Қоян жылының қысы
Қоян жылының қысы
1,080
оқылды
Енді санаулы күндерден кейін өз жыл қайыруымыз бойынша «қоян жылы» басталғалы тұр. Еліне тыныштық, халқына жайлы өмір тілеп «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жаратқанға жалбарынып отыратын қарттардың тізесінде отырып өстік. Ескі көздер әр жылдағы құбылыстарды сипаттап отыратын Астролог ғалымдар, жорамалшылар жылдың құбылысын үш бағытта бағалап тұ­жырым жасайды. Ең бірінші кезекте мем­лекетаралық қатынастар, ішкі сая­си-экономикалық ахуал, екіншісі, ха­лықтың тұрмыс-тіршілігі, үшіншісі, та­­­биғаттың тылсым күштері. Біздің ат­қарып жүрген кәсібімізге орай, жаңа бас­талар жылдағы жердің нәрі мен көк­тің нұры, айналамызды қоршаған та­биғаттың сыйы қандай болар екен деген сұ­рақ мазалайды. Ауыл шаруашылы­ғы­ның жұмысы жылдың төрт маусы­мын­да­ғы табиғи жағдайларға тікелей бай­ла­нысты. Көктемде төл алынып, егін са­лынса, жазда осы өнімдердің өсіп-же­тілуіне қолайлы ауа райы мен қорек қа­жет. Күздің өз міндеттері мен қыстан шығудың да үлкен жауапкершілігі бар. Осы­лайша, амалдар мен тоғыстарды есеп­ке алып, туған аймен, басталар жыл­ды өткен кезеңдермен салыстырып ша­руа­шылық жүргізіледі. Әдетте қоян жылы Ата кәсіппен ай­налысушыларға қолайсыз болады деген түсінік қалыптасқан. Қа­зақ­тың шаруашылық жүргізу тарихында бұл жылды жұт, ашаршылық, ауырт­па­лық жылы ретінде бағалайды. Өткенге үңіл­сек, «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама» аталған қайғылы кезең 1723 жыл «қоян жылы» болатын. Қазақ да­ласында мал қырылып, ел аштыққа ұшырап, жоқшылық көрген 1867-1868 жылдарды «жалпақ қоян жұты», 1879-1880 жылдарды «үлкен қоян», 1891-1892 жыл­дарды «кіші қоян», 1915-1916 жыл­дарды «тақыр қоян» жұты атапты. Бір ғана батыс өңірінің Каспий об­­­­лысында 1891-1992 жылдарда «кі­ші қоян жұтынан» 189 мың бас қой, 21 мың бас жылқы, 17 мыңнан астам түйе шығын болған деген ақпарат бар. Елі­міздің басқа да аймақтарында бол­ған ауыртпашылықтар қазақ қалам­гер­лерінің шығармаларында да кездесіп оты­рады. М.Әуезовтың «Абай жолы» ро­ман-эпопеясында «Қыстай соққан ақ бо­ран, ақ даланы жұмыртқадай, қалың сіреу қарға толтырған. Елге жұт ара­лас­ты. Жұт жылының көп пәлесі мен апа­ты, жоқшылығы талай елдердің қалың топтарын қатты жүдетіп тұр. Қолдағы мал пішенін таусып, енді аштыққа ұры­нып, аулада тұрып өліп жатыр. Қоралар то­лы қатып, серейіп қалған, кей бұрыш­тар­да үйіліп қойылған қойлардың өлігі. Арықтан тұралап құлаған сиырлардың өлі­ксесі көп. «Жұт жеті ағайынды» дей­тін қазақтың мал баққан шаруалары қа­зір отыннан да жүдеген. Азық, астан та­рыға бастаған. Жолаушылап қалаға, ба­зарға айына, аптасына барып, керегін алып отыратын ел, тағы бір тарап күй­зе­ліске түсті. Мінетін көлік болмай, арып-ашып қырыла бастаған соң, жаяу­лық, көліксіздік тағы бір тың дерт бо­лып басқа түсті. Осындай көпті жүдетіп, ық­тыра бүрістірген қатал қысты, «ақ­қоян жылы», «апат жылы», «естен кет­пес жұт жылы» деп, ел марттың ішінде-ақ аhылап отырып, аңыз ете бастады» деп жұт жылының қиындығын баян­дай­ды. Атырау өңірінен де көптеген ауыл шаруа­шылығы саласы ардагерлерімен, көпті көрген қарияларымен сөйлесіп, пі­кірлестім. Бәрі де «қоян жылының» та­биғатының ерекешелігі мен қиын­дық­тарын айтады. Соның бірі – Бақыт­бек Таубаев. Өзі ғалым, профессор, қо­ғам қайраткері. Сол кісі қоян жылы ту­­­ралы бірталай деректерді айтты. «Менің алғашқы көрген «қоян жы­лым» 3 класс оқып жүргенде 1951-1952 жыл­дар болатын. Балалықпен көп нәр­сені ұғына бермесекте, соғыстан кейінгі ауыл жағдайы өте қиын еді. Сол жыл­дары мал арық, тамақ тапшы, бір ша­ғын жер төледе 2-3 отбасы бірігіп оты­ратын. Шұңғыл табаққа салынған арық малдың етін 15-18 адам отырып жей­тінбіз. Оның бергі жағында өзіміз жұ­мысқа араласқанда шом ауланы қо­рек еткен жылдар мен қатон қорада бі­рі­нің жүнін бірі жеп аштан қырылған қой­лар туралы әңгімелерді көп естідік. Ин­дер ауданында бірінші хатшы лауа­зымында болғанымда 1986-1987 жылғы «қоян жы­лы» қатты қуаңшылық болды. Ала жаз­дай тырмалап қысқы мал азы­ғын дайын­дадық. Жылқы малын қолға ұстау­ға мүмкіндік болмады. Құйрық-жалы төгілген үйір айғырларының тұяқ­­­тары сынып, қалың қатты қар ша­шаларын қызыл қанға боялып тебінен қал­ды. Азынап тұрған айғырлардың мәс­тек болғанын көзбен көрдік. Сол жыл­дары жол бөлімшесіне жаңа техни­ка­лар келген болатын. Дала қарларын кү­реп тазартып, шөп тасымалданып жет­кізіліп, қолда бар малды көктемгі кө­­к­ке әзер іліктірдік», – дейді. жыл кестесі Кеңес одағы кезінде 1963 жылды «ауыл шаруашылығының апат­ты жылы» деп атады. Көптеген аймақ­тар­да құрғақшылықтан егін шықпай қа­лып, өнім өндірілмеді. Кейбір өңір­лер­де нанға ұзын-шұбау кезектер пайда бо­лып, карточкалық өлшемді жүйеге кө­шірілді. Халықты аштық пен ауырт­па­шылықтан сақтау үшін Лондондағы ал­тын базарына мемлекеттік қорда сақ­таулы алтын құймалар өткізілген. Осы­лайша, Канада, Аустралия және Еу­ро­па елдерінен астық, басқа да тұты­ну тағамдары тасымалданған. Тағы бір еңбек ардагері Жаубасар Мұханбетов те тарихтан біраз сыр тартып, қоян жылының қыспағы жө­нінде айтып берді. Мұнда да жылдың ауыртпалығы аз болмағанын байқай­мыз. «1963 жылы ақпан айында жүргізу­ші­лік курста оқып жүрген бес жігітті Ақ­көбе қыстағындағы Нұрым атты шо­пан ауылына көмекке жіберді. Қыстақ ық­тасын жерде орналасқан болуы ке­рек, көп салқындық пен ызғырық желі бай­қалмайды. Оның есесіне жұмсақ жы­лымық қар 12-15 күн бойы тынбастан жауып, тізеден жоғары биіктікте нығыз­дап қатырып тастады. Шоқалап жинап қой­­ған шөпті әкеліп малға салуға мүм­кін болмай қалды. Шөп келсе мал шы­ғара­тын жер жоқ, қойлар аштықтан өле бас­тады. Шынжыр табанды ДТ трак­то­рымен келген ферма меңгерушісі Бақ­ты­герей Измайлов жағдайды көр­ге­ні­мен, қолдан келер көмегі болмады. Қуат­ты ДТ тракоры да жүре алмаған соң, суын жіберіп доғарып қойды. Бізге өл­ген қойларды текшелеп жинап, ақ­қа­ла соғуға тапсырды. Адамдардың ас-суы таусылып, мөлшерлеп тамақ­тану­ға тура келді. Осылайша, бас-аяғы 20-25 күнде бір отар қойды (600-700 бас) тү­гелдей текшелеп жинап, шопан тая­ғын ұстап қалды. «Қоян жылының қы­сы» осындай қаттылығымен есте қал­ды», – деп тарқатты. Біздің өлкемізде де 1963 жылғы «қоян­ жылы» қатты қиындықтар ту­дырған. Түтеген боранның қатты­лы­ғы­нан пішен мен аула арасына адасып кет­пес үшін арқан керіп қойып қатыс­қан екен. Шалғайдағы малшылармен қа­тынас үзіліп, тамағы таусылған. Осы жағ­дайларға байланысты Орталықтан Сі­бір әскери округінен қосымша тех­ни­­­калар мен солдаттар шақыртылған. Бірнеше шынжыр табанды әскери тех­ни­калар аудан орталығына жүк ма­ши­на­ларынан бастап жанармай, көмір, тұр­мыс­тық құрал-жабдықтар, дәрі-дәр­мек­тер жеткізген. Сондағы қардың қа­­­лыңдығы мен қаттылығынан ауыр тех­никалар қар астында қалған үйлердің үс­тімен өткенде көтеретінін ауыл ақса­қалдары айтып отыратын. Бертіндегі оқиғаларды бір шолып өтейік. Соң­ғы 2011-2012 жыл­дар­дағы қоян жылының қиыншылығын ауыл шаруа­шылығы саласының қайрат­кері, ғалым Бағыт Айдашов әлі күнге ұмыт­паған екен.  width= «Бұрындары жайлы үйде тұрып, жаңа техникалармен орталықта жүріп қыс­тың, соның ішінде «қоян жылының» қат­тылығын білмейді екенбіз. Оны бас­қа түскенде ғана аңғардық. Менің ша­руа­шылығым Индер ауданы орта­лы­ғы­нан 60 шақырымдай жерде орналас­қан бо­латын. Екі қыстақта сиыр мен қой малы ба­ғылатын. 1912 жылдың қаңтар айын­да басталған боран үзілместен ұзақ уа­қыт соқты. Даладағы малшылармен бай­­­­­ланыс та, қатынас та үзілді. Осы жағ­­дайымды айтып төтенше жағдай­лар­ға қарсы қызмет атқаратын меке­ме­ден көмек сұрадым. Астыма батпақ пен қарға арналған жалпақ дөңгелекті ма­шина берді. Бар қажетті азық-түлікпен, тұр­мыстық құралдарды тиеп алып тар­тып кеттік. Қардың қалдығынан жүре ал­май, ол көлігім жолда өртеніп кетті. Жүр­гізуші екеуміз тізеден келетін қар­ды кешіп 15-17 шақырым жүргенде қара тер­ге малынып, шаршап құладым. Кеш­­­­кісін сығырайып шамның жарығы кө­рінген малшы ауылға қосшы баламды жі­беріп, шөп шана алдырып зорға де­ген­де қарасынға жеттік. Ертеңіне бізге жі­берген ауыр әскери техникасы да қа­лың қардан өтіп келе алмағанын есті­дік. Содан үшінші күн дегенде тікұшақ ке­ліп, тиеліп қыстаққа аттандық. Ме­зет­те шаруашылыққа жеткенімізбен, көк­те жүріп кеңескен мамандар қыс­тақ­тың төңірегіне қардың қалыңдығы­нан қонуға мүмкіндік жоқ, тамақтарың­ды жоғарыдан тастаймыз деп шешті. Содан өзімді де арқанмен ақ қардың үс­тіне секіртті. Қалың қар, мал ауладан шы­ға алмайды. Жем-шөп таусылған. Кө­терем малдардың алды құлап өліп жа­тыр. Біздің қолдан келгені ықтырмаға бай­ланған қамыс аула мен ертеректе са­лынған шом ауланың сабандарын бө­ліп беру ғана. Көзбен көріп, қолмен ұс­тап отырып осылайша бар жинаған ма­лымның тең жартысынан айрылдым. Мұндай қатты қысқа ешқандай техни­ка­ның да, адамның да әлі келмейтініне кө­зім жетті. Тек мықтап дайындалу ке­рек. Малдың жем-шөп қоры мол бо­лып, аулаларға жақын жерлерге жинап, ада­м­дардың азығы, дәрі-дәрмегі, тұр­мыстық жабдықтарын алдын-ала жет­кілік­ті мөлшерде апарып қойған дұрыс. Бір қызығы, сол тау төбе болып үйілген қар 27-28 наурыз күндері түгел еріп, су бо­лып ағып жиналмастан жерге сіңіп кет­ті», – дейді ол. Ел ішінде «Қоян жылы туған бала қор­қақ, жылқы үркек келеді» деген сөз бар. Бұл жылдың ерекшелігін аңғартса керек. Майлықожа жыраудың жыр жолдарынан біраз нәрсені аңғар­ғандай екенбіз. Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр, Қабағы шаруалардың болды салбыр. Қысты күні болғанда қар тынбады, Айуанға өлім жетті аштан әр бір. Қоян жылы заманның тары болды, Көктен құйған құдайдың қары болды. Төрт аяқты айуандар баудай түсіп, Пір тұтқан тұтам шөптің зары болды. Осы шумақтар табиғаты жайлы Оң­түстік өңірде айтылғандығын еске алсақ, жазы ыстық, қысы қатты, шөл және шөлейт аудандардың сапын­дағы біздің өңір азаматтарына ой салуға тиіс. Ақыл айтар жасқа жетпесек те, өмірлік тәжірибемен бөлісер кезеңдеміз. Ор­тамызда қыстық мал азығын дайын­да­май қысқа түсетін мал иелері көбейіп кет­ті. Ол соңғы жылдары қыстың жай­лы, мерзімі қысқа, аязы мен бораны көп бол­мауынан болар. Соның ішінде бас­тапқыда бағуға жеңілдігінен қы­зығу­шы­лықпен жылқы ұстаушылардың са­ны көбейіп, мал басы шектен тыс ар­тып кетті. Кейбіреулері есепке де ілік­пеген. Осындай жаз жайлауы, қыс қыс­тағы жоқ мал ұстаушылар «Жылқы бір жұттық» деген қазақы қағиданы бе­рік ұстауы керек. ауыл қысы Мал жайылымдарында шөп түр­лері мен құнарлылығы тө­мен­дегені байқалады. Осыдан төрт-түлік мал дұрыс қоректенбегендіктен түрлі та­биғи ауруларға шалдығуда. Шаруа­шы­лық жетекшілері тәжірибелі мал дә­рігерлерімен кеңесіп, маусымдық ек­пелер, дәрумендер арқылы малға күш бе­ріп отыруы керек. Негізі 2-3 шаруа­шы­лық бірігіп, барлық індеттер мен қауіп-қатердің алдын алуда мал мама­нын ұстағаны дұрыс. Қадағалаусыз, кү­тімі жоқ малдан түрлі аурулар тарап ай­наласын бүлдіретіні белгілі. Осы жағ­дай іргелі шаруашылықтарға зиян кел­тіріп, тіпті барлық малына ауру жұқ­тыруы мүмкін. Сол себепті де аудан, ауыл мал мамандары даладағы мал ұстау ережелерін орындауда талапты күшейт­кендері орынды. Қайткен күнде де қоян жылының жеңіл болмайтынын білсек керек. Сон­дықтан шаруалар алдын ала мал-жайын қамдап, кез келген қиындыққа дайын жүр­гені абзал. Әйтпесе, табиғаттың мі­не­зіне жүрдім-бардым қарауға бол­май­тыны анық.

Мұрат САРМАНОВ