«Жалпы, әр ұлт бұл мерекені өз салт-дәстүріне сүйене отырып, ұлттық нақышта тойлайтыны белгілі. Біз көпұлтты ауылда тұратын болғасын, бұл мейрамды қазақы нақышта атап өтеміз. Өйткені біздің ауылда ұлтқа бөлінбей, бір қазанда қайнағандай ортақ салт-дәстүріміз қалыптасқан. Қандай мереке болса да, баршамызға ортақ қазақы үлгіде өткізуге тырысамыз. Атап айтсам, Наурыз мейрамына 10 күн бұрын дайындық жасаймыз. Алдымен, көше, арықтарды қоқыстан тазартып, тазалық жұмысын қолға аламыз. Содан кейін соғымнан қалған сүрленген етімізді қазанға салып, құрт-ірімшіктерімізді, қымыз, айранымызды даярлаймыз, Бауырсақ қуырып, жал-жая дайындаймыз. Сонымен қатар әр ұлт өкілі өздерінің ұлттық тағамдарын жасап, дәм татқызады. Өзім осы күні түрік халқының Хинкал (ең сыйлы тағамы), Хачапур, Базлама, Синор, Қатмар секілді ұлттық тағамдарын жасаймын. Бірақ осы күні бәріміз ерекше ықыласпен пісіретін ең ұлы тағам – Ұлттық Наурыз көже болып саналады», – дейді ауыл тұрғыны, түрік ұлтының өкілі Дильфура Байрахтарова.Сонау 1944 жылдан бері осы ауылға қоныстанып, қазақ даласында балалық дәуренін өткізген Дильфура тілі мен дініне үлкен құрметпен қарайды. Бірақ бұл мерекені жыл сайын тек қазақы нақышта тойлайтынын айтады. Берекелі күннің түрік халқы үшін де маңызы зор. Сонда да үрдістен ауытқымай, ауылдастарымен қазақы дәстүрді ұстанады.
«Осы ауылға келін болып түскеніме 12 жыл болды. Содан бері ауыл тұрмысына сіңісіп кеттім десем болады. Қонақжайлылық таныту біздің қанымызда да бар. Наурыз мерекесі күні қонақ шақырып, үлкен құрмет көрсетеміз. Қазақы ортада жүргендіктен бұл мерекені тек қазақы дәстүр бойынша атап өтеміз. Негізінен, жыл басы ретінде бұл мерекені біздің ұлтымыз да ерекше нақышта атап өтеді. Бидай өсіріп, бір ай бұрын мерекеге дайындық жүргіземіз. Алайда өзіміздің ұлттық Буклама, Пахлава секілді тағамдарымызбен қатар, Наурыз көжені дайындауға ерекше көңіл бөлеміз. Жалпы, ұлтқа бөлінбей, ауыл халқымен бірге мерекені жыл сайын қазақы үрдісте тойлап келеміз», – дейді әзербайжан ұлтының өкілі Гулләр Искендирова.Әсіресе, әзербайжан ұлтында палау ұлттық тағам ретінде қолданылады екен. Сондықтан да Наурыз мейрамында мейіз бен ноқат қосылған палау дайындауға ерекше мән беріледі. Ең бастысы, қазақы дәстүрден ауытқымай, мерекені ұлттық нақышта атап өтеді. Ән мен күйлері де тек қазақы нақышта әрленеді.
«Жер қарайып, күн жылынғаннан ауылымызда ұлық мерекеге үлкен дайындық басталады. Ауыл халқы ұлтқа бөлінбей мерекені қазақы нақышта атап өтуге тырысады. Бірақ біздің ауылда қараша үй тігілмейді. Өзге ауылдар секілді көктем келісімен киіз үй тігу дәстүрі қалыптаспаған. Бірақ Наурыз қарсаңында ұлттық тағамдарымыз пісіріліп, мерекені қазақы сипатта атап өту үрдіске айналған», – дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов.Жыл сайын ынтымағы жарасқан ІІІ Интернационал ауылында Ұлыстың Ұлы күні үлкен думанға ұласады. Ауыл халқы мереке күні бір-бірінің үйіне кіріп, көрісіп, ізгі тілектерін білдіреді. Тағы бір айта кететіні, ұлтына қарамай, ауыл тұрғындары Наурыз күні қазақтың ұлттық киімін киіп, ұлық мерекені қазақы нақышта атап өтуді үрдіске айналдырыпты.
Қызылорда облысы