Айта кету керек, қысы ұзақ, жазы қысқа солтүстік өңірде Наурыз мейрамын жер аяғы кеңіген кезде атап өту дәстүрі әлі де жалғасып келеді. 22 наурызда Қызылжар өңірінде қардың көбесі сөгіле қоймайды. Сондықтан ақ қар, көк мұздың үстіне киіз үй тігіліп, ұлттық киім киген қыз-жігіттер бүрсең қақпауы үшін осындай ұсынысты кезінде марқұм журналист Мәлік Мұқанов айтқан болатын. Бұл ұсыныс қолдау тауып, отыз күнге созылатын мейрам «Сәуір болмай, тәуір болмас» дейтін солтүстікте кешеуілдеп тойланып жүрді. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментін генерал-майор Мейірхан Жаманбаев басқарған 2001-2002 жылдары және одан кейін де тәртіп сақшылары «Динамо» стадионында киіз үй тігіп, алтыбақан орнатып, наурыз көже, палау пісіріп, оған облыс тұрғындарын шақырып, кең ауқымда атап өтетін. Сондай-ақ Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясы да ұлық мейрамды қар еріп, көк шыға бастаған кезде сән-салтанатымен тойлап жүр.
КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ...
Ардагер журналист Зарап Құсайынов қойын дәптеріне әр жылдағы Наурыз мейрамының ерекшеліктерін жинақтаған екен. Журналистің жазбаларына сүйенсек, 2013 жылы Мағжан Жұмабаев көшесіндегі сахнадан Қыдыр ата батасын беріп, тігілген он үш киіз үй арасында байқау жарияланып, ұзындығы бес метр, салмағы 150 килограмм торт тегін үлестірілген. 2016 жылы астаналық дизайнерлер қалалық Мәдениет және демалыс саябағының маңында «Тілек ағашын» орнатып, ұзындығы 25 метр дастарқан жайылыпты. 2017 жылы Қызылжарда академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына орай республикалық Наурыз айтысы ұйымдастырылып, тоғыз облыстан ақындар қатысқан. Наурызкөже байқауында «Есіл» мейрамханасы бас жүлдені ұтып алған.
«2019 жылы Наурыз мерекесі Тұңғыш Президент саябағынан бастау алды, облыстық әкімдіктің ұйғарымымен қаланың барлық шағынаудандарында, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында атап өтілді. Бұл жылы 3 тонна палау, 700 килограмм бауырсақ пісіріліп, 300 литр қымыз дайындалып, үлестіріліпті. «Шеберлер ауылы» фестивалі ұйымдастырылып, оған Түмен, Омбы, Қорған облыстарының қолөнершілері қатысты», – дейді Зарап Құсайынов. Наурызды әр аулада атап өту дәстүрі әлі де сақталып келеді.
Қоян жылындағы Наурыздың ерекшелігі – қонақтарға бұған дейін беймәлім болып келген ұлттық тағамдар ұсынылмақ. Петропавлда халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамын насихаттап жүрген, орысы басым қаланың бағына біткен жеке кәсіпкер Айтықан Қалғаева үнемі ізденіс үстінде. Ұлы даланың ұлық мерекесіне дайындықты бұдан бір-екі ай бұрын бастап кеткен Айтықан Асанқұлқызы биыл қызылжарлықтарды ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдармен таңқалдырмақ. Жаппасай, белкөтерер, бал қуырдақ, сырбаз қуырдақ деген дәм туралы ол көнекөз қариялардан естіп білген. Әрқайсысының тіл үйірер дәмі, ағзаға пайдасы, нәрі және әрине әзірлеудің өзіндік құпиясы бар. Биыл осы тағамдарды алғаш рет үлкен көлемде әзірлеп, бас алаңда баршаға дәм татырмақ. Бұған дейін мұндай сирек тағамдарды Айтықан Қалғаева өз отбасы үшін ғана әзірлеп келген екен. «Туған-туысқандармен ғана ақ дастарқан басында жейтін тағамды көпшілікке ұсыну – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Әр халықтың өз ұлттық тағамы бар. Мәселен, жапондар суши арқылы, итальяндар пицца арқылы әлемге танылды. Ал біз үшін бауырсақ, қымыз бен шұжықтан асқан ас жоқ. Бұл тағамдарда халықтың ұлттық дүниетанымы, тарихы, салт-дәстүрі, әрбірден соң, пәлсапасы жатыр. Сондықтан мен ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды зерттей келе, оларды қайта жандандыруды қолға алдым. Ертең көшедегі мерекеге ағылған қалың нөпір жаңа астан дәм татып, таңсық тағамды насихаттаса, нұр үстіне нұр емес пе?!» – дейді «Алтын орда» мейрамханасының иесі. Бұған қоса мейрамхана, әрине, жеті түрлі тағамнан жасалған наурызкөже, палау, бүйрек пен бауырсақ, құймақ және басқа да ұлттық тағамдар әзірлемек.
НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ КӨРІСУ КҮНІНЕН БАСТАЛАДЫ
2019 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан өңірінде Көрісу күні де бар. Биыл да Солтүстік Қазақстан облысында Амал мерекесінен бастап Наурызға дейінгі әр күн аталып өтуде. 14 наурыз күні облыстық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар алқасы және этномәдени бірлестіктердің өкілдері Көрісу күнін атап өтсе, 15 наурыз «Шежіре күні» ретінде жалғасын тапты. Бұл күні ұрпақтар сабақтастығы, аға буын өкілдеріне құрмет, ата-баба мұрасын, жеті атаны білуді насихаттауға көңіл бөлінді. 16 наурыз – Жайлау күнінде экологиялық тәрбие және табиғатты қорғауға көңіл бөлінді. 17 наурыз – Зияткерлік күнінде зияткерлік ұлт қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. 18 наурыз – Шымырлық күні қазақтың ұлттық ойындары мен ұлттық спорт түрлеріне арналды. 19 наурыз – Дархандық күнінде волонтерлер мұқтаж жандарға көңіл бөліп, алғысқа бөленді. 20 наурыз – Жоралғы күні ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық кодты сақтауға арналған шаралар өткізілді. 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күнінде этномәдени бірлестіктер өкілдері «Томпақ бауырсақ» байқауына қатысып, бақ таластырды. Ал 22 наурыз – Бұқара күнінде облыс орталығында және елді мекендерінде жаппай халықтық мереке ұйымдастырылмақ. Оның аясында «Қазақтың салт-дәстүрлері» фестивалі, «Бауырсақ Fest–2023», «Халықтық караоке», «Мінсіз ене» байқаулары мен «Наурыз думан» бағдарламасы ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы