Тазыны тұрысынан таниды
Тазыны тұрысынан таниды
1,172
оқылды
Ит жүгіртіп, құс салу – бабадан балаға жеткен ұлттық құндылықтардың бірі. Есте жоқ ескі заманнан бері қазақ халқы саятшылық құрып, аңға шығуды салт санаған. Қыран құстан бөлек, құмай тазы жүгірту де қазақ қанымен біте қайнасқан өнер. Десе де, бүгінде тазының бабын біліп, баптайтындар некен-саяқ. Міне, сондай азаматтардың бірі – ағайынды Бағдат пен Мақсат Абатовтар. Мақсат Тараз станциясында ма­невр­лық диспетчер болса, інісі Бағдат – Жамбыл вагон жөндеу депо­сын­да ауысым шебері. Ағайындылар жиыр­ма жылдың бедерінде болат жолда ең­бек етіп ғана қоймай, ұлттық өнері­міз­ді дәріптеп, тазы баптап, шырғаға жү­гіртуде.
– Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауы­лының тумасымыз. Бала кезден қа­зақы тазы баптап, көкпар шаптық. Қазір қар­а шаңырақта отырған кенже ініміз Фар­хат жүйрік атпен бірге төрт тазы бап­тауда. Бағдат екеуіміз болсақ, сол та­зыларды жарысқа апарып жүрміз. Әке­міз – қарапайым шопан. Әкем Ау­дан­бек колхоз жұмысынан бөлек, тазы жү­­гіртіп, саятшылық құратын. Үйде төрт та­зы ұстады. Тоқсаныншы жылдардың ба­сында әкем мені Жуалы ауданындағы бір тойға апарды. Сол қуанышта саят­шы­лар шырғаға тазы жүгіртіп жатыр екен. Кенет аяғымды бір нәрсе түрткен­дей болды. Қарасам, тазының күшігі ая­­ғымды жалап тұр. Ана күшікке қы­зы­ғу­шылығым туып, соңында үйге алып кел­дім. Бастапқыда әкем: «Үйде онсызда төрт тазы бар, не қыласың оның бәрін?» – деп ренжігенімен, кейін күшіктің таңдайы мен табанына қарап, «Еее, мынауың тек­ті тазы күшігі екен», – деп оң бағасын бер­ді. Сол «Ұшар» тазының бойы 80 сан­­­тиметрге дейін өсіп, сұлу да, ақылды ит болды. Алдына тамақ қойсаң, бірден бас салмай бұйрығымды күтетін.
Жалпы, қазақы тазы жарғаққұлақ және шашаққұлақ болып екіге бөлінеді. «Ұшар» жарғаққұлақ болатын. Алғашында «Ұшар» жүгірмеді, аңға да түс­педі. Тазының негізі алты айлығында тісі түседі. Міне, содан кейін шырғаға, аң­ға салуға болады. «Ұшарды» мен алғаш жү­гірткенде бойы биік болғанымен кү­шік болған екен. Кейін тісі түскен соң шыр­ғаңды да, аңыңды да қағып түсіретін бол­ды. Алғаш үй қоянына салып баулып, со­сын жабайы аңдарға жүгірте бастадым.
Бірде күздің суығында қорадағы малға түз тағысы түсті. «Ұшар» қас­­­­қырға түсіп бапталмаса да, көкжалмен арпалысқа түсіп, оны қораның қақ­па­сынан лақтырып жіберді. Осыдан кейін ел ішінде аңызға бергісіз әңгіме тарап, «Ұшарға» құлынды бие беріп, сұрағандар да болды. Бірақ біз келіспедік. Бір тісте­ген­нен түз тағысын қағып түсірген текті та­зыны қалай бересің? Алайда көз тиді ме, «Ұшар» содан кейін ауырды. Ауыл­да­ғы ветеринардан дәрі алып бергенім­мен, күшік кезінен өсірген текті тазым­нан айырылып қалдым, – деп Мақсат ішкі күрсінісін жеткізді.
Бағдат пен Мақсат Абатовтар Иә, біз ағайынды Абатовтармен тіл­десіп тұрғанымызда, олар­дың тазы итіне деген ерекше сүйіспен­ші­­­ліктерін байқадық. Қазір олардың қо­­лындағы тазыларының ішіндегі төресі – «Таймас». Ол Түркістан облысы, Шым­кент пен Балқаш қалаларында өт­кен жарыстарда топ жарып, көрермен кө­зайымына айналып үлгерді. Балқаш қаласында ұйымдастырылған тазылар жа­рысында бас жүлдеге құны 4,5 мил­лион теңге тұратын сәйгүлік тігілген екен. Міне, осы додада «Таймас» дара­лы­ғын танытқан. Бірақ ұлттық өнер мен саятшылықты жанына серік еткен ағайынды Абатовтар мұндай жарыстар де­меуші болмаса, жиі ұйымдас­тырыл­май­тынын айтады.
– Әкем «тазы итінде алты жасар ба­ла­­ның ақылы болады» деп отыратын. Сол рас екен. Мен «Таймасты» баптар ке­зде онымен кәдімгідей сөйлестім. Шо­коладты майдалап турап, соны беру ар­қылы бұйрықтарды орындауға баулы­дым. Қазір шырғаға да, аңға да салып жүр­мін. Өте ақылды ит. Бүгінгі күнге дейін шибөрі, түлкі, қоян алды. Тазы егер аттың алдына түсіп жүрсе – ақыл­ды­лығы, ал егер аттың артында жүрсе, одан үміт күтпей-ақ қоюға болады, – дейді Мақсат тазы баптаудағы тәжіри­бе­сі­мен бөлісіп.
Қазір ағайынды Абатовтар жарыс күт­пей-ақ, өздері тазыларын шырғаға са­лып, ит жүгірту өнерін мықтап қолға алу­да. Мақсат жарыстардың өтуін тіке­лей мойнына алса, құжаттарын Бағдат рәсімдеуде. Алдағы уақытта қоғамдық бір­лестік құрып, бұл бастамаларын па­тент­теп алмақ. Сосын тәлімбақ ашу да жос­парларында бар.
– Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы төбеттер мен тазыларды қолдау мен бұл бағыттағы жұ­мыстарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы бастама бізге үлкен де­меу болып тұр. Бұрын будандасқан шет­ел­дік иттерге қызығып жүрсек, енді қа­за­қы тазының тұқымын көбейтуге жол ашыл­ды. Бүгіннің өзінде ресейлік ма­ман­дар қазақы тазыға қызығушылық та­нытуда. Алайда бізге қазір қазақы та­зының қанын тазарту керек. Мемлекеттік қол­дау – міне, осы жерде керек. Сосын құ­жат алуда да кедергілер бар. Президент Жар­лығы осы жұмыстардың барлығын оң­тайлы шешеді деп сенеміз, – дейді Мақ­сат.
Қазір бір ғана Өрнек ауылында 60-70 та­зы бар екен. Шырғаға салу жарыстары болса, 28 тазы тұрақты түрде қатысады. Об­лыс бойынша тазылардың басын қо­сатын болсақ, бұл үлкен бірлестік бол­ғалы тұр. Сондықтан ағайынды Аба­тов­тардың бастамасына жергілікті билік өкіл­дері қолдау білдіріп, тазы жүгірткен саят­шылар бір арнаға тоғысады деп сене­міз. Сол кезде қаны таза қазақы тазы ар­қылы елімізді төрткүл әлемге таны­тамыз.

Жамбыл облысы