлерді басқару мен тұрғын үй қатынастарының кейбір функцияларын нақтыланды.
Одан бөлек, жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заң да қабылданды. Заң тұрғындар үшін жер қоры мен жылжымайтын мүлік обьектілері туралы ақпараттарды оңай алуына, жемқорлықты төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, әскери полиция органдары туралы заң мақұлданды.
Заң өз кезегінде әскери полиция органдарының қызметін, құзыретін, құрылымын, өкілеттіктерін жетілдіруге көзделген.
Бұл заңдар алдағы кезеңде ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенімім мол.