«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, 2018 жылы «Атырау қаласындағы орта мектептерге арналған спорт алаңдарының құрылысы» деп аталатын жоба қолға алынған. Оған 1,3 млрд теңге бөлінген. Бірақ мердігер өзіне тиесілі соманың қомақты бөлігін ала отырып, белгісіз себептермен бүкіл жұмысты тоқтатты.
Бұл ақпаратты қала әкімдігі де растады. Әкімдіктің мәліметінше, тендерді әлдебір «Фирма Лан» ЖШС ұтып алып, 2020 жылдың күзіне қарай №4, 6, 8, 12, 18, 20, Алтынсарин, Құнанбаев, Нысанбаев атындағы және т.б. мектептердің – барлығы 25 оқу орнының спорт алаңын салуға міндеттелген.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары 60 пайызға орындалды, бірақ аяқталмады. Мердігердің нысанды аяқсыз қалдыруының себептері белгісіз. Мердігердің әрекетіне орынды түсініктеме беру мүмкін емес», — делінген 2018-2020 жылдары мердігерге келісілген соманың көп бөлігін төрт траншпен төлеген әкімдіктің жауабында. Қалғаны – 645 млн теңге.
Одан әрі сот ісі басталып, шамасы «Фирма Лан» ЖШС-даи«ақылға қонымды түсініктемелер» табылған болуы керек. Сот әкімдіктің мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты, ал құқық қорғаушылар «қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты» деген тұжырыммен басталған тергеу ісін тоқтатты.
Оның үстіне, өткен жылы «Фирма Лан» ЖШС өз кезегінде келісімшартқа қосымша келісімді қалпына келтіру туралы талаптарын қанағаттандырған әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсірген.
Ал “енді алаңдарды кім аяқтайды?” деген сауалға әкімдік: “Қосымша келісімшарт жасалған соң мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына жұмылдыруды бастайды”, — деп жауап берді.