Күні кеше ғана есіктен енген Қасиетті ай – Рамазан айында Алматыда дін мен дәстүрдің сабақтастығын дәлелдейтін ерекше шара өтпек. Алматы Орталық мешіті Рамазан айының құрметіне «Жарапазан-Party» атты бұқаралық байқау өткізуді қолға алды. Бұл туралы Алматының Орталық мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жарапазан-Party» байқауы жалпыхалықтық бұқаралық шара болып саналады. Шараға барлық алматылықтар қатыса алады.
«Байқаудың өткізудегі мақсат, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялауына орай «Дін мен дәстүр» сабақтастығы аясында ізгі қоғам құруда бұқара халық арасында ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді насихаттап, дәріптеу. Ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайта жаңғырту. Халықты он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен сүйіншілеу.
Сонымен қатар Оразаның рухани-моральдық, этикалық тұрғыдан насихаттау», – дейді Алматының бас имамы Төлеби Оспан.
Байқау 2023 жылғы 23 наурыз бен 01 сәуір күндері аралығында өтеді. Жарапазан айтудан өтетін жарыстың қорытындысы 1 сәуір күні шығарылмақ.
Жарысқа жекелеген адамдар, шығармашылық топтар, студенттер мен мешіт шәкірттері, жалпы жамағат қатыса алады.
Байқауға қатысушылар классикалық немесе жаңарған заманауи жарапазан мәтінін ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен немесе сүйемелдеусіз халық арасында флеш-моб форматында орындайды. Байқаудың қорытындысы барлық қатысушылар мен әділқазылардың қатысуымен Алматы Орталық мешітінде өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар жүлделі І орын (300 000 теңге) ІІ орын (200 000 теңге) ІІІ орын (100 000 теңге) қаржылай сыйлықпен марапатталады. Сонымен қатар ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Байқауға «MIRAS QAZYNA» қоры демеуші болып отыр.