Жаңа жыл жарылқасын!
Жаңа жыл жарылқасын!
887
оқылды
Әлкей Марғұлан Ұлыстың ұлы күні туралы жазбаларында Наурыз жырына көбірек тоқталады. «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз жыры» туралы арнайы бөлімі бар. Ғалымның бұл еңбектері көптомдық шығармалар жинағына енгізілген. Сонымен, ғалым, әдебиеттанушы, қазақ археология ғылымының негізін салған көрнекті қайраткер Әлкей Марғұлан Наурыз туралы не дейді? Наурыз жыры Ертегі-жыр айтысу салты түу ескі дә­уір­ден басталуымен бірге, қырда салған эпос жырға негіз болған көбінесе әдет-ғұрып жырлары, мәселен, жаңа жыл кір­ген­де айтылатын календарлық жыры (Нау­рыз), үйлену тойында айтылатын той бастар, жар-жар, беташар, не аза үстінде айтылатын естірту, көңіл айту жырлары. Бұл айтқан жырлардың өзі түу баста жыр, ән, би бәрі тұтасып жүрген поэзияның син­кретизм түрінен жекеленіп шыққан. Бара-бара бұлардан эпос, лирика, драма туады. Халық эпосында негіз болған жырдың бірі – «Ұлыстың ұлы күні» айтылатын тілек жыры. Наурыз қазақ сөзі емес, иран тілінде «жаңа күн» деген сөз. Наурызды ескі қазақ рулары «ұлыстың ұлы күні» деп атайтын болған, мәнісі жаңа жылдың бас күні дегенге келеді. Бұрынғы қазақ қариялары, жоғарыда көрсеткенде әсершілік ісін жақсы білген. Бірақ орта ғасырдағы қазақ халқы иран жұр­тының әдебиет әсеріне түскендіктен, бұрынғы «ұлыстың ұлы күні» дейтін мей­рамды енді «Наурыз» деп атап кетеді. Ескі әдебиет мұраларын тексеріп қарағанда, «наурыз» сөзі бұрынғы қазақ руларына Орта Азия жұрттарымен бірге жасап, олармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, олар әр жұртқа ортақ болып салт-сана түрінде бірге ортақ пай­даланатын болады. Сондай көп жұртқа ор­тақ болған салт-сананың бір түрі – Нау­рыз мейрамы. Ескі дәуірдегі түркі тілдес елдердің жаратылысқа көзқарасы бойынша ескі жылдан өтіп, жаңа жылға кіруі оларға зор әсер еткен. Жылдың ауысып отыруына жазғы тұрғы жаратылыстың түрленуі, «көк­тің шығуы» олардың өзіне тіршіліктің үзілмей ауысып отыратын ағымы тәрізді болып көрінген. Сондықтан халық тірші­лік өрбуінің қуанышын білдіретін салтқа айналдырып, ескі жыл өтіп, жаңа жыл кір­­ген күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп, «Нау­­рыз» дейтін болады. Бұл күні жұрт бо­лып жиылып, наурыздың мерекесін өткізеді. Наурыз туралы халық аузында мына­дай жыр айтылады: – Он екі айдың атының бірі – наурыз, Жаңа жылды көрдік міне, біз де сау­мыз. Жыл құттықтап бірін-бірі шақырады, Ескі жылдан өттік деп есен-бармыз. Ұлыстың ұлы күнінде барлық жұрт жиылып, «ескі жылдан есірке, жаңа жыл­дан жарылқа» деп тілек қылады. Ұлыстың ұлы күнінде халықтың тілейтіні – жұрт­шы­лықтың, үй ішінің амандығы. Молдық, барлық, береке; малдың сүмесі, жердің өнімі, төлдің өсуі; күн райының жақсы бо­луы, тағы сол сияқты жаратылыспен байланысты әртүрлі шаруа тілек- тері. Жаңа жылдың өнімі ағыл-тегіл болсын деп, ұлыстың ұлы күні бар шаруа қолын­дағы дүниесін ортаға салады; бәрі бірі- гіп – «қойдан қошқар, сиырдан бұқа, жылқы­дан айғыр сойып», қарияларға бас тарта­ды; жиылған топқа қазан-қазан көже істеп береді. Мәселен: Наурыздың міне келер айы, Көженің жасалатын бұл ыңғайы, Өгіз, жылқы сойылар, қойдан қошқар, Қысырдың еміп жүрген семіз тайы. Не: Ұлыс күні қазан толса, Ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, Сонда олжалы жол болар. Халықтық мереке Ұлыс күні қазан толтыра көже беру, не қариядан бата алу – бұл Наурыз мейрамы­ның ертеден келе жатқан тарихи түрі. Бұл күні қария бата берсе, жыраулар жыр айтып, есепші жыл райының қандай болатынын жориды. Бұл күні үлкен-кіші бірімен-бірі құшақтасып, жаңа жылға аман-есен шықтық деп қуаныш етеді: – Ұлыс күні кәрі, жас, Құшақтасып көріскен, Жаңа ағытқан қозыдай, Жамырасып өріскен. Шалдар бата беріскен, Сақтай көр деп терістен. Бұл сөздер Наурыз мейрамының халық мерекесі болғанын көрсетеді. Оның тағы бір дәлелі, бұл күні мал баққан малшы мен үй қараған жас келін болмаса, өзгенің бәрі, тайлы-таяғы қалмай мерекеде бола­ды. Және ол кездегі ру қауымының салты бойынша бұл күні «құлдарды еңбектен бо­сатып», оларға да көпшілікпен бірге қызық­тауға ерік береді. Наурыздың халық мерекесі болғанын жыр былай суреттейді: – Ұлыстың ұлы күнінде Бәйбіше шығар балпиып, Күндіктері қасқиып, Келіншек шығар керіліп, Сәукелесі саудырап, Қыз шығады қылшиып. Екі көзі жаудырап, Бозбала шығар бұрқырап, Ақбөкендей шырқырап, Құл құтылар құрықтан Күн құтылар сырықтан, Керік ыдыс шөміштің Буы кетер бұрқырап. Мұндағы «құл құтылар құрықтан» дегені, Наурыз күнгі жаңа жылға шыққан тіршілік тілегі бойынша құлдарды боса­тып, еркіне жібергенді көрсетеді. Наурыз жырында кездесетін «кетік ыдыс шөміштің, буы кетер бұрқырап» деуі – Наурыз күнгі мерекенің жалпы суретін көр­сетеді. Көже, қойдың басы, жағулы тұрған жұп шырақ – наурыз күніне салт болған нәрселер. Халықтың ерте заманнан тұтынған әдеті бойынша бұл айтқан нәрселердің атқаратын міндеті әртүрлі. Көже – мол­дық­тың, мал сүмесінің, жер өнімінің иша­расы болса, қойдың басын тарту – елдің бүтіндігін, ел басқарудың белгісін, жұрттың жалпы қуанышын білдіретін; жұп шырақ жағу – адамдағы кесапатты нәр­сені отпен тазартып, жаңа жылға мүл­тік­сіз таза шығу деген нанымнан туған. Жұп шырақ жағып, «аластау» не екі оттың арасынан өткізіп, «тазарту», ескі уа­қыттағы түрік-моңғол жұп шырақ жа­ғып, оның арасынан өткізу – сол әдеттің бір түрі. Халық әңгімесінде «жұп шырақ біреу де», «үшеу де болмайды» деуі де осы­дан шыққан. Наурыз күні бас асып, көже тарту, мал сүмесінің мол болуын тілек етуден басқа, егіншілік, жерден өнетін астық, егіннің де мол болу ишарасын білдіреді. – Қазақтың бұрынғы бір әдеттері, Ата салты деп жүрген әр нәрсені, Қар кетіп ала-сапыр болған кезде, Наурыз деп ішеді екен бір көжені... Екі түрлі жыр Наурыз жырының негізгі түрі екеу: бірін­ші – Наурыз күні қариялардың халыққа беретін бата-жыры, екінші – ақын-жыраулардың құттықтап айтқан жыры. Жаңа жылда жарылқап, мал-бас аман, халық күйлі, жыр бүтін болу үшін қариялар былай де бата береді: – А, жасаған, оңдасын, Оң жолына бастасын. Береке беріп бәріне, Арамызды ашпасын. Құтты болсын жылыңыз, Өмірлі болсын ер жетіп, Ұлың менен қызыңыз. Амандықпен мал-басын, Ойнап күліп есен-сау, Келесі жылға шығыңыз. А, құдайым оңдасын, Аман болсын мал басың, Қабыл болып ниетің Кемшілігің болмасын. Төлшіл болып шаруаң Егізден қойың қоздасын. Береке беріп басына Қыдыр дарып асыңа, Қырық шілден болсын жолдасың. Болмаса: – А, құдайым жарылқа, Жарылқасаң малды қыл, Біткен жұрттың алды қыл. А, құдайым бала бер, Саған қас қылғанды Табанның астына сала бер. А, құдайым оңдасын, Сексен түйе боталап, Сегіз келін қолдасын Тіленшінің биесін берсін, Үйсін, қоңыраттың түйесін берсін. «Ұлыстың ұлы күні» қариялар бата беріп, жыраулар жаңа тіршіліктің құттық жырын айтқанда, көп халық оларға қо­ше­мет көрсетіп, «Уа, жарылқасын, жарыл­қа­сын» деп тұратын болған. Кейін «Нау­рыз жыры» осы қалыбында халық эпо­сынан белгілі орын алып, оның негізгі элементінің бірі болып шығады. Халық эпо­сында наурыз жырынан келетін жері – батыр ерлерді жорыққа, жолға аттан­ды­рып тұрған кезде айтылады не ұзақ жолға кеткен ерлерді еске түсіргенде айтылады.