Алаяққа алданып, 530 мың теңгесінен айырылған. Бұл жолы Петропавл тұрғынына банктен емес, Әділет департаментінен хабарласыпты. Сөйтіп, зейнеткердің қаржысын қолды қылған.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, зейнеткерді құрыққа түсіру үшін бірнеше алаяқ бірігіп, әрекет етіпті. Ақырында әйел алаяқтардың арбауына түсіп, 530 мың теңгесінен айырылған.
Әуелде оған Әділет департаментінің заңгері хабарласқан. Кейін ұялы байланыстың нашарлығына шағымданып, WhatsApp арқылы сөйлесуді ұсынады.
Зейнеткерді көндірген соң ол аллергенді препаратты жеткізуімен айналысқан белгілі бір компания әшкереленгенін және дәріні пайдаланғандарға үлкен көлемде өтемақы төленетінін жеткізген.
Біршама уақыттан кейін жәбірленушіге «қаржыгер» мен «қазынашы» хабарласады. Ақырында «өтемақы» алу үшін олар әйелді «сақтандыру», «тексеру» және «транзакция» секілді операциялардың ақысын төлеу керек екенін ескертеді.
Қолында бар қаржысы жетпеген соң қария таныстарынан қарыз ала бастайды. Әуелі 69 800 теңге, кейінірек 190 мың және 270 мың теңге аударған. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, өтемақы сомасы көбейгенін айтып, тағы 310 мың теңге сұрайды.
Мұның алаяқтардың іс-әрекеті екенін сезген танысы зейнеткерге полицейлерге шағымдануға кеңес береді. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Қазір алаяқтар зейнеткерлерді жиі «торға» түсіре бастады. «Сақтансаң – сақтайды» деген, алаяқтың арбауына түсуден сақ болған жөн.