Дамыған медицина және дағдарысқа қарсы менеджмент: Respublica көшбасшысы партияның өзгерістер жолындағы ұстанымдарын атап өтті
Дамыған медицина және дағдарысқа қарсы менеджмент: Respublica көшбасшысы партияның өзгерістер жолындағы ұстанымдарын атап өтті
217
оқылды
Respublica сайлау додасының маңызды кезеңдерінен өте сәтті өтті. Бүгін «Хабар» арнасында тікелей эфирде үшінші теледебат ұйымдастырылды. Оған партия жетекшісі Айдарбек Қожаназаров қатысты. Ол партия көшбасшыларының қазақстандық қоғам мен жалпы еліміздің дамуына қосқан үлесін нақты мысалдармен келтіре отырып, партияны жоғары деңгейде таныстырды.
«Біз – халық арасынан шыққан жаңа партиямыз. Біз – жаңа адамдармыз, кәсіпкерлерміз, өнім жасаушылармыз. Біз миллиардтаған салық төлеп, халықтың өмірін жақсартуға белсене атсалысып келеміз. Тарихи отанына оралған қандасымыз Сырымбек Тау соңғы 3 жылда 20 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Енді ұлттық құндылықтарды сақтауға, мәдениетімізді насихаттауға атсалысып жүр. Динара Шүкіжанова – қарапайым қазақ отбасынан шыққан, еңбек жолын жай ғана жұмысшы болып бастап, қазір мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ірі машина жасау кәсіпорындарының бірін басқарады. Қуаныш Шонбай – өз елінің нағыз патриоты. Кәсібін сәтті бастаған азамат бүгінде мыңдаған адамға білім беруде. Әрқайсымыз қоғамда белсендіміз, айналамызға қамқормыз», – деді партия лидері.
Айдарбек Қожаназаров бүгінде еліміздің үлкен дағдарыс алдында тұрғанын атап өтті.
«Өткен пікірталаста партиямыздың тең төрағасы Динара Шүкіжанова еліміздің шығыстары 21 триллион теңгені құрайтынын, ал салық түсімдері небәрі 17 триллион теңге екенін есептеп берді. Демек, біз экономикада 4 триллион теңге көлемінде шығынға кіріп, іс жүзінде банкроттыққа дейінгі күйде тұрмыз. Respublica партиясының ұжымы, біз бәріміз – дағдарысқа қарсы мықты менеджерміз! Мысалы, Руслан Берденов Орталық Азиядағы ең ірі дәріханалар желісін нөлден бастап тұрғызса, Динара Шүкіжанова ұмыт қалған, қараусыз тұрған зауытты ауылшаруашылық техникасын шығаратын әйгілі «АгромашХолдинг KZ» компаниясына айналдырды. Мен де құлдырап бара жатқан агрохолдингті небәрі 5 жылдың ішінде еліміздің No1 агрохолдингіне жеткіздім», – деді Respublica партиясының төрағасы.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, еліміздің әрбір азаматы шын мәнінде еркін болуы керек. Еркін адам қай кезде де дұрыс шешім қабылдай алады.
«Адамның еркіндігі денсаулыққа, білімге және мәдениетке негізделген. Біз сайлауалды бағдарламамыздың алғашқы үш тарауын осы құрамдас бөліктерге арнадық. Бірінші тарауда білім беру мәселесі қарастырылған: ең алдымен, білім беруді теңестіру, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою тұрғысынан оны жетілдіруіміз керек. Екінші тарауда біз денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру туралы айтамыз: скринингтік тексерулер тізімін кеңейтіп, профилактикалық тәсілді енгізу керек – емдеуді ауру басталғаннан кейін емес, нақты аурудан бұрын қолға алған жөн. Ұлт саулығы бәрінен маңызды. Мәдениет саласына да өзгеріс қажет. Мен сайлау алдындағы алғашқы пікірталастарды көрдім. Біздің елде саясат деңгейінде де мәдениет осындай төмен болса, жалпы ұлт мәдениеті туралы не айтуға болады? Мәдениет саласына айтарлықтай өзгерістер енгізуге тиіспіз», – деп түйіндеді сөзін спикер.
Respublica төрағасы мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтерудің маңыздылығы мен білімнің құндылығы туралы да айтты.
«Біздің көптеген тең төрағаларымыз ұстаздар отбасында өскен. Менің де ата-анам мұғалім. Сырымбек Тау да ұстаздар отбасында тәрбие алды. Сонымен қатар Қуаныш Шонбай мен Руслан Берденовтің ата-аналары – ұстаздар қауымынан. Оның үстіне, Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат 23 адамның 6-ы педагог. Облыстар мен ауылдардағы ұстаздардың мәртебесін көтеріп, жағдайын жақсарту – басты мақсаттарымыздың бірі. Кәсіпкерлер ретінде білім беру саласында біз үш негізгі міндетті бірлесіп шешуді көздеп отырмыз: ғылымды дамыту, оқытушылардың мәртебесін көтеру, сондай-ақ өндіріспен тығыз байланыста жоғары кәсіби кадрлар даярлау үшін университеттер мен бизнес арасында өзара іс-қимыл орнату», – деді Қожаназаров.
Еске сала кетейік, алғашқы екі теледебатты көрермендер дауыс беріп, бағалаған болатын. Respublica жеті партия арасында рейтингте екінші орынға тұрақтады. Бірінші пікірсайыста партияны көрермендердің 14,8 пайызы қолдаса, екіншісінде 15 пайызы жастар партиясына сенім білдірген.