Қойылымды көшеден бастаған: атыраулық актер қалай театр құрғанын айтып берді
Қойылымды көшеден бастаған: атыраулық актер қалай театр құрғанын айтып берді
1,287
оқылды
Театр өнеріне талғаммен қа­рай­тын Еуропада қазақ тілінде спек­такль қойып, әлемді мойын­датқан «Атырау жастар» театры өңір жастары арасында зор бе­делге ие. Алғашқы қойылымды көше­де қойып бастаған актерлер театрға келгенде мектеп жасын­дағы балалар болған. Тәуекел мен сенім деп аталатын жолдан өтіп, талай кедергіден шыңдалып өскен өнер ордасы туралы «Атырау жас­тар» театрының директоры, көр­кем­дік жетекшісі Әміржан Нұр­ланұлы сұхбатында айтып берді. – Театр ашу – кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Оған да бір жүректілік, батылдық, талант керек. Жалпы, театр ашу туралы идея қайдан келді? – Таңдауым театр саласында жүр­геннен кейін адам ретінде артымнан із қалдырғым келді. Оның үстіне, қараңыз, Атырауда жалғыз академиялық театр бар. Бұрын Атырауда бірде-бір рет жастар театры ашылмаған екен. Бір атап өтерлігі, жұбайым Гүл­нұр екеуміз театрда табысқан жұп­пыз. Үйде де, жұмыста да біргеміз. Идея­ның бәрі шайдың басында отырғанда келеді ғой. Сондай әңгіменің ара­сында ойымыз бір жерден шығаты­нын тү­сіндік. Жоспарымызды жазып-сызып ал­ған­нан кейін, актерлерді із­деуді бас­та­дық. Қаладағы студент жас­тарды, Тілен­диев атындағы кіші өнер акаде­миясы­ның талантты оқушыларын қа­радық. Сөйтіп, кастинг жариялап, жас өнерпаз­дарды айналамызға жина­дық. Сосын моно-спектакльдерді қойып бастадық. Алғашқы спектаклімізді қаламыз­да­ғы «Тұрғындар қалашығында» орналас­қан орталық паркте қойдық. «Ретро Party» деп атау беріп, көшеден басталған қойылымымыз көрерменнің ықыласына бөленді. – Сонда да команданың, театрдың қалыптасуы туралы ашып айтып өт­сеңіз... – Іріктеуден жинап әкелген өнерпаз­дарға екі айдай театр тілі, сахна мәде­ниеті, жүріс-тұрыс бойынша сабақ өттік. Жұбайым екеуміз әрі режиссер, әрі сценарист ретінде қызмет еттік. Актер болу басқа да, театр ашып, өзіңе қарап отырған жас ұжымға басшылық жасау басқа дүние екенін түсіндім. Жаңадан ашылған дүние сәби сияқ­ты ғой. Спектакльді сахна декорациясы, реквизит сияқты нәрселерді үй-үйден тасып жүрдік. Оның үстіне, ол кезде театрға актер есебінде келгендердің көбі кәмелет жасқа толмаған. Ал қойылымдар кешкі жетіден кейін болады. Ондайда балаларымызды жинау үшін ата-ана­ларынан рұқсат алуға тура келеді. – Білуімше, театр әртістерінің көпші­лігінің арнайы кәсіби білімі жоқ. Соған қарамастан әлемнің мен деген театр сын­шыларын мойындатып жүрсіздер... – Иә, театр әртістерінің арасында актерлікті бітіріп, диплом алғандары жоқ. Бертін келе Астана, Алматыдан, Ресейдің Мәскеу қаласындағы қысқа мерзімді курстарды оқып, біліктілігін арттырды. Театрдың актерлері таза тәжірибе арқылы шыңдалды. Қазір олар­дың көбі Махамбет атындағы ака­демиялық қазақ драма театрында да өнер көрсетіп жүр. «Атырау жастар» театрының бүгінгідей биікке жетуіне кезіндегі Жастар саясаты басқарма­сының үлкен көмек көрсеткенін атап өт­кім келеді. – Бір кездері сіздер сахнала­ған «Жән­нат» қойылымының қазіргі тілмен айт­қанда «хит» болғанын білемін. Бұл сіз­дер­дің үлкен сахнадағы ал­ғашқы қойылым­дарыңыз еді ғой... – Театрымыз ашылған уақытта дін мәселесі өте өзекті болып тұрған еді. Жат ағымның жетегінде кетіп, отба­сы­нан безінгендер, «отты нүктелерге» аттанғандар көбейген Жастар саясаты басқармасы бізді қолдап, «Құр­ман­ғазы» мәдениет үйінде, Халық шы­ғар­ма­­шы­лығы орталығында өнер көр­сету­ге рұқсат бергеннен кейін біз «Жәннат» спектаклін сахналадық. Ол спектакль залға мыңдаған көрерменді жинады. Әміржан Нұрланұлы Үйленіп алып, ажырасып кету, баланы далаға тастай салу, ата-ананы қарттар үйіне өткізіп жіберу, наша­қорлық, құмар ойындары сияқты өзекті проблемаларды қозғайтын «Үйлену» спектаклін қойдық. Алғашқы сапарын аудандардан бастаған театр осылайша Испанияға барып, топ жарды. – Ғажабы сол, сіздер Испания же­рін­де тұрып, спектакльді қазақ тілінде қойып шықтыңыздар... – Испанияның Барселона қаласын­дағы шағын қалашықта халықаралық театр фестивалі өтті. Әлемнің бірнеше мемлекеті қатысқан фестивальда Мұ­қанғали Томановтың режиссерлігімен «Затмение» деген спектакльді қойдық. Ол кісінің қойған спектакльдері жүлде­сіз қайтпайтынын білетінмін. Мұқан­ғали ағаның өтінішімді жерге қалдыр­май, қолдағанына ризамын. Спектакльде балаға ананың махаб­баты көрсетіледі. Бала дүниеге келген­нен кейін оны ата-ана тәрбиелейді, барын салады. Ол бала есейіп, жолы болған адамға айналғаннан кейін ата-анасын ұмытып кетеді. Бала ақыл тоқтатып, артына қараса, ата-анасы өмірден өтіп кетеді. Бұл мәселе Испанияда өте өзекті екен. Рас, спектакльді біз қазақ тілінде қойдық. Ана деген сөзді ғана испан тілінде «мамми» деп қана айтқыздық. Біздің спектакльді тамашалаған көрермендер былай тұрсын, басқа елдердің театр актерлері өзі көзіне жас алып, залда үлкен бір толқыныс болды. Осы жеңістен кейін елдегі ірі театрлар бізге басқаша көзқараспен қарай бастады. Испаниядан келгеннен кейін бізге Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жанынан арнайы штат берілді. – Осындай бір керемет жеңісті «Клеопатра» спектаклі де әкелді ғой... – 2021 жылы Қырымның Керчь қа­ла­сында тарихы тереңнен бастау алатын халықаралық фестиваль өтті. Сол фес­тивальға Қазақстаннан екі театр бардық. Бірі Тараздан, екіншісі «Атырау жастар» театры. Керчь өте бір ерекше қала екен. Тарихи аймақта антикалық атмосфера сақталған. Біз ол фестивальға «Клео­патра» спектаклін алып бардық. Спектакль өте ерекше шықты. Ол жұмысқа да Томан ағамыз режиссерлік етті. Біз онда декорация апармадық. Театр таудың етегінде болғандықтан, қойылым сол жерде болды. Ол жердегі талап – спектакль орыс тілін­де қойылуы керек еді. Немесе синхронды аударма жүруі қажет. Дегенмен қойылым далада өтетіндіктен, бізге синхронды аударма жасау қиын болды. Атыраудан спектальді орысша дайындап апардық. Бірақ, қойылымға 5 минут қалғанда спектакльді қазақша қоямыз деп шештім. Актерлерді жинап, шеші­мімді айттым. Ондағы ойым – өзіміз Қа­зақстаннан барып тұрып, қазақ тілін­де сөйлемесек, ұлтымызға құр­мет­сіздік сияқты көрінетіндей болды. Актерлерім басында ойымды түсінбеді. Бірақ қазақ болғандықтан, қазақша қоямыз деп нақты шешімімді айтқаннан кейін бәрі келісті. Сөйтіп, Аллаға сыйынып, залға көрермендердің қасына барып отырдым. Спектакль басталған уақытта «где перевод?», «что это такое?» деп жанымда отырған бір-екі адам орнынан тұрып кетті. Артынша тағы екі адам шығып кетті. Залда қозғалыс көбейді. Арада 5 минут өткенде көрермен тынышталды да қалды. Ешкім қозғалмайды, ешкім бір-бірімен сөйлеспейді. Спектакль бір сағат жүрді. Қойылым соңында зал тік тұрып қошемет көрсетті. Қазір есімін ұмытып отырмын. Бірақ Ресейдің атақты театр сыншысы мені шақыртып алып, қолымнан алды. «Үл­кен жұмыс істегенсіңдер. Біз басында тіліңді түсінбедік. 5 минуттан кейін біз театрдың тілін түсіндік. Өнерде шекара жоқ екенін дәлелдегеніңе рақмет», – деді. Алайда олар адамды аяйтын кісілер емес. Үлкен сыншы, атағы дардай тұл­ғалар. Бізден кейін қаншама керемет театрлар өнер көрсетті. Сағаттап қойыл­ған спектакльдерден кейін қорытынды болды. «Үздік әйел» номинациясын Клеопа­траны ойнаған біздің актрисамыз жеңіп алды. Осылай марапаттаулар басталды. Спектакльдер бойынша жеңімпаздар үшінші, екінші, бірінші орындар айтылды. «Бізге ештеме жоқ болды ғой» деп еңсем түсіп отырғанда «Гран-при! «Қазақстан. «Атырау. Жастар театры» деп хабарлаған уақытта қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Сол кездегі толқынысты, эмоциямды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Испанияға алып кеткен Туымыз бар еді. Сол Туды ырымдап Керчьке де әкеткен болатынмын. Туды көтеріп, сахнаға шықтым. – Әңгімеңізге рақмет!