Әсіресе, бүгінде трендке айналып кеткен тары кофенің дәмі тіл үйіреді. «Тарының денсаулыққа пайдасы зор. Жалпы тары атауының өзі тарихи мазмұнға ие. Бұл көне дәуірден бері келе жатқан дән. Оралда «Тақсай ханшайымы» табылғанда оның қабірінен көптеген жәдігерлер табылған. Ішінде тарының дәндері де болған. Тарыдан көптеген тағамдар жасадық. Технология арқылы кофе демделеді. Көшпенді қазақ елі кофе ішпегенін білесіздер. Бірақ кофе қазір заманауи трендте. Сондықтан біз ол трендке өзіміздің ұлттық тағамымызды қостық. Оны арнайы технологтар, ғалымдар тәжірибеден өткізіп, қолданысқа енгізді. Тары кофе біздің табиғатымызға жақын. Жалпы қазіргі таңда шай тізімі бойынша 30-дан аса патентіміз бар. Қазақстан аумағында өсетін шөптерден дайындадық», – дейді Айгерім.Иә, қоғамдық орында өзге дәмханаларда жоқ ерекше шайлар бар. Аршаға ысталған шай, киікоты шайы, қарақұмық шайы деген түрлері кездеседі. Әсіресе, тары қосылып демделетін сүтті шай батыстықтардың шай ішу дәстүріне ұқсайды. Дегенмен оны демдеуге 20-25 минут уақыт кетеді екен. Кафе әкімшісі Ербол Иманәлі алдымен тарыны қуырып, күйдіріп хош иістендіріп алатынын, одан соң барып сүт пен шай, тарыны бірге қайнатып дайындайтынын айтты. Дәмі ерекше бұл шай үшін арнайы келетіндер де бар. Ал тары қосылатын Американо кофесіне балмұздақ қосып беру дәстүрі қалыптасыпты. Әлі де кейбір ауылдағы үйлердің дастарқан мәзірінен көрініп жүрген тары ботқасы мен май тарыны сағынғандар осында келеді. Одан бөлек, мұнда десерттерге де тары қосу қолға алыныпты. Дәмі тіл үйірер чизкейкке тары қосып, дәмін одан сайын түрлендірген. Міне, осылайша, ұлттық тағамымыз жаңғырып, трендке қосылып, қазір сұраныс артқан. Бір жылдың ішінде дәл осындай кафе Астана қаласында үшеу, Алматы қаласында үшеу және жуырда Мәскеу қаласында тағы біреуі іске қосылған. Бұл ұлттық тағамымыздың бір түрі – тек тары қосылып жасалатын дәмдер дәмханасы. Ал ұлттық тағамдарымызды дәріптеймін дейтіндерге нарық әлі бос.
«Көп жерде болдым. Сырттың адамдарында да, өзімізде де, қазақтың ұлттық тағамы тек бауырсақ деген түсінік бар. Мәселен, Арменияға, Грузияға барсаң, «Шарап тізімі» деген бренд қалыптасқан. Ал бізде әзірге ешнәрсе жоқ. Енді «Қымыз тізімі» деген жобаны қолға алдық. Таяу күндері қолданысқа енеді. Қымыздың өзінің бірнеше дәммен, бірнеше түрі бар. Адамдар қымызда бір ғана қышқылтым дәм бар деп ойлайды. Жоқ, оның шырғанақ, дөнен, бал қымыз сынды ерекше түрлері көп. Біз осыны брендке айналдыруымыз керек», – дейді Айгерім Жұмағожинова бізбен әңгімесінде.Этнограф үлкен кісілердің көзі тірісінде баға жетпес құнды дүниелерді ертерек жинап алып қалу жолында әлі де талай еңбектену қажет екенін айтады.
Шымкент қаласы