Барлық ісім – билікке қысым
Барлық ісім – билікке қысым
Фото: Интернеттен алынды
320
оқылды
Қазақстанда биыл қоғамдық-саяси саланы жаңғырту бас­та­лады. І ке­зеңі 2020-2022 жылдарға, ал ІІ кезең – 2023-2025 жылға жоспарлануда. Осы бесжылдықта БАҚ еркіндігі ны­ға­ю­ға, саяси партия құру жеңілдеп, көп­партиялы жүйе ор­науға, озық демократиялық модельдер енгізілуге тиіс. Ха­лық­қа өз қарсылығын «электронды Үкімет» порталында түзілетін онлайн-петиция алаңында жариялауына жол ашылады.  

Дәстүрлі институттар ұтылысы

Күнделікті күйкі тірлік қа­мы­мен жү­ріп, көбіміз байқай бер­мейміз. Бүкіл әлем­де, қазақ елінде азаматтық қоғам жаңа жағ­дайға бейімделуде. Онда бірінші орынға біз қоғамдық пікір көшбасшысы атайтын «трендсеттерлер» шықты. Ал партиялар, кә­сіподақ, үкіметтік емес ұйымдар, бұқа­ра­лық ақпарат құралдары секілді аза­мат­тық қоғам­ның дәстүрлі институттары жеке­леген тұлғалар мен шағын бастамашыл топтарға жол беріп жатыр. Өйткені олар оқи­ғаның өрбу, тіпті бүкіл елдің даму бары­сын өзгертетін серпінді үрдіс-тренд қалыптастырады. Азаматтар дәстүр бойынша алды­мен аталған дәстүрлі инс­титут­тарға шағыммен жүгінеді. Әрине, олар­дың көмегімен шетін мәселесінің шешімін тапқандар да жетерлік. Алайда мемлекетпен ежел­ден әмпей-жәмпей серіктес­кен, ынтымақты-ұйымдасқан жабық ортаға айналған бұл ұйымдар жеме-жемге келгенде бұқара көтерген бірқатар түйткілге қатысты «ішкі цензурасын» қоса­ды. Салдарынан, ол проблема би­лік­ке жетпей, «жатырында тұн­шықтырылады». Осыдан кейін жәбір көрген жұрт таны­мал блогерге, Facebook секілді әлеуметтік же­лілерге, WhatsApp мессенджеріне, он­лайн-петицияға, яғни балама көз­дерге жүгінеді. Бұл жаңа құралдар мақұлдау мен келісуден өтудің формальды рә­сім­деріне тәуелді емес. Тиісінше, тез-ақ журналистер мен бизнес өкілдерін, былайғы адамдардың үлкен бөлігін жұмылдыруға, сөй­тіп қоғам­дық пікірден дауыл туғызып, әлеуметтік дүмпу жасауға, билікті селк еткізіп, шошы­тып, жауапты шенділердің есін шығаруға қабілетті. «Сондықтан дәстүрлі институт­тар қажетті шешім қабылдау үшін ха­лықтан сайма-сай кері байланыс алу бойынша қиындықтарға кезігу­де. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Демек, өмір жағдайларын шешуде халық алдындағы кедергілерді жою­ға және ашықтықты қамтама­сыз етуге бағытталған қолданыстағы тәжі­рибелерді, тетіктерді және заң­­наманы жетілдіру керек», – дей­ді Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі. Осы орайда ведомство Аза­маттық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жоба­сын ел назарына ұсынды.  

Блогер сандырағына балама

Құжатта «Азаматтармен өзара іс-қимылдың цифрлы тетіктерін да­мыту» міндеті қойылған. Бұл рет­те меморгандарда қоғамдық онлайн-қабылдау құру түрінде қо­ғам мен билік арасындағы диа­лог­тың жаңа тетіктерін енгізу көз­де­леді. Мысалы, ішкі істер ор­ган­­дарының фронт-кеңселер түріндегі қоғамдық қабылдау орындарын ашу тәжірибесі алда өзге ведомстволарға таратылады. «Egov.kz сайтында «Е-петиция» сервисі құрылсын. Онда азаматтар өз бетінше петиция жазып, өзекті мәселені шешу үшін меморгандарға шоғырландырылған сауалын жібере алады. «Ашық үкімет» аясында ЭЦҚ арқылы петицияларға дауыс беру мүмкіндігі қарастырылатын бо­ла­ды», – делінген тұжырымдама жоба­сында. «Электронды петиция билікке қо­ғамдық ықпал жасаудың про­грес­­сивті тетігіне айнала алады. Өзі­не қысым тудыратын ол те­тік мем­лекетке не үшін керек? На­ра­зы халық немесе топ плакат, тран­спарант, таяқ-арматура алып, кө­шеге шығып кетпеуі үшін! Қоғам ішінде «жабулы қазан» жағдайында бұрқ-сарқ қайнап, булыққан нара­зы­лық соған соқтыруы ықтимал. Енде­ше мемлекет таси бастаған қазан­ның қақпағын бір ашып, қақ­пақты тепкен көбікті басатын білікті үйбикенің рөлін атқара біл­гені жөн», – дейді саясаттанушы Әділ Жайсаңбай. Ол елімізде экспертократия дә­уірі жүріп тұрғанына назар аударт­ты: «Кейде қоғамдық пікір көш­бас­­шысы дейтін тұлға әлеуметтік желіде, өз блогында әлдебір мәсе­ле­ні көтеріп, ауыр-ауыр сөз айтса әрі оның астында 150 адам қолдап пікір қалдырса, биік лауазымды шенеуніктер кірпінің үстіне отырып қойғандай қылпылдап, райынан дереу айнып, пікір-шешімін өзгер­тіп жатады. Ал шынында, бұл мәселе тек әлгі блогерді, 150 адамды, әрі кет­се оның жазылушыларының бір бөлігін ғана толғандыруы мүм­кін. Қалың халыққа әсер ететін мем­­­лекеттік шешім бұлай сырттай бас­­қарылмағаны жөн. Егер әлде­бір мәселе онлайн петицияға шы­ғарылса және астында небәрі 150 адам қол қойғаны анықталса, мем­ле­кет оның қоғамды сонша тол­ған­ды­рып отырмағанын түсінер еді», – дейді саясаттанушы ғалым.

 Бұл мәселе Украинада қалай?

Е-петициялар қазақстандықтар үшін жаңалық емес. Басында аза­мат­тар петиция орналастыруға ар­налған жаһандық Change.org он­­лайн платформасына жүгі­ніп жүрді. Бүгінде бірқатар отан­­дық сайт қаралым көбейту үшін оқыр­мандарына петиция жа­рия­лау мүмкіндігін ұсынады. Бірақ бар­лы­ғының ортақ кемшілігі бар: мем­лекет дауыс берушілердің шы­­найылығына шүбә келтіріп, заң­ды­лығын мойындамайды. Яғни, елеу­сіз қалдырады. Сол себепті 2016 жылы Данат Жұмин бастаған «Қа­зақ­стан-2050» жалпыұлттық қоз­­ғалысының белсенділері ресми та­ныл­ған онлайн-петиция құру бас­тамасын көтерді және БАҚ-та оны белсенді ілгерілетуге кірісті. Оған сәйкес, дауыс бергендер саны белгілі бір межеге жетсе, ол пети­циядағы талаппен санаспауға Үкіметтің қақысы жоқ. Жоба би­лікте, Парламентте қолдау тап­қа­ны­мен, бастама сатысынан әрі аса алмады. «Жеке және заңды тұлға­лар­дың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңға өзгеріс енгізілмеді. Бірақ идея өлмегенге ұқсайды. Ақпарат және даму министрлігі е-петиция жобасын «электронды Үкімет» порталында жүзеге асыру­ды жоспарлап отыр. Ал www-bot, жалған аккаунттар араласпауы, бірнеше рет дауыс берілмеуі үшін петицияларға тек электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қою мүмкіндігі қарастырылады. Бұл – салмақты шектеу. Деген­мен ЭЦҚ-сы бар адамдар қата­ры да еселеп артып келеді. Мысалы, 2013 жылы елімізде 1,4 миллион адамда ЭЦҚ болса, 2017 жылы бұл көр­сеткіш 6,4 миллионға жеткен. Қазіргі кезде 8,5 миллионнан асты. Жалпы, онлайн-петиция қазақ­стан­дықтар арасында біршама таны­мал: Change.org сайтында Қазақ­станға қатысты жүз елуге жуық петиция жинақталған. Кей­­бі­рін ондаған мың адам қол­дап­ты. Бір­қатарын шетелдіктер ұйым­дас­тыр­ған екен. «Электронды Үкімет» аясында осындай алаң ашу арқылы мемлекет бұл саланы жат ықпалынан арыл­та­ды: шетелде тұратындарға ЭЦҚ берілмейтіні мәлім. ЭЦҚ алу үшін не жеке куәлікті, не «шетелдіктің тұру ықтиярхатын» ұсыну міндет. Әйтсе де, осы жолмен мемлекеттің ісін басқаруға қатысу құқығы тек Қа­зақстан азаматтарына ғана бері­леді. Дауыс берушінің елімізде тұрақ­ты тұратын жатжұрттық екені ЭЦҚ көмегімен анықталады. Қазақстан халқы 1916 жылы әс­керге жігіт алу туралы патша жар­лы­ғына қарсы бас көтергелі бері наразылығын петиция жазып паш етуді меңгерді. Тәуелсіздік жылдарында мектепке баланы тегін тамақтандыруды қайтару, қала не басқа нысан атауын өзгертуге жол бермеу, тіпті дельфинарийлерге тыйым салу секілді әр алуан тақы­рып­тағы е-петиция ұсынылды. Таяу­да ата-аналар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен күлегеш-өңтаңба, ТЖБ, БЖБ атау­лы­­дан бас тартып, 5 балды бағалау мен емтиханға құрылған ескі жүйені оралтуды осылай талап етті. Қалай болғанда, осы тетік аза­маттардың барлық сындарлы өті­ніш-тілектерін жедел әрі тиім­­ді қа­растыратын «Халық үні­не құ­­лақ аса­тын мемлекет» тұжы­рым­да­ма­сы­ның ұстынына айналуы мүм­кін. Украиналық заңгер Сергей Под­дубняк өз елінде бұл саланы Вер­ховная Рада бірнеше жыл бұ­рын тиіс­ті заңмен реттегенін жет­­кіз­ді: «Саяси ықпал етудің осынау тың формасы президентке, үкі­мет­ке, министрге, жергілікті би­лік­ке ұжымдық шағымдануды жеңіл­де­теді. Украинаның кез келген азаматы меморгандар ресми сай­­тын­да петиция орналастыра ала­ды. Егер деревня-кент деңгейін­де­гі мәселені 50 адам, ал ел ау­қы­­­мындағы түйткілді 25 мың адам құп­таса, оны билік міндетті түр­де қарайды. Біз Ұлыбритания, АҚШ және Германия секілді мем­ле­кеттік деңгейде онлайн-петиция ұйым­дас­тыру алаңын құрған ел­дер тә­жі­ри­бесін алдық. Бұл – аза­мат­тарға ұстанымын төңкеріс күшімен емес, сындарлы пікірталас жолымен біл­діруге мүмкіндік беретін тіке­лей демократия тетігі», – дейді С.Поддубняк. Қазақстан бұл бағытта енді ғана қам-қарекет жасамақ. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы негізінде заң қабылданса, егжей-тегжейі анықталары сөзсіз. Цифр­лан­ған мына заманда бірте-бір­те референдум өткізу секілді ора­лым­сыз әрі қымбат шаралар да тарих еншісінде қалып, оның орнын е-пе­ти­ция басуы ғажап емес.    width=Айхан ШӘРІП