Алматыда әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновті еске алу мен оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Отан Ана» байқауының биылғы өту тәртібі мен ұйымдастырылуы жайлы баспасөз мәслихаты өтті.
Ұйымдастырушы – «Таңдау» продюсерлік орталығы. Осымен үшінші рет өткелі отырған байқаудың басты ерекшелігі – финалистерді вокалдық баттл арқылы іріктеу. Сонымен қатар әндер кәсіби аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалады. Байқаудың финалы 16-18 мамыр аралығында Қызылорда қаласында өтеді.
– Батырханның арамыздан кеткеніне де 5 жыл болды, бірақ оның әндері мен шығармашылығы өнерсүйер қауымның жадында. Бұл конкурс Батырханның туған жерінде – Қызылорда қаласында өтеді. Конкурстың мақсаты – әнші-композитордың шығармашылығын насихаттау, жаңа таланттарды ашу, сондай-ақ жастарды шынайы музыканың дәмін сезініп, ансамбльмен жұмыс істеуге тәрбиелеу. Конкурсқа 16 мен 30 жас аралығындағы еліміздің жастары қатыса алады. Еліміз таланттарға бай, біз оларды жарқыратып көрсете білуіміз керек. Барымызды бағалай білейік, – деді «Таңдау» продюсерлік орталығының бас директоры және конкурстың қоюшы-режиссері Қарлығаш Әжиева.
Конкурстың жүлдегерлері Батырхан Шүкеновтің туған күні – 18 мамырда өтетін гала-концертте Қазақстан эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқайды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта конкурстың халықаралық деңгейге көтерілуін қалайтынын айтты. Өйткені әншінің тыңдармандары әлемнің әр түкпірінде бар.
– Батыр бізге мол мұра қалдырды. Ол – әндері, композициясы және оның музыкаға деген ықыласы. Менің ойымша, бұл конкурс еліміздің музыка мәдениетінде өз орнын ойып тұрып алады. Өйткені конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер көп. Жас орындаушылар үшін кез келген конкурс – үлкен мектеп. Біздің міндетіміз – жаңа таланттарды ашу және өнер әлеміне жол көрсету», – деді әншінің досы, музыкант Сағынай Абдуллин.
Әнші-композитор атындағы қор кеңесінің төрағасы, әншінің ағасы Бауыржан Шүкенов конкурсты ұйымдастырушыларға – Қызылорда облысы әкімдігі мен мәдениет басқармасына, барлық қызылордалықтарға шынайы көңілмен алғысын білдірді. Ол конкурстың Батырханның туған жерінде ұйымдастырылуы отбасы үшін аса үлкен құрмет екенін айтты.
– Байқаудың атын «Отан Ана» деп атадық. Өйткені Батырханның Ресейден Қазақстанға оралғандағы ең атақты туындысы – осы. Ол альбом да солай аталды. Бұл Батырханның мансабындағы, өнеріндегі бір үлкен белес болды деп ойлаймын», – деді GAKKU музыкалық телеарнасының бас продюсері, қазылар алқасының мүшесі Тимур Балымбетов.
Конкурсқа қатысушылардың өтініші 20 сәуірге дейін қабылданады. Үміткерлер өтінішін «Таңдау» продюсерлік орталығы мен Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту мәдени-продюсерлік орталығына жолдай алады.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ