Осыған дейін «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі TÚTINDETPE.kz байқауын ұйымдастыратынын жаздық. Қатысушылар әлеуметтік желіге #tútindetpe.kz #neparovoz'.kz хэштегімен 1 желтоқсан мен 31 қаңтар аралығында жазба жариялады. Ал жуырда ең креативті видео мен вайн, челлендж, сурет пен жазба авторлары марапатталды.
Байқауға 65 қатысушы 200-ден астам жұмыс жіберген. 4 аталымның жүлде қоры – 1 млн теңге. Оған қосымша «Таңдаулы блогер» аталымы бар. Жеңімпаздарды Nur Otan партиясы мүшесі Гүлнар Сейітмағанбетова, Президент Іс басқармасы медорталығының басшысы Алексей Цой, Алматы қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген, экономист Рақым Ошақбаев пен «Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясы төрайымы Жәмилә Садықова марапаттады.
Жобаның 2 ай ішінде мұндай көрсеткішке жеткені қуантады. Біріншіден, сіздердің саламатты өмір салтына немқұрайды қарамай, замандастарыңызды зиянды әдеттен бойын аулақ салуға шақырғандарыңызға ризамын. Темекінің зияны жөнінде толық ақпарат беру турасында белсенділік таныттыңыздар. Әрқайсысыңызға зор алғыс білдіремін. Байқауға келсек, жұмыстың көптігіне байланысты бізге таңдау қиынға түсті. Әрбір жұмысты жан-жақты қарауға тырыстық. Кей жеңімпазды анықтаған кезде бір дауыс үлкен рөл ойнады», – деді қазылар алқасының төрайымы Гүлнар Сүлейменқызы.
Одан кейін сөз алған Алексей Цой жүлдегерді анықтаған кезде қандай мәселеге көңіл бөлгендерін атап өтті. Алдымен конкурс ережесіне сәйкес келуін қадағалағанын айтты. Екіншіден, темекі өнімдерінен келер зиянды ашып көрсетуі дәріптелген. Содан кейін автордың креативті ойы мен жұмысының маңызын негізге алған. Сондай-ақ медициналық орталық басшысы мұндай жобаның келешегі кемел екенін, жалғасын табуын қалайтынын жеткізді.
«Таңдаулы жазба: фото немесе сурет» аталымында топ жарған Аида Сафиулинаның «Түтін» композициясы көз жауын алады. Қатысушының сөзінше, идея авторы өзінің ұлы. 3D форматта салынған сурет түтіннің ғаламшарға зиян екенін баяндайды. Ұтымды тұсы – пойызды негізгі нысанға алуында. Темекі түтіні мен пойыз түтінін байланыстыра отырып, әдемі туынды жасаған.
Келесі аталым – «Таңдаулы жазба: Видео/Вайн». Авторлық стоп-моушн видеосы үшін жеңімпаз атанған Меруерт Тен құрбыларының жобаға қатысуға ұсыныс білдіргенін айтты. Монтаждың қыр-сырын меңгерген ару тұшымды видео дайындаған. Әлемде 8 млн темекі шегетін адам барын желеу етіп, таңдау жасауға шақырған.
Сонымен бірге темекінің зияны туралы видео-репортаж сериясы үшін Тәңірберген Бердоңғар «Таңдаулы блогер» ретінде марапатталды. «Таңдаулы жазба: Мәтін» аталымында қазақ және орыс тілінде авторлық графикалық фотоға негізделген жазбасы үшін Мағжан Құмарбек жеңіске жетті. Челлендж түсіріп, әлеуметтік желіде белсенділік танытқан Әділбек Арынғазы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Семейден #КуритьЭтоНеКруто челленджін түсіруге атсалысқан достарын ерте келген ол байқау ұйымдастырушыларына ерекше алғысын білдірді. 5 аталым бойынша үздік жұмыс авторларына 250 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ