Алапат апаттың апаны
Алапат апаттың апаны
685
оқылды
Арал өңірінде құпия орындар аз емес. Әсіресе, Кеңес зама­нында жабық әскери қалашықтар өте қауіпті сынақтар жүргізіп, табиғатқа, тұрғылықты халықтың денсаулығына орасан залал келтіргені бүгінде белгілі бола бастады. Соның салдарынан теңіз табаны құрғап, жергілікті жұртшылық оның зардабын әлі күнге тартып келеді. Жалпы, Арал теңізінің тарихы тереңде жа­тыр. Ежелгі римдіктер мен гректер бұл теңізді Каспийдің «Сақ шығанағы» деп атағаны тарих парақтарынан белгілі. Теңіз табиғатын жан-жақты зерттеу Ресей им­периясының Шығысты отарлау кезінде қолға алынғаны туралы да ақпар бар. Соның нәтижесінде 1848-1849 жылдары әскери теңізші әрі зерттеуші А.Бутаков­тың экс­педициясы теңіз айдынын зерттеп, 1850 жылы Арал теңізінің ең алғашқы картасы жа­салған. Содан бергі уақытта еліміздегі және бірқатар ше­тел­дік ғы­лыми-зерттеулер мекемелері Арал теңізін зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Зерттеулерге сүйенсек, теңіз тар­тылғанға дейін бұл аумақта жалпы ауданы 2 235 шаршы шақырым болатын 1 100 аралдар тобы болыпты. Соның ішінде Арал теңізінің айдынында 300-ден аса аралдар болған екен. Оның арасында Көкарал, Возрождение, Барсакелмес сияқты орындар ең ірі аралдар тобына жатқызылған. Бүгінде бұл орындардың бір­қатары түбектерге айналып, құрлыққа қосылып кетті. Арал тарихына тереңінен бойлауымыз да бекер емес. Өйткені бір кездері балығы тулап, көгінде шағаласы шулап жатқан теңізді зерттеу жұмыстары қолға алынып, картасы сызылған Кеңес дәуірі, оның мамыражай табиғатын да лай­лады. Бұл тұрғыда сол кездері теңіз айнала­сынан әскери қалашықтар салынып, асқан құ­пия тапсырмаларды жүзеге асыра бастады. Алғашында өңір халқы бұл жайында бей­хабар бол­ды. Тіпті, мұндай жерлер картаға тү­сірілмеді. Қазір Арал теңізі мен оның эколо­гиялық ахуалын тілге тиек етсек, алдымен «Возрож­дение» аралы ойға түседі. Кеңес Одағының тұсында 1992 жылға дейін ең құпия әскери нысан болып табылған бұл орынды айналып өту мүмкін де емес. Жасырын мекенде 1980 жылдардың соңына дейін бірнеше құпия кодты атау­мен биологиялық қару­мен жасырын сынақ жүргізілгені әмбеге аян. Оны «Арал-7», «Бар­хан» және «Пниль-52» әс­кери ны­сандары жүзеге асырыпты. Тарих беттерін парақтасақ, сонау 1924 жылы республика орталығы Орын­бордан Қызылордаға көшірілетіні туралы шешім шығарылды. Соған орай Түркістан АССР-ның қарауында болған Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ АССР-ның бағынысына ауыс­тырылады. Кейіннен 1936 жылы Қазақстан одақтас респуб­ликаға ауысқан тұста, Қарақалпақ елі Өзбекстан Республика­сының әкімшілік құзырына беріледі. Нәтиже­сінде, 1936 жылға дейін Арал теңізі, оның ішінде «Возрождение» аралы толықтай біздің еліміздің аумағына қарады. Тек 1963 жылы Л.Брежнев Қазақстан мен Өзбекстан ау­мағындағы теңіз шекарасын қайта қарап, көрші елдің теңіз үлесін арттырды. Соның нәтижесінде «Возрождение» аралының 78,97 пайызы өзбектер жағына өтті. Аралдағы әскери нысанның қуатты поли­гонға айналуы да сол 1936 жылға дәлме-дәл ке­леді. Сол кездері бұл арал Сталиннің бұйры­ғымен Қызыл Армияның ғылыми-медициналық институтына пайдалануға беріліпті. Нәти­жесінде, сол жылдың жаз айын­да профес­сор Иван Вели­канов бастаған құ­рам құпия аралға келіп жайғасады. Әскери қалашық ар­найы кемелермен және ұшақ­тармен қам­тамасыз етіл­ген. Ал­дымен нысанда туля­ремия және соған ұқсас микроор­ганизмдердің та­ралуын бақылайтын тә­жіри­белер жасалады. Алайда бұл экспе­диция сәтсіз бас­талып, ғұмыры ұзаққа созыл­мады. Тек бұл полигон 1952 жылы қайта қолға алынып, «Арал-7» атауымен биологиялық қаруды сынайтын полигон ретінде қалпына кел­тіріледі. Алайда бұл сынақ орнының адамзатқа үлкен қауіп төндіретіні ол кезде ешкімнің түсіне де кірмеді. Осынау құпия нысанның қайта қал­пына келтірілуімен қазақ даласы бір-ақ күнде сынақ алаңына айналып шыға келді. Дерекке сүйенсек, 40 жылдай жұ­мыс істеген полигонда 1956 жылы алғаш­қы жарылыс тіркеліпті. Сол күні Капустин Яр атты полигоннан ұшырылған баллис­тикалық зымыран Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы тақырға жарылады. Бак­териялық қарудың жойқын көрінісі сол кезден бастап өз қаупін төндіреді. Осыдан кейін ядролық заряды бар зымырандар Капустин Яр полигонынан Арал мен Байқоңырға ұшырылып тұрды. Соның негізінде Арал өңірінде ұзын саны 8 жа­рылыс орын алыпты. Бұл – зерттеушілер тарапынан белгілі болған көрсеткіш. Құпия болып қалғаны қаншама?! Одан ауаға тараған улы қалдық экологиялық қауіпті үдете түсті. Арал Жалпы, Арал аумағында сол кездері 4 жабық әскери қалашық болған деседі. Атап айтқанда, Аралдың оңтүстігінде «Бархан» биохимиялық полигонымен байланысты «Арал-5», солтүстік-баты­сында зымыран әскерімен байланысты «Арал-6» (Чайка), Возрождение ара­лын­дағы Қантүбек деп аталатын «Аральск-7» және авиациялық эскадрильямен «Арал-8» (Березка) әскери қалашықтары болған. Соның ішінде жоғарыда сөз қылған Возрождение аралынан өзге, «Чайка» (Шағала) әскери қалашығы жайында да жиі айтылады. Дерекке сүйенсек, «Чайка» әскери қалашығы сол кездері стратегиялық зымыран күштеріне тиесілі болған. Негізгі әскери міндеттер осы Чайка әскери нысанында атқарылған. Ал аэродром қызметкерлері, яғни әскерилер «Арал-8» аталған «Березка» (Қайың) әскери қалашы­ғында қоныстаныпты. Аралдағы Мергенсай елді мекені аумағында орналасқан бұл әскери қалашық төңірегінде жергілікті жұртшылықтың көзбен көргендері де аз емес.
«Аралдың Солтүстік-батысында орналасқан «Чайка» әскери нысаны жайында естіп, өстік. Зымыран әскерімен байланысты бұл нысанда нақты қандай міндеттер жүзеге асырылғанын дөп басып айта алмаймын. Сол кездері ауыл халқынан да көптеген алып-қашпа әңгімелер айтылып жүрді. Естуімізше, осы қалашықтан 15 шақырым қашықтықтағы қыстақтан жерасты жолы салынған деген де ақпар бар. Сол жерді құпия жағдайда ұстап, жұмыс істегені де айты­лады. Күнделікті ұшақтар келіп, әскери нысан­ның аумағындағы таудың арасына сіңіп, көзден ғайып болады екен. Алайда таудың ішіне апаратын жолды, ұшақ кіретін есігін де ешкім көрмеген», – дейді аты-жөнін құпия сақтауды өтінген ауыл тұрғыны.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Еділ бойын­дағы Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымырандарды бақылауға осы «Чайка» әскери нысаны міндеттелген көрінеді. Бір кездері әскери азаматтар тұрған қалашықтың өзіндік өмір сүру қағидасы да бекітіліпті. Сол заманда нысанда әскери міндетін атқарған азаматтардың айтуынша, қалашыққа аптасына бір мәрте азық-түліктер жеткізіледі. Әскери нысанда ойын-сауыққа да қатаң талап қойылған. Аптасына 1-2 мәрте ғана көңіл көтеруге рұқсат етілген. Сол уақытта кинотеатр және теледидар арқылы халық шаруашылығының жетістіктері туралы бағдарламалар көруге мүм­кіндік жасалған. Сонымен қатар 1 мамыр мен 7 қараша айында әрдайым жиындар мен әскери шерулер өткізіліп тұрған. Бір сөзбен айтқанда, әскери тәртіп қатаң сақталған. Әскери нысан­дағы негізгі міндет – тек әскерлерге Капустин Яр полигонынан шыққан зымырандарға бақы­лау жасау жүктелген.
«Бұл әскери нысан жайында бір айтарым, «Чай­ка» әскери нысаны Капустин Яр полигоны­нан ұшырылған зымырандардың ұшу сегментін­дегі траекторияны өлшеу, бақылау жұмыстары­мен айналысты. Соған байланысты шыңның басында арнайы қабылдағыш локатор да жұмыс істеді. Сол кездері әскери нысанда 30-40 шақты сарбаз болдық. Одан өзге бұл жерде қауіпті жұ­мыстар жүргізілген жоқ. Ал ел аузында айтылған таудың ішіне ұшақтар кіреді деген сөздердің не­гізсіз екенін айтқым келеді. Таудың ішінде емес, әскери қалашық шыңның жиегінде орна­ласқан», – деп түсіндірді бұл жайында сол кездері аталмыш нысанда әскери борышын өтеген Қуанәлі Боханов.
Осы орайда, сол кездері Капустин Яр поли­гонынан ұшырылған зымырандардың Арал теңізінің аспанында оқтын-оқтын жарылыстар ұйымдастырғанын ескерсек, бұл «Чайка» нысанының да біз білмейтін құпиясы көп сияқты. Себебі «Арал-6», яғни «Чайка» әскери нысаны, осы Капустин Яр полигонының филиалы ретінде жұмыс істепті. Сол уақытта «Арал-6» полигоны 4-ГПК құрылымындағы 41167 әскери бөлімшесінің әртүрлі уақытта орындаған тапсырмалары да ауқымды көрінеді. Жалпы, КСРО кезінде стратегиялық қару жасауда тек қана ядролық-зымырандық қару дайындау лайықты сапада дамыған. Оған «Арал-6» әскери нысанының зор үлес қосқаны даусыз.

Қызылорда облысы