ҚХП: Энергетика саласын жаңғырту керек
ҚХП: Энергетика саласын жаңғырту керек
©halykpartiyasy.kz
373
оқылды
Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Нұрдәулет Оразханов, Найля Аппасова, Рустам Исаев «KEGOC» АҚ «Ақмола жүйеаралық электр тораптары» филиалының ұжымымен кездесіп, Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Партияның сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі энергетика саласын жаңғырту бағытына арналған. – Өнеркәсіпті реттеу көп бағытты және бейберекет жүргізіліп отыр. Мұнда бір министрліктің міндеттері екіншісінің міндеттеріне тікелей қайшы келеді. Біз энергетика саласындағы мемлекеттік саясатты жоспарлау және жүзеге асыру үшін салалық орталық құруды жақтаймыз, – деді Найля Аппасова. Сонымен қатар ол саланы қаржыландыру мәселесіне тоқталды. Энергетика саласындағы кәсіпорындар төл теңгемізбен берілетін арзан несиден қағылып, салдарынан шетел банктерінен несие рәсімдеп жүр. Бір сөзбен айтқанда девальвация пайданы жұтып, елде қалуы тиіс несиенің пайыздары шетел асып жатыр. Мұнан соң партия өкілдері сайлаушыларға елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болу керек дегенді тілге тиек етті. – Халық партиясы социализмді жақтайды. Әрбір тұрғын лайықты өмір сүру үшін тегін медицина мен білімге қол жеткізуі тиіс, – деді Рустам Исаев. – Қазір 3 млн қазақстандық кедейшілікте өмір сүруде. Партия ең төменгі жалақы мөлшерін 140 мың теңгеге жеткізу қажет деп санайды. Әрбір отбасының құрамын ескере отырып, азық-түлікке, денсаулық сақтауға, коммуналдық қызметке, білімге, автожолдарға нақты шығын мөлшерінде салық салынбайтын және алым алынбайтын ең төменгі күнкөріс деңгейін енгізу керек.