Байтақ, бейбіт, берекелі елге ұлттық мерекесін кең ауқымды атап өтсе жарасады. Өйткені бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған елдің мейрамға мойын бұруға шамасы болмас еді. Ендеше тіршілік жаңаратын, келешек жақсылыққа бастайтын әз-Наурыз Қазақ елі үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің нышанына айналды. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Наурызды жаңаша тойлауға ден қоюда. Бірақ бұл нені білдіреді? Қазақстан үшін әз-Наурыз шынымен де бас мереке. Тек осы мейрамда мемлекет халыққа қатарынан үш күн демалуға рұқсат етеді. Кеңес кезінде атап өтуге бейресми тыйым салынған Ұлыстың ұлы күнімен халқымыз ХХ ғасырдың 80-жылдары қайта қауышты. Дегенмен ол Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы туралы» №285 Жарлығы шыққаннан кейін ғана ресми танылды. Құжатқа сәйкес, көктемгі күн мен түннің теңесу күні – 22 наурыз «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. Ал 2009 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Наурыз мейрамы наурыздың 21-і мен 23-і күндері аралығында атап өтіледі. Жалпы, бұл шешім еңбеккерлерге көбірек тынығуға мүмкіндік беруді ғана көздемейді. Үш күнгі демалыстың енгізілуі сонымен бірге мерекенің рөлінің артуына, осы арқылы азаматтарды қоғамның мәдени өміріне қатысуға тартуға, халықты тұтастыруға, яғни дініне, ұлтына қарамастан, елдегі бүкіл этнос өкілдерін, жас ұрпақты бір жалпыұлттық мерекеге жұмылдыруға жол ашты. Кеңес кезінен бұл рөлді Жаңа жыл мейрамы атқарғаны белгілі. 2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әз-Наурызды жаңаша атап өтуді ұсынды. Таяуда осы ұсынысын еске салды. Оның айтуынша, халқымыздың жарасымын бағалай, аялай білу керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барша қазақстандық бірдей жауапты.
– Осы орайда халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады, – деді Қ.Тоқаев.Жалпы, Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлауға бұған дейін бірнеше рет талап жасалды. Нәтижесінде, республиканың кейбір аймақтары оны 14 наурыздан, Амалдан бастап атап өтеді. Оңтүстік өңірлер Ұлыстың ұлы күнін қатарынан 9 күн тойлап көрді. Үкімет бұл тәжірибені бүкіл Қазақстанға таратып, әр күнге жеке атау телуге талаптанды. Бірақ мұны халық қабылдай қоймады. Осы бағыттағы тосын қадамдардың бірі Президент Әкімшілігі басшысының 2010 жылғы 17 ақпандағы «Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдарды мақұлдау туралы» №01-39.10 бұйрығы еді. Тосын болатыны, бұл құжатта Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлау «қоғамның көзқарастары мен қатынастарын, мемлекеттік шараларды, қоғамның рухани-адамгершілік және әлеуметтік өміріндегі мемлекеттің рөлін қайта қарауды білдіреді». Әрине, мемлекеттің еш рөлі қайта қаралған жоқ.
«Бұдан бірліктің мерекесін жасамақ болуда, ал жеке мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні бар ғой. Наурызға экологиялық сипат берген де дұрыс емес, жұрт сенбіліктен шаршады, қашады. Бұл жерде қазақтың ұлттық құндылықтарына басымдық берілгені жөн. Наурызды атап өтуге жаңаша сипат бергісі келсе, билік мұны бұйрық, жарлық, тұжырымдама түрінде ұсынбауы керек. Маркетинг технологияларына жүгінуі керек. Мысалы, АҚШ Рождествоны, Хэллоуин мерекелерін мәдениет, кино, өнер, халықтық фестивальдар арқылы насихаттады. Кеңес Одағы 1929 жылы православ Рождествосын тойлауға тыйым салды, оның орнын басатын ортақ, жалпыхалықтың мереке қажет болды. Сол себепті 1935 жылы алғаш рет Жаңа жыл мерекесі белгіленіп, дәл осы халықтық думандар арқылы қоғамдық санада бекіді», – деп қаперге салды әлеуметтанушы.Оның айтуынша, қазақтың санасында әз-Наурыз – жер бусанып, табиғат жаңаратын мезетті әдіптейтін көктемнің әдемі мерекесі. Табиғаттың жаңаруы адамдарға рух береді, қыстан қысылған адамдардың еңсесі тіктеледі, қоғам жаңа күш, тың жігермен ілгері ұмсынады. Араз табысып, ағайын қауышады. Демек, бұл мерекені бірлікті нығайтуға да, демократиялық жаңғыруды өрістету мақсатында да идеологиялық тұрғыдан пайдалануға болады. Бірақ мұның бәрі саясат емес, мәдениет арқылы жүзеге асуы тиіс. Қазіргі заман – ақпараттық технологиялар дамыған шақ, Наурызды жаңаша атап өтуді интернет, әлеуметтік желі арқылы жаңаша, қуатты насихаттаған жөн. Мысалы, жарнамасы мықты болған соң қазақтардың өзі Крещение күні ойыққа сүңгіп, крест сүйіп жүр.
«Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі ұнатуы үшін халыққа жағымдының бәрін осы Ұлыстың ұлы күніне шоғырландыру керек. Барлық жұмыс берушіні әз-Наурызға орай сыйақы не он үшінші жалақы беруге көндірген жөн. Қалтасына қаражат түссе, азаматтар балаларына, немерелеріне, туысқандарына сыйлық жасай алады, мол дастарқан жайып, отбасын немесе қонақтарын қуанта алады. Наурызда сауда орындары жаппай, салмақты, шынайы жеңілдіктер жасауы керек. Бюджеттен қаржыланатын театрларды, ансамбльдерді, қаптаған өнер ұжымдарын Наурыз күндері халыққа тегін өнер көрсетіп, қойылым қоюға міндеттеген жөн. Осы күндері музейлер де тегін кіргізуі шарт. Яғни, билік Наурызда еңсесін тіктеп, күйкі тірліктің ауыртпалығынан арылып, сергуі үшін қарапайым бұқараның 9 күн бойы көңіл көтеріп, серуен құруына барлық жағдай жасағаны жөн. Сонда ел мейрамды шын сезінеді», – деді сарапшы.Әйтпесе, оның айтуынша, қазақстандықтардың көбі Наурызды үш күн қатарынан демалу үшін ғана күтеді. Оқушылардың көктемгі каникулы да осы кезге сәйкес келді. Бірақ Оқу-ағарту министрлігі каникул мерзімін азайтып тастап, шәкірттердің көңіліне қаяу түсірді. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Наурыз ұлттық және отбасылық мейрам сипатын сақтаған жөн деп есептейді.
«Наурызда жаңа тіршілік, жаңа тыныс пайда болады. Сондықтан бұл – жыл басы. Қазақстан осы жаңа жылымызды жай тынығумен өткізеді. Мәселен, Иранда бұл күндері Теһранда, қалаларда адам қалмайды екен. Бәрі ауылға барып, кіндік қаны тамған жерлерге жетіп, ата-әжелеріне сәлем береді, туысқандық байланыс нығаяды. Аруақтарға Құран оқытады. Қазақстанда ұлттық дәстүрден ажырамаған отбасылар ғана наурыз көже пісіреді. Үй ішін, ауланы тазалап, жаңалайды», – деді қоғам қайраткері.Жалпы, ғалымдар бес мың жылдан астам тарихы бар наурызды тойлаудың этнографиялық қырына үңіліп, оның байырғы қазақ елінде қалай атап өтілгеніне назар аудару керек десе, сарапшылар оның заманауи сипатына баса мән берген абзал деп табандайды. Қалай болғанда, мұның бәрі ізденісті талап етеді. Өйткені наурыз көптеген атрибуттық, мазмұндық тұрпатынан ажырап қалды, әбден қарабайырланып, сүреңсіз тартты. Бұл күнді адамдар орталық алаңға барып, жай ғана тегін палау мен бауырсақ жеп қайтатын күн ретінде қабылдамауы керек. Филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраевтың байламынша, Қазақстанда 90-жылдары Наурыз бұқаралық мерекеге айналып, қазақтың рухын көтерудің, ұлттық бастауларға оралудың қайнары ретінде қарастырылды. Кейін біртіндеп саябырсып, тіпті сұйылып кетті. Олай болса, бұл мерекенің маңызын арттырып, мәртебесін көтеру үшін бәрібір мемлекеттің араласуы, бюджет арқылы қолдау мен БАҚ арқылы мемлекеттік үгіт қажет болады. Наурыз замана талабына да сәйкес келіп, ұлттық мүддеге, елдікті нығайтуға да ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Не болса да, Наурыздан наурызға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетуге жазсын!