Қазақстандықтар Түркияға 100-ге жуық киіз үйді жөнелтті
Қазақстандықтар Түркияға 100-ге жуық киіз үйді жөнелтті
© видеодан алынды
1,022
оқылды
Түркияда зардап шеккендерге отандастарымыз 20 млн теңгеге жуық қаражат жинады.   Бұл қаражатқа алты және сегіз қанатты 45 киіз үй сатып алынған, – деп хабарлайды идея авторы, журналист Нұрбек Бекбау әлеуметтік желіде.
"7 ақпаннан бері 2 күннің ішінде есепшотқа 20 миллион теңгеге жуық ақша аударылды. Соның 17 млн 300 мың теңгесіне алты және сегіз қанатты 45 киіз үй сатып алынды. Ағаштан жасалған уық пен керегені құру оңай шаруа емес, сондықтан дайын темірден жасалғанына тоқтадық. Қалған сомаға самаурын, қазан-ошақ алу жоспарда бар", – деді журналист Нұрбек Бекбау.
Айта кетейік, "Түркияға 100 киіз үй" науқанына эстрада әншісі Сәкен Майғазиев, қоғам белсендісі Арман Шораев ерекше қолдау білдірген. Бұдан өзге бастаманы қолдаған кәсіпкерлер 30 киіз үйді өз қаражаттарына сатып алып, Алматы халықаралық әуежайына апарып, жүктерді ұшаққа тиеп жатыр. Алапат зілзаладан соң баспанасыз қалған ағайынды қолдау үшін де жанашыр қарапайым азаматтар да шет қалмақ емес. Олар өз иелегіндегі 10-15 киіз үйді тегін жіберіп жатыр.
"Сонымен, Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккен жандар үшін ақша жинау тоқтатылды", – деп мәлімдеді Нұрбек Бекбау.