Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері – TURAN этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдық мерейтойына орай әлемдік турнеге шығады.
Ансамбль алғашқы халықаралық гастрольдік сапарын АҚШ-тан бастайды. Өнерпаздар Ұлыстың ұлы күніне орай 21-23 наурыз күндері Вашингтон қаласындағы әйгілі University of District of Columbia Тheater of Тhe Аrts сахнасында, сондай-ақ Джордж Вашингтон университетінде арнайы концерттік бағдарлама ұсынады.
Одан соң ансамбль 1-17 сәуір аралығында Еуропаның бірнеше шаһарында, атап айтсақ, Францияның Париж, Бельфор, Лион, Швейцарияның Женева, Бельгияның Брюссель, Хорватияның Загреб, Словенияның Любляна, Австрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалаларында концерт береді.
Содан кейін музыкалық топ Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдерінде өнер көрсетеді.
Шараларға Қазақконцерт солистері – белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев және виолончелист, Шанхай музыка консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы да қатысады.