Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақсуат ауылының тумасы, жиырма жеті жастағы Аманер Темірбаевтың кәсіби түрде альпинизммен айналысып жүргеніне жеті жыл. Ол бүгінге дейін биіктігі мен қиындығы әртүрлі 50-ге тарта шыңды бағындырған. Бірақ кейіпкеріміз «шыңды бағындыру» деген тіркесті ұнатпайды: оның айтуынша, табиғат ешқашан адамның алдында тізе бүкпейді, бұл – бірі жеңіп, бірі бағынатын алаң емес, керісінше бізге онымен келісімде өмір сүруге ұмтылу керек.Таудың биіктігі ғана емес, жолдың қиындығы да маңызды– Тауға деген сүйіспеншілігіңіз неден басталды? Альпинизмге қашаннан бастап бет бұрдыңыз?
– Мектепте бесінші сыныптан бастап туризм үйірмесіне қатыстым, онда тау туризмі, ат туризмі, жаяу туризм деген сияқты әртүрлі бағыт бойынша білім алдым. Бірте-бірте облыстық, республикалық, кейін халықаралық жарыстарға шыға бастадым. Оқушы кезімде Ресейге дейін барып қайттым. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының туризм факультетіне оқуға түстім. Сол жерде альпинизм үйірмесіне жазылдым. 2016 жылғы қыркүйекте бұқаралық альпиниада өтіп, соның аясында Кіші Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 4147 метр биіктікте орналасқан Молодежный шыңына көтерілдім. Бұл – менің табаным тиген алғашқы шың еді. Осыдан бастап альпинизммен кәсіби түрде айналысып келемін. Бастапқыда үшінші, екінші, кейін бірінші разряд алдым, сосын Алматы қаласының альпинистер құрама командасына кірдім. Алты жылдың ішінде бас-аяғы 50-ге жуық шыңға, олардың кейбіріне бес-алты мәрте, кейбіріне он шақты мәрте көтерілдім, сонда 150-200 рет тау басында болып келдім. Қазақстаннан басқа Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан шыңдарына шықтым. Қазір альпинизмнен спорт шеберіне үміткер деген дәреженің шарттарын орындап жүрмін.
– Разряд деп қалдыңыз... Олар таудың биіктігіне қарай ерекшелене ме? Альпинистер әуелі қандай биіктіктен бастайды?
– Разрядтар таудың биіктігіне ғана емес, шыңға шығатын жолдың қиындығына қарай да ерекшеленеді. ТМД елдерінде қиындық санаты 1A-дан 6Б-ға дейін белгіленген. Мысалы, арнайы жаттығудан өтпеген, бірақ дені сау қарапайым адамдар 1А қиындықтағы бағдарларды оңай еңсереді. Ал 6А мен 6Б – керісінше, өте ауыр бағдарлар. Мұндай жолмен шыңға шығу әдетте бірнеше күнді алуы мүмкін. Оны ТМД альпинистері жылына әрі кетсе 1-2 рет қана өтеді. Кейбір бағдарлардың қиындық санатын қыс айларында жоғарылатады, өйткені қосымша кедергілер көбейеді.
Үшінші разряд алу үшін 1Б санатты тауға екі рет, 2А санатты тауға екі рет, сондай-ақ 2Б санатты тауға бір рет – жалпы саны бес тауға шығу керек. Ал екінші разрядты иелену үшін 3А санатты үш тауға, 3Б санатты үш тауға, сосын 2Б санатты бір тауға – жалпы саны жеті тауға шығуың тиіс. Бір тауға оңай бағдармен де, қиын бағдармен де шығуға болады.
Спорттық альпинизмдегі мансабыңыз біртіндеп өседі. Сізді келе сала ешкім Хан Тәңірі шыңына жібермейді. Бізде Альпинизм федерациясы бар, олар тауға шығудың ережелерін үйретеді. Сабақ барысында тау бедерінің түрлері, таудағы қауіпсіздік, тауда бағдарлау, ауа райының өзгеруі, алғашқы көмек көрсету, жасанды жартаста, мұзда өрмелеу деген сияқты біраз дүниені меңгересіз, сосын физикалық жаттығулар бойынша норматив тапсырасыз. Содан кейін сізді 1Б санаттағы бағдарға жібереді. Соған аман-есен оралсаңыз, «Қазақстан альпинисі» деген төсбелгі аласыз.
Табиғатпен текетірес жақсылыққа апармайды– Ең алғаш рет 4147 метр биіктіктегі Молодежный шыңына шығыпсыз. Сол кездегі эмоцияңыз, ойларыңыз есіңізде ме еді?
– Иә, бұл шыңға мен альпиниада кезінде көтерілдім деп едім ғой. Оған апаратын маршрут Тұйықсу шатқалынан басталып, Мыңжылқы метеостансасын басып өтіп, ары қарай Молодежный мұздығына жетеді. Жарысқа қатысушылар метеостансада қондық. Таңғы алтыда старт. Керекті жабдықтарды түгел үлестірді, жол бойы нұсқаушылар жол көрсетіп тұратыны тағы бар. Азанда ерте тұрдым да, менің алдымда бірінші кетіп бара жатқан адамдар спортшылар шығар деп ойлап, арттарынан ілестім. Сөйтсем ол кісілер ұйымдастырушылар екен. Сөйтіп алғашқы шыңыма алғашқы болып шыққаным есімде. Жастау кезім ғой, кішігірім жеңісіме масаттанып, бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеп, таудың басында аз-кем тұрдым да, сол қарқынмен қайтадан төмен түстім. Жерге жеткенімде, басым ауырып, жүрегім айнып, тау ауруы басталды. Күні бойы етектегі шатырда жаттым. Егер мұқият дайындалып, асықпай мініп-түскенімде, тау ауруына шалдықпас едім. Бұл да бір болашаққа сабақ болды.
– Ал ең қиынға түскен тау қандай болды? Жете алмай, амалсыз кері бұрылған сәттеріңіз көп пе?
– 2022 жылы Тәжікстанда теңіз деңгейінен 7105 метр биіктіктегі Корженевский шыңына көтерілдік. Жанымдағы әріптестеріммен кішкене кешігіп келген соң, акклиматизацияға уақыт болмай, үш күннің ішінде тауға шығып кеттік. Сол кезде де тау ауруына шалдықтым.
Әлбетте, армандаған шыңыма жете алмай, кері қайтқан сәттерім аз емес. Бірінде Пионер шыңында жарқабақтан құлап, миым шайқалды. Енді бірде ауа райы кедергі келтіріп, алға жылжуға бірде-бір мүмкіндік бермей қойған соң, сапарымызды тоқтаттық. 2019 жылы Пәкістанда биіктігі 8611 метр болатын К2 шыңын мақсат тұтып барғанбыз. Бұл шың – Эверестен кейінгі екінші биік шың. Қыс кезі еді. Күн көзі көрінбейді, айнала ақтүтек боран. 6100 метрге жеткенде, тоқтап, кері бұрылдық.
– Ондайда «еңбектің бәрі еш кетті» дегендей үлкен өкініш қала ма?
– Жоқ, мұндайда аман түскенімізде қуанамыз. Бізде өз арамызда «жақсы альпинист – тірі альпинист» деген сөз бар. Біраз жол жүріп тастадық қой деп табиғатпен текетіресіп, ештеңеге қарамай, өрмелей беретін болсаң, ол жақсылыққа апармайды. Тау саған дейін пәлен ғасыр бойы өмір сүріп келген, сенен кейін де өмір сүре береді. Бұл жерде ең әлсізі сенсің. Сондықтан есің барда еліңді табуға тырысқан дұрыс.
Альпинизм қымбат спорт емес– Елімізде бүгінде шамамен қанша альпинист бар? Олардың көбі кімдер?
– Шамамен мың шақты альпинист бар. Көбі – 25-35 жас аралығындағы азаматтар. Бірақ қазақ жастары аз. Насихат аз болғандықтан да, альпинизмге қызығатындар жоқтың қасы.
– Бәлкім «альпинизм – қымбат спорт түрі» деген түсініктен кейін қорқақтайтын шығар?
– Мұндай түсінік коммерциялық альпинизммен айналысатын әуесқойларға қатысты. Ақшаң болса, кез келген шыңға көтеріле аласың. Мысалы, Эвереске шығу ондаған мың доллар тұрады, оның ішіне не кіреді? Сені бастап жүретін, сөмкеңді көтеретін, оттегі балоныңды арқалайтын, қысқасы, бүкіл жағдайыңды жасайтын команданы осы ақыға сатып аласың. Ал егер альпинизммен кәсіби түрде айналыссаңыз, сіз міндетті түрде федерация атынан жылына бірнеше рет жиындарға барып тұрасыз, шыңдарға да тегін шығасыз.
– Бізде альпинизмнің қай бағыты жақсы дамыған?
– Қазақстандықтар көбіне командалық альпинизммен айналысады. Біздің команданы бүкіл әлем таниды. 2000-2011 жылдар арасында әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын ең биік 14 шыңға біздің альпинистер ғана оттегісіз шығып түсті. Ресей әлі ол бағдарламаны орындамады. Жалғыз шығу, яғни соло альпинизм әлдеқайда қауіптірек. Сондықтан елімізде оған онша көңіл бөлмейді.
Қорықпайтын адамдар қауіпті– Тарихта кейбір альпинистердің жалған мәлімдеме жасағаны туралы бірқатар оқиға болған. Мәселен, 1959 жылы италиялық Чезаре Маестридің Патагониядағы Серро-Торре шыңын бағындырғаны туралы дау әлі бар. Альпинистің еш дәлелі болмаған: камерасы жолда қаза тапқан досымен бірге жоғалып қалған екен. Шыңға шыққан сәтті қалай дәлелдей білу керек?
– Көп таудың басында арнайы белгілер орнатылған. Соның қасында суретке түсу жеткілікті. Кейбір шыңдарда арнайы жәшік қойылып, ішінде жазба қалдыруға болатын дәптер жатады. Мәселен, Молодежный шыңына шықсаңыз, қызыл қобдишаны көресіз. Амангелді шыңында пошта жәшігі бар. Бұрынырақта альпинистер жолай капсула тығып кететін, оның ішінде «пәлен бағдармен өттік, пәлен деген альпинистерміз» дегендей жазба болады. Соны алып түссеңіз де шыңға шыққаныңыздың дәлелі.
Тағы бір есте ұстар жайт, таудан аман түсуіңіз керек. Шығуын шығып алып, бірақ қайтар жолда мерт болсаңыз, онда шыңға шыққан болып есептелмейді. Ең биік нүктеге 50-60 метр жетпей қалсаңыз да, шыңды еңсердім деп айта алмайсыз.
– Ырымға сенесіздер ме? Мысалы, әлдебір нәрседен секем алып, қайтып кететін сәттер бола ма?
– Альпинистер ырымға сенбейді. Бізде, жалпы, сәттілік не сәтсіздік дегендей ұғымдар жоқ. Тек суық ақылға сүйенесің. «Сәттілік жақсы дайындалғандарды сүйеді» дейміз өз арамызда. Физикалық дайындығың мен ауа райы дұрыс болса, басқа ештеңе бізді тоқтата алмайды.
– Альпинизм мен қорқыныш бір-біріне сәйкес келмейтін ұғымдар ма? Биіктіктегі қорқынышты қалай тізгіндеу керек?
– Қорқынышсыз адам болмайды. Бірақ оны әркім әртүрлі жұмыс істетеді. Біреулерде қорқыныш үрей туғызса, біреулерде ол ойланып, күрделі жағдайдан жол табуға итермелейді. Қорқынышы жоқ адамды тауға алып шығу қауіпті.
– Тауға шыққысы келген қарапайым адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ерте қимылдаңыздар. Бізде алматылықтар тапа-тал түсте оянып алып, тауға барып қайтайын деп жолға шығады. Сөйтіп кеш түскенде әлі тауда жүреді. Кешкісін күн салқындайды, тауда бәрібір табиғат басқа, кейбіреулер қалып қойып жатады. Нағыз альпинист тауға шығуды таңғы төрт-бесте бастайды. Шың басында түскі сағат он екіде болады да, түстен кейінгі уақытта төменге түсуге арнайды. Ал Эвереске шығатындар сапарға түнгі он екіде шығады. Таң атқанда шың басына жетеді де, тұтас бір күн бойы төмен түседі. Яғни тауға шығу қалай маңызды болса, одан аман түсу де дәл солай маңызды. Бағана да айттым ғой, егер сіз шыңнан тірі түспесеңіз, «тауды бағындырдым» деп айтуға еш хақыңыз жоқ.