«Тек келісімшарт жасау әдісі ғана өзгерді. Биылғы дейін стоматологиялық емханалар қосалқы мердігерлік арқылы медициналық қызмет көрсетіп келген болатын. Яғни, емханалар бір-бірімен келісімшарт жасайтын. Ал биылғы 1 қаңтардан бастап қор стоматологиялармен тікелей келісімшартқа отыратын болды. Бұл – көрсетілетін қызметтердің көлемін және сапасын тиімді бақылау мақсатында қолға алынған шара. Енді стоматологиялық емханалар қанша қызмет атқарғанын және қормен жасалған келісімшарт бойынша қанша қызмет көлем қалғанын өз бетінше қадағалап отыруы қажет», – деді спикер.Өкінішке қарай, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі стоматологиялық қызмет баршаға бірдей қолжетімді емес. Оны халықтың белгілі біл әлеуметтік осал топтары ғана ала алады.
«Мәселен, тек балалар мен екіқабат әйелдер күнделікті стоматологиялық күтім алуға хақылы. Сондай-ақ өткір ауырсыну кезінде азаматтардың он санаты үшін бұл қызмет қолжетімді. Соның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер мен оларға күтім жасайтын жұмыссыздар, соның ішінде мүгедек балалар немесе бірінші топтағы мүгедектер, әлеуметтік маңызды және жұқпалы ауруға шалдыққан науқастар, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және тағы да басқалар бар», – деп тізбектеп шықты спикер. Бұл ретте стоматологиялық қызмет алу үшін жолдаманың қажеті жоқ. Бастысы, науқас МӘМС жүйесінде стоматологиялық көмек алушылардың санатына кірсе болғаны. Қалған адамдардың барлығына стоматологиялық қызмет тек ақылы түрде көрсетіледі. Бұл жайт кейбір адамдардың наразылығын туғызып жүргені жасырын емес. «Ай сайын медициналық сақтандыруға не үшін қаржы төлеп отырмын? Ешқандай дерлік медициналық қызмет түрін тегін ала алмаймын. Стоматологқа тегін баруым үшін неліктен жүкті болуым керек? Дәрігерлерге, ультрадыбыстық және басқа да зерттеулерге кезек көп. Сондықтан ақылы қызметті таңдаймыз. Ендеше медициналық сақтандыруға ақы төлеудің қажеті қанша?» – дейді петропавлдық Майра Жүсіпова.Жалпы, мұндай пікірді өте жиі кездестіруге болады. Кейбір адамдардың әлі күнге дейін сақтандырудан бас тартып отырғанына негізгі себеп осы болса керек. Облыс бойынша 99 468 адам сақтандырылмаған. Олардың саны әсіресе Петропавл қаласында көп – 46 943 адам. Сондай-ақ Тайынша, Айыртау, Мағжан Жұмабаев аудандары көш бастап тұрған көрінеді. Былтырғы 1 ақпаннан бері сақтандырылған азаматтардың үлесі 0,1 пайызға ғана ұлғайған. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева болса, шын мәнінде стоматологиялық клиникалар амбулаторлық негізде ұсынатын консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипулияциялардың тізімі ұзынсонар екенін айтады.
«Мәселен, пломба салдыру, алып тастау, анестезия бар. Сондай-ақ амбулаториялық деңгейде жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонттық палстиналар орнатылады. Сонымен қатар стоматологиялық көмекті емханаларда да алуға болады», – деп түсіндірді Лариса Гордеева. Ал 2022 жылдың басынан бері медициналық сақтандыру қорына 349 686 адамға жарналар мен аударымдар түскен. «Аударылған қаражат көлемі – 14,7 миллиард теңге. Ал облыс тұрғындарына міндетті медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек көрсетуге нақты бөлінген қаржы 21,8 миллиард теңге. Медициналық қызмет толық көрсетілмеген немесе бас тартылған жағдайда емхананың пациенттерді қолдау қызметіне немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы не 1406 нөмірі арқылы медициналық сақтандыру қорына хабарласу қажет», – деп атап көрсетті Лариса Болеславовна.Жалпы, былтыр қордың облыстық филиалына он мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Арасында 250-ге жуық шағым бар. Олардың дені кезекті ұзақ күту, медицина мекемелерінде бейінді мамандардың жоқтығы, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, МРТ қызметтерінің жеткіліксіздігіне байланысты. Қор филиалы келіп түскен өтініштерді қарастыру нәтижесі бойынша тоқсан сайын өз құзыреті аясында мәселені шешу үшін облыстық денсаулық сатау басқармасына мониторинг деректерін жолдап отырады. Өтініштердің барлығы қаралып, жүгінген адамдарға жауап берілген көрінеді. Алайда өңірдің медициналық саласында шешімін күткен мәселе әлі де көп екені ешкімге жасырын емес.
Солтүстік Қазақстан облысы