Мақсат Жақау: Бұл сайлауда партиялар сөзден іске көшті
Мақсат Жақау: Бұл сайлауда партиялар сөзден іске көшті
739
оқылды
Бүгін Қазақстанда сайлау өтіп жатыр. Бұл сайлаудың ерекшелігі көп. Cаясаттанушы Мақсат Жақаудың пікірінше, Президенттің саяси реформаларының нәтижесінде, көппартиялық жүйенің дамуына жол ашылды. – Биылғы сайлауда жаңа өзгерістер сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асып жатыр. Көппартиялық жүйе қоғамға серпіліс әкеледі. Сондай-ақ азаматтар өзін-өзі кандидат ретінде ұсынды. Бүгінде осыдан 20 жыл бұрынғыдай көппартиялық жүйемен сайлау өткізуге мүмкіндік беріліп отыр. Мысалы, соңғы рет 2004 жылы сайлауға 12 партия қатысса, қазір 7 партия өз бағын сынап жатыр. Қазір пікір алуандығына, әртүрлі бағдарламаларға болсын, дауыс берушілерге жақсы жағдай жасалған. Бұрынғыдай тек қана партиялық тізіммен ғана емес, 7 партия додаға түсті. Сайлаушыларға таңдау еркіндігі берілді. Күні ертең «Қандай бағытта жұмыс істеуге болады?», «Халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін қандай тиімді ұсыныстар бар?», «Саяси додада қайсысын қолдаған дұрыс?» деген таңдау мүмкіндігі беріліп отыр. Мәжіліс пен мәслихатта көппартиялық жүйеге мүмкіндік берілді. Мұны біз партиялардың саяси өмірде дамуы деп қабылдауымыз керек. Әрине, тоқтап қалғанымыз жоқ. Керісінше, өз деңгейінде дамып жатыр. Ең бастысы, саяси өзгерістерді көпшілік дүрлікпей қабылдап, қоғамда рет-ретімен іске асып жатыр. Мұның барлығы былтыр Президент айтып өткен реформалардың нәтижесі деп ойлаймын. Президент айтқан өзгерістерге халық референдум арқылы қолдау білдірді. Барлығы бос сөз, құрғақ уәде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Соның арқасында халықтық демократиялық тең сайлаудың мүмкіндігі ашылып отыр. Нәтижесінде, Мәжіліс пен мәслихатқа біздің елдің азаматы жеке мандатпен өз кандидатурасын ұсынды. Қазір дауыс берушілер партиялық тізіммен немесе партиялық бағдарламамен ғана емес, жеке кандиттардың бағдарламасына да өз таңдауын жасай алады. Жаңашылдық осы сайлау процесімен тоқтап қалмай, жалғасын табады.