Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарады.
Отырыс барысында депутаттар «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады.
«Біз бүгін 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қабылдадық. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бюджетке бірқатар түзету енгізіп отырмыз. Соған байланысты қаражат өңірлерді, аграрлық секторды, энергетиканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты басым міндеттерге бағытталады. Нақты айтқанда, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту үшін бұрын бөлінген қаражатқа қосымша 240 млрд теңге бөлінеді. Бұл, ең алдымен, ауылдық аумақтарды дамыту, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, қала маңын өркендету мәселелерін қамтиды. Биыл қыста болған апаттар жылу нысандарының әбден тозғанын көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жылу энергетикалық жүйесін салуға және қайта жаңартуға қосымша 144 млрд теңге бөлінеді. Аграрлық секторды қолдау үшін тағы 233 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат агронеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру үшін қолданылады» деген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы сапалы және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс екенін атап өтті.
Одан бөлек, Сенат Төрағасы жалпы, республикалық бюджеттің әлеуметтік бағыты айқын екенін, бұл ретте мемлекеттік шығындардың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтты. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бюджетті талқылау кезінде сенаторлар көтерген бірқатар маңызды мәселеге тоқталып өтті.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
Палата отырысында сенаторлар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заңды екінші оқылымда қарап, жаңа редакциямен қабылдады.
Одан бөлек, депутаттар үш халықаралық келісімді қарап, ратификациялады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Еуразия Даму Банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң Еуразиялық Даму Банкі қызметінің жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған.
Ал «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялаудың құқықтық негіздерін халықаралық-құқықтық тұрғыдан бекітуге арналған.
Депутаттардың пікірінше, келесі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң елімізде халықаралық оқу орындарының филиалдарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге палата Төрағасы соңғы екі айда Сенат Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындағанын айтып, осы жұмысты қорытындылады.
«Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функциялары Сенатқа жүктелді. Соған байланысты осы екі айда Сенат 36 заң қабылдады. Олардың тоғызы Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Жалпы, осы аралықта қабылданған заңдар Президентіміздің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды мәселелерді шешуге арналған. Бұл заңдар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық саясатты жетілдіруге септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа, отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.