– Ендеше айтыңызшы, әншейінде бірлік, ынтымақ, ауызбіршілік, достық, бауырмалдық деп ауыздарыңыз жабылмайды, неге ауыл-ауылға, ру-руға бөлініп, қырықпышақ болдыңыздар? Кешегі сайлау кезіндегі қитұрқылықтарды жасырып-жабулаймыз деп ырылдасқандарыңызда адам былай тұрсын, ит біздің өзіміз жерге кіріп кете жаздадық. Осы ма ауызбіршіліктеріңіз? Неге біріңіздің-біріңіз дауыстарыңызды ұрлайсыздар?
Япыр-ай, тап осылай жанды жерімнен ұстайды деп кім ойлаған? Не деп жауап берерімді білмей, дымым құрыды. Менің нарттай қызарып тұрғанымды көрген Құтжол:
– Адамгершіліктен де, ауызбіршіліктен де жұрдайсыздар. Бұл қасиеттер сіздерден гөрі бізде бар. Айталық, Мына Лайка екеуіміздің жұп құрғанымызға талай жыл болды. Өмір берсе әлі бірге жүре береміз. Біріміздің көзімізге біріміз шөп салғанымыз жоқ. Ал сіздер бір-бірлеріңізді жиі алдайсыздар. Бүгін үйленіп, ертеңіне ажырасатындар да адамдар.
– Бізде махаббат, сезім деген игі қасиеттер бар. Ал сіздерде ол қайдан болсын? – деп тыңға түрен салдым.
Әп, бәлем! Иттерді үндері шықпастай етіп тұқыртқан жерім осы болар! Ал енді не деп жауап берер екен?
Құтжол мен Лайка ыржың-ыржың етіп ұзақ күлді.
– Бізде махаббат, сезім деген қасиеттер болмаса Шымкент қалалық әкімдігі ветеринарлық бөліміне иттерді сүндеттендіруге 140 миллион теңге бөлер ме еді? Ал сіздерде балаларыңызды сүндеттендіруге мемлекет қанша қаржы бөліп жүр?
Сіз, ит жолдас, мұндай қитұрқы сұрақ қоймаңыз.
– Бізде әрбір ата-ана ұлдарын дәрігер-хирургке апарып, өздері сүндеттендіреді.
– Міне, қадірлеріңіздің жоқ жері осы. Мемлекеттің болашағы балалар дейсіздер. Бала денсаулығы үшін бөлмеген қаржыны мемлекет қашан бөледі?
– Бөлетін шығар.
–Екіұшты жауап. Бөлетін болса заң шығарар еді ғой. Ал бізді қорғайтын, тұқымдарымызды сақтау мен өсімімізді молайту туралы заңдар бар. Осы заң бойынша ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, қинау, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулауға тосқауыл қойылған. Ал адамдар қанша заңдарыңыз болса да бір-бірлеріңізді өлтіріп, қинауды, зорлық-зомбылық көрсетуді қоймайсыздар. Мейірімсіздер. Жасөспірімді үш жыл бойы зорлап келген түркістандық полиция қызметкері Сәкен Сейітжаппаровтың 15 жылға сотталғанын кімнен жасырасыздар? Осы ма мейірімділіктеріңіз?
Тұтығып сөйлей алмай қалдым.
– Біз әлгі сүндеттегіш ветеринарымыздан қашып, әдейі осы саябақты паналап жүрміз. Біздің де ұрпақ қалдырғымыз келеді. Махаббат шуағына шомылғымыз келеді. Сіздердің келіндеріңіз ғой, бір-екі баладан артық таппайды. Сондықтан көбеймей жатырсыздар. Оның үстіне, қымбатшылық та бір жағынан қысып барады. Қарақан басын асырай алмай жүргендер балаларын қалай асырайды? – деді Құтжол.
– Қазақ «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дейді. Бала дүниеге келсе бірдеңе етіп асыраймыз да!
– Бұл – көнерген мақал. Бұрынғыдай артық шығатын жусан да қалмай барады. Ұлан-ғайыр тың даланы улап біттіңіздер.
Ә, үндемейсіз! Неге? Өйткені берер жауабыңыз жоқ. Жарайды, айтысты осы жерден доғарайық. Кеттік. Бізді көрдім деп ешкімге айтпай-ақ қойыңыз, – деп Құтжол сылаңдаған Лайкасын ертіп ұзай берді.
Бұдан әрі Құтжол мен Лайкамен айтысуға бетім де жоқ еді. Шоқитып кетті бәлемдер.
Әй, осы итпен ит болып екеуімен айтысып нем бар еді?..
Сабырбек ОЛЖАБАЙ