Көбіне еліміздің жері мал шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін айтып жатамыз. Сөйтсе де, Қазақстан ет өндірісін жолға қоя алмай келеді. Ет экспорттаудан бұрын ішкі сұранысты өтеуге қауқары жоқ. Жыл сайын шетелдерден сиыр, жылқы, құс етін мыңдаған тонналап сатып аламыз. Саланың бұлайша кері құлдырауына не себеп, шаруалардың ісі неге шатқаяқтап тұр? Береріміз аз, аларымыз көп Әуелі сөзімізді нақтылап алу үшін статистикалық деректерді келтірейік. Жалпы, 2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында 38,6 мың тонна ет экспорттаған. Оның ішіне барлық ет түрі кіреді. Бұл көрсеткіш 2021 және 2019 жылдармен салыстырғанда 66,9 пайызға жоғары екен. Дегенмен импортымыз экспортымызды бірнеше орап алады. Былтыр 11 айда еліміз сырттан 144,5 мың тонна ет сатып алған. Соның 88 пайызы – құс еті. Осы сандарға қарап, ет өндірісі қаншалық артта қалып жатқанын бағамдау қиын емес. Иә, не де болса сарапшылар ахуалдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтады. Себебі бір ғана, соңғы екі жылда импорт көлемі сәл төмендеді. Ет өнімдері бойынша жағдай тіпті күрделі. Былтыр 11 айда Қазақстан сыртқы нарыққа 149 тонна шұжық тасымалдап, 39,1 мың тоннаны сырттан сатып алған. Қараңыз, импорт экспорттан 262 есе көп. Әйтеуір, былтыр отандық фермерлер қой еті бойынша халық сұранысын толық өтепті. Сиыр еті бойынша – 98,6 пайызға, жылқы еті бойынша – 97,5 пайызға қамтамасыз ете алғаны айтылады. Ақсаған тұсымыз құс еті (өз өндірісіміз – 67,4 пайыз), консервілер (импорт – 37,9 пайыз) және шұжық өнімдері (шетелден жеткізу – 39,7 пайыз). Қарым қаржыға тіреледі Енді мәселенің түпкі мәніне үңіліп көрген абзал. Шынында, осы саланы сөз еткенде шаруалардың дәрменсіздігін айыптаушылар жетерлік. Ең алдымен Қазақстанда заманауи талапқа сай үлкен ет комбинаты әлі күнге жоқ екенін ұмытпайық. Мал соятын, бордақылайтын шағын орындар көп, өзара бақталасып, бағаны құбылтып, бірқалыппен жүре береді. Егер үлкен ет комбинаттары болғанда, шаруалар мал бордақылап, сойып, комбинатқа өткізіп, тиімді жүйе құрылған болар еді. Отандық ет өңдеу өнеркәсібінің әлі күнге баяу дамып жатуының бір себебін Ет одағының директоры Мақсұт Бақтыбаев инвестицияның жоқтығымен байланыстырады. «Нарық бәсекесіне шыдайтын ірі өңдеу кешендерін салу үшін инвестиция жоқ. Тұрақсыздыққа байланысты шетелдік инвесторлар қазақстандық жобаларға қаржы салуға асықпайды. Мысалы, бізде халықаралық жоғары стандарттарға сай бургер үшін котлет өндіретін елде бірде бір ет комбинаты жоқ. Ондай кәсіпорынды 2020 жылы италиялық Cremonini компаниясы іске қосуы тиіс болған. Бұған қатысты меморандум Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2016 жылы жасалған. Алайда ведомство басшысы ауысып кетті де, іс жайына қалды. Инвестор да жобаны тастап кетті», – дейді ол. Оның айтуынша, мал басын экспорттауға қатысты шектеудің енгізілуі де саланың даму қарқынын бәсеңдеткен. 3 жылда мал сатып алу көлемі 5 есе азайды, кәсіпорындардың үштен бірі жұмыс істемейді. Қалғандары мал сатып алу көлемін айтарлықтай қысқартып тастаған. Жалпы, экспорт көлемінің тарихи максимумы пандемияға дейінгі 2019 жылы байқалған. Ол жылы ет түрінде және тірі күйінде ет эквиваленті бойынша 80 мың тонна экспортталды. Пандемия мен экспортқа шектеу енгізілуі салдарынан ішкі нарыққа қысым күшейіп, көтерме баға 20 пайызға төмендеді. Экспорт жоқ болған соң фермерлерден мал сатып алынбайды, мал басы азайып, шаруалар бизнестен кете бастаған. Субсидиясыз жұмыс істеуге көшу үшін экспорт пен валюталық түсім тұрақты болуы қажет. Ал ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Орымбаевтың айтуынша, бізге сыртқа мал басын емес, ет экспорттауға ерекше мән беру керек. Өйткені Қазақстаннан ет емес, мал сатып алуға құмартқан елдер бар. Соның бірі – Өзбекстан. «Стратегиялық жоспар бойынша ет экспортына басымдық беру өте маңызды. Бір немесе екі тікелей экспорттық арналар негізінен шектеулі және сала үшін үлкен тәуекелдерді тудырады. Біріншіден, өңдеу саласы құрдымға кетеді де, қосымша құн тудыратын терең қайта өңдеу ісі дамымай қалады. Бұдан бөлек, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп сияқты аралас салалардың дамымай қалатыны тағы бар. Екіншіден, біз қайта өңдеу ісін жоғалту арқылы осы арнаға тәуелді боламыз, өйткені бағаларды біз айтпаймыз, басқалар белгілейді. Мұндай кезде қандай азық-түлік қауіпсіздігі жайлы әңгіме болуы мүмкін? Демек, сату каналдарын әртараптандырып, ет пен жартылай фабрикаттардың экспорттық нарығын максималды түрде көбейту керек», – деді сарапшы. Жарты жолда жабылған жоба көп Қазақстан негізінен өзінің сиыр етін Өзбекстан, БАӘ, ЕАЭО елдеріне сатады. Өзбекстанға сиырдан бөлек, қой мен ешкі етін де көп өткіземіз. Ал өзіміз Украина, Парагвай, Үндістан, Бразилия, Уругвай, Моңғолия және Аргентинадан ет сатып аламыз. Жоғарыда біз сыртқа тірі малды емес, ет өткізген жөн екенін тілге тиек еттік. Бұл тақырыпта ескерусіз қалмауы тиіс. Өйткені сол арқылы мемлекет біршама шығын көреді. Мәселен, фермер бұқаны тірілей салмағымен сату арқылы тек ет үшін ақша алады. Заманауи ет комбинаттарында малдың терісі мен ішкі мүшелерінен бастап қан, мүйіз, тұяққа дейін барлығы дерлік қайта өңдеуге жіберіледі. Қазақстан тірі бұқаны сата отырып, әрі кетсе 1000 доллар алады. Бұл – еттің бағасы. Ал қалғанының барлығы сатып алушыға тегін барады деген сөз. Өзбекстан малды сойып, субөнімдердің өзінен қосымша 120 доллар ақша табады. Терісінің өзі 20 доллар тұрады. Экспорт мен импорт көлеміне қатысты баланс жайы жиі сөз болады. Кей шаруалар шектеудің болмағанын қалайды. Яғни, тірі малды өткізе ме, етін ғана жеткізе ме, өздері таңдау жасағысы келеді. Бұл пікірдегілер Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығатын мал санына шектеу қойса, онда әр шаруа өзінің қанша мал экспорттай алатынын білгені абзал екенін айтады. Қазір ел бойынша барлық фермердің экспортқа жіберетін ет көлемін анықтау керек. Облыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан санын сұрап біліп, белгілі бір мөлшер шығаруы тиіс. Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда ешкім малды экспортқа шығарып әуре болмайды. Сайып келгенде, пайда қайда болса, кәсіпкер сонда сабылады. Саланы дамытуға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірі етті өз ішімізде өңдеуіміз керек, экспортқа тірі малды шығармайық десе, келесілері ірі малды сатуға шектеу қойылмауы тиіс деген ұстанымда. Қалай болғанда да салаға үлкен көлемде инвестиция қажет екені түсінікті. Бұл бір жағынан фермерлердің сенімділігін оятса, екінші жағынан отандық ет халықаралық стандарттарға сай болып, экспортқа кедергісіз кетер еді. Energyprom сарапшылары бұған дейін аустралиялық Cedar Meat компаниясы Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданында саламын деп жоспарлаған инвестициялық жобасын аяғына дейін жеткізбегенін мәлімдеген болатын. Компания басшыларының бірі Эндрю Фернихоф 2018 жылы Altay Invest инвестициялық форумында мәміле жасасқан. Дегенмен жоба іске аспақ түгілі құрылысы да басталмаған. Әйтеуір, Қазақстанға ет өндірісіне байланысты келуі тиіс инвестицияның бәрі жарты жолдан тоқтаған. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі корольдік отбасының өкілі Халиф бен Халид те Шығыс Қазақстандағы Бородулихин ауданында ет өндірісі бойынша агроферма құрылысына 45 млрд доллар салуға ниеттенген екен. Алайда кейінірек инвестордың ойынан айнып қалғаны туралы ақпарат тарады. Осыған қарап, бұл жерде біз білмейтін бір шикіліктің барын аңғарамыз.