Түркияда зілзала болып, халық баспанасыз далада қалғанда, қазақстандықтар көмек қолын созып, бірінші кезекте қазақтың киіз үйін жеткізіп, тұтас қалашық жабдықтаған. Қайырымдылыққа жетісулықтар үлкен үлес қосқан еді. Әсіресе, Көксу ауданының азаматтары отыздан астам киіз үй жөнелткені ақпарат құралдары арқылы көпшілікке мәлім болды. Тез арада ұйымдастырылған шарапатты шараның басты мүлкі болған сол киіз үйлерді Көксу ауданындағы Мұқыры ауылында тұратын Жарқын Қайсарұлы атты кәсіпкердің кәсіпорны жасағанын білгеннен кейін елді мекенге арнайы барып, жолыққан едік.
Мұқыры ауылы – аудандағы ірі елді мекеннің бірі. Заманында екі мәрте Еңбек ері Нұрмолда Алдабергенов ағамыз негізін қалап, қалыптастырған атақты шаруашылықтың орталығы болған ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың атақ-даңқы халық арасында кеңінен таралған. Қазір тірлігі берекелі, күндері мерекелі елді мекенде ісімен көпке үлгі болып отырған іскер азаматтар баршылық. Солардың бірі – «Темір материалдарын пайдаланып, киіз үй жасайтын шебер» деген атпен танылған Жарқын Қайсаұлы. Бұрындары елден ерекшеленбейтін, жақсы істерін жарнамаламайтын азаматтың бауырлас елге қайырымдылық көмек жөнелткендегі жанашырлығы жұрттың көңілінен шықты.
Осыдан 20 жыл бұрын арғы беттен Атажұртына оралған Жарқын Қайсаұлы елге келген қандастарымыз сияқты біраз қиындықтарды бастан өткерді. Бала-шағасын асыраудың жолдарын іздестірді. Бастапқыда Алматының қара базарында ұсақ-түйек саудамен айналысып та көрді. Арғы беттегі тірлігі ұстаздықпен байланысты болғандықтан, басқа кәсіптің қыр-сырын меңгеру, жаңа талаптарға бейімделу оңайға соқпаған. Десе де, жылдар өте келе сауда-саттықты меңгеріп, басқа да кәсіптердің қыр-сырын меңгерді. Соған сай тірлігі де түзеліп, тұрмысы да оңалды.
2017 жылы Мұқыры ауылына көшіп келіп, қазіргі тұрып жатқан үйінің ауласынан автокөліктің, тағы басқа да техниканың қосалқы бөлшектерін сататын дүкен ашты. Жергілікті жұрттың сұранысына бейімдеп, барлық жұмысты жерлестерінің мұқтаждығын өтеу бағытына құрғандықтан, уақыт өте келе тұтынушылары да көбейе түседі. Бір жылдары көкөніс тапшылығы қатты сезілгенде Мұқыры ауылы әкімдігінің ұсынысымен жылыжай салып, бұл бағытта да өзін сынап көреді. Біраз жыл бұдан да нәпақа тапты. Қазір сол жылыжайды туысқандары күнкөріс көзі ретінде пайдаланып отыр. Алға жылжыған жылдармен бірге саудасы жүріп, алып-сататын жұмыспен қоса шағын цех ашып, аулалар мен ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған түрлі өлшемдегі темірторлы қоршаулар шығара бастайды. Сонымен қатар өз жобасымен жүк таситын шағын көлік құрастырып, оны сатылымға қояды. Осылай кішкене дүкеннен басталған кәсібі өркендеп, бүгінде тұтас бір кәсіпорын өндіретін түрлі өнімді нарыққа шығаруда.
Жарқын Қайсаұлының кәсіпорнында тынымсыз жұмыс жүріп жатады. Бір жағында көліктерге қажетті құралдар еліміздің әр өңірінен келген тапсырыстарға сай жөнелтіліп жатса, цехта дәнекерлеушілер тапсырыс бойынша неше түрлі темір тор шығарады. Келесі бір кең бөлмеде бірнеше қыз-келіншек киіз үйдің жабындысын, ішкі безендірілуіне пайдаланатын жабдықтар мен бұйымдарды әзірлеп, әбігер болып жатады.
– Қазір еліміздің бірнеше өңірінде дүкеніміз бар. Оларға керек тауарлар осы жерден жөнелтіледі. Сол жақтарда тұратын талай азамат бөлімшелердің жұмысын реттеп, өздеріне нәпақа тауып келеді. Тіпті, осы жұмыстың нәтижесінде бір-екі жылда тұрған жерінен пәтер алып, тұрмысын түзеп алғандар да бар, – дейді кәсіпкер азамат.
Жарқын Қайсаұлының темірден қазақ үйін құрастыру жөніндегі технологиясы көптің қызығушылығын тудырды. Өткенде Түркиядағы зілзала кезінде 34 киіз үйді түрік ағайындарға жөнелтті. Қайырымдылық көмекті ұйымдастырғандарға көп жеңілдік жасап, ортақ іске өзіндік үлесін қосты.
Жеке кәсіпкерлікте 30-ға жуық адам жұмыс тауып, еңбек өнімділігі және тапсырылған міндетті орындауға байланысты 150-400 мың теңге айналасында жалақы алып келеді.
– Былтырдан бері темірден киіз үй жасай бастадық. Оның темірі, жүні, мақтасы, тағы да басқа материалы – отандық өнімдер. Ал сыртқы киіздің қаптамасына Қытайдан әкелінген су өткізбейтін материалды пайдаланамыз. Дәнекерлеу, тігу, құрастыру, тағы да басқа жұмыстарын өзіміздің ауылдың азаматтары атқарады. Осылайша, шамам жеткенше, ауылдастарымның да мұқтаждықтарын өтеуге көмектесудемін. Шынымды айтсам, кезінде өзіме де жақсы адамдар жолыққан еді. Қазіргі кезде соның қайтарымы ретінде мүмкіндігімше айналамдағыларға жәрдемдесіп тұрамын, – деген Жарқын Қайсаұлы киіз үйдің сүйегін ағаштан иіп жасау туралы ұсыныстар жиі түсетінін де тілге тиек ете кетті. Оның айтуынша, оны да қолдануға келеді. Бірақ ағаштан жасаудың өзіндік құны жоғары және тым ұзақ уақыт кетеді. Дегенмен болашақ жоспарында бар көрінеді. Қазір көпшілікке киіз үй мәдениетін таныстыруды ойластырып жүр.