Биыл Түркістан облысында қар мол жауды. Тіптен қыс мезгілі аяқталар тұста қар мен жаңбыр аралас жауын оқтын-оқтын жауды. Дегенмен, соңғы уақыта қар көп жаууда. Алайда көптің көңілінде Түркістанның тауларында сіресіп тұрған қарлар ерігенде елдімекендер топан судың астында қалып қойма ма деген күдікте жоқ емес.
Ал облыстағы төтеншеліктер қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында су тасқыны жағдайы қалыпты, тұрақты бақылауда деп, тұрғындарға келер қауіп жоқ екенін айтып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.
«Облыста ауа райының қолайлы болуынан және болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларының дер кезінде сапалы орындалуынан су тасқыны және су басу жағдайлары 2019 жылы орын алған жоқ.
Қазіргі таңда су қоймалар мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі күнге Шардара су қоймасында – 4185 млн м3 су бар, толуы – 80 пайыз, шығып жатқан су көлемі – 400,5 м3/сек. Ал, Көксарай су реттегішінде жиналған су қоры – 1061,88 млн. м3 толуы 35%-ды құрап отыр», – деді Нұрғали Сырлыбайұлы.
Айта кетерлігі, облыс аумағында 40 суқойма орналасқан. Оның ішінде 18 суқойма – республикалық меншікте; 17 суқойма – қала, аудандық коммуналдық меншікте; 5 суқойма – жекеменшікте. Қараусыз қалған су қоймалары жоқ.
«Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 66 м3/сек су жіберілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ», – деді департамент бастығы.
Төтеншеліктерді тағы бір айтқаны, тасқынға қарсы іс-шараларға келсек, Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілген, қапталған 53 тонна құм, 584 – шатыр, 4622 – керует, 36 мың адамға арналған төсек орын дайындалған.
Сондай-ақ, 26,9 шақырым өзендерде жаға бекіту және арна түзеу жұмыстары жүргізілсе, 29,9 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылған. Бұдан өзге, 25,2 шақырым каналдар механикалық тазартудан өткізіліп, 400 шақырым арық-атыздардың арнасы қоқыстан тазартылды.
Айта кету керек, облыс аумағында су тасқынының жай күйі «Казгидромет» РМК ТОФ, «Қазселденқорғау» ММ ОҚАТПБ филиалы, «Казсушар» РМК Түркістан филиалы және қала, аудан әкімдіктері арасында ақпарат алмасу ұйымдастырылып, өзендер мен су қоймалардағы су деңгейі туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне күнделікті ақпараттар келіп, мониторинг жүргізілуде.
Телман БЕЙСЕН