Кореяда қашқан қазақтар
Кореяда қашқан қазақтар
1,029
оқылды
Инчхондағы әуежайдан белгісіз бағытқа қашып кеткен екінші қазақстандық та ұс­талды, ол полиция қызметіне өз аяғымен келіп, кінәсін мойындаған. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігі жағдайды бақылауында ұстап отыр, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті құқықтық кө­мек көрсетеді.
«Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іздеуде болған Қазақстан Республикасының азаматы Инчхондағы полиция қызметіне өз ер­кімен барып, кінәсін мойындады. Оң­түс­тік Кореядағы Қазақстан елшілігі бұл жағ­дай­ды бақылауында ұстап отыр, қазақс­тан­дық азаматтарға барлық қажетті құқықтық кө­мек көрсетеді», – деп хабарлады СІМ рес­ми өкілі Айбек Смадияров.
Еске салайық, 24 наурызда Оңтүстік Ко­реяға Ташкенттен Koreana әуе компа­ния­с­ымен барған екі қазақстандық азамат атал­мыш елге кіре алмай, кері депортациялануы тиіс еді. Алайда олар Қазақстанға қайтатын тиісті рейске отырмай, Инчхон халықаралық әуежайынан белгісіз бағытқа қашып кетіп, заң бұзған. Екі азаматтың бірі сол жерде ұста­лып, екіншісіне іздеу жарияланған бо­лат­ын. Инчхондағы полиция қызметі қаш­қынды ұстап бергендерге 10 миллион теңге сыйақы беруге дайын болды. Күні кеше із­деудегі 2002 жылғы екінші азамат өз еркі­мен берілді. Жалпы, елімізден Корея Республи­ка­сы­на саяхат жасайтындар баршылық. Сырт­қы істер министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы бұл елге 30 мыңға жуық қазақстандық барса, былтыр 38 мыңдай ел азаматы Корея­н­ың шекарасын асқан. Оның үстіне, 2022 жыл­дың 1 сәуірінен бастап еліміздің аза­маттарына Корея Республикасына қысқа мер­зімге (30 күнге) визасыз кіруге қайта рұқ­сат берілді (2020 жылдың 13 сәуірінде Covid-19 пандемиясына байланысты ви­засыз режимге шектеу қойылған еді). Десек те, қазіргі уақытта барлық шетелдік азамат Ко­реяға кіру үшін K-ETA электронды авто­ри­зациялау жүйесінен алдын ала рұқсат алуы шарт. Бірақ K-ETA жүйесінің мақұл­дауы­нан өткен күннің өзінде Кореяның им­миграция қызметі елге кіргізбеуге құ­қы­лы. Сыртқы істер министрлігінің ақпа­ра­тын­ша, жоғарыда аталған екі азамат Кореяға екі мемлекет арасындағы визасыз режим шең­берінде барған. Бірақ сапардың мақ­са­тын түсіндіре алмауының себебінен оларға елге кіруге рұқсат берілмеген. Отандастары­мыз иммиграция қызметінің шешімімен ке­лісіп, елге оралған жағдайда олар ешқан­дай әкімшілік һәм құқықтық жауапкерші­лік­ке тартылмайтын еді. (Егер өзге мемле­кет­те қандай да бір заң бұзып, депорта­ция­лан­са және ол заңсыз әрекеті Қазақстан Рес­публикасы аумағында қылмыс деп та­нылса, онда жауапқа тартылады). Бір ғана әт­те­ген-айы – төлқұжатына қойылған мөр­дің нөмеріне сәйкес, белгілі бір уақытқа – 1 жылдан бастап өмір бойына дейін Корея­ның аумағына кіре алмайды. Мәселен, құ­жатқа 46-1 номерлі мөр басылса, Корея ау­ма­ғына кемі 5 жылға кіруге тыйым са­лы­нады. Бұл штамп Корея Республикасының «Иммиграциялық бақылау туралы» заңы­ның 46-бабының 1-бөліміне сәйкес, ел аума­ғына заңсыз кіргендерге, я болмаса қыс­қамерзімді визамен кіріп, заңсыз жұмыс іс­теп жүргендерге және тағы басқа өрескел заң бұзған жағдайда қойылады. Ал Кореяға заңсыз кіруге көмектескен шетелдіктерге 12-3-2 нөмерлі мөр басылады және оларға өмір бойына аталмыш елге кіре алмайды. Басқа да құқықбұзушылықтармен депор­та­ция­ланған жағдайда «Иммиграциялық ба­қы­лау туралы» заңның бабына сәйкес, әр­түрлі мерзімге виза берілмейді. Әйтсе де, құ­қық бұзғандардың арнайы мәліметтер ба­засы жоқ. Кореядан депортацияланған әр­бір азаматтың бұл елге кіріп-шығуы тура­лы ақпарат елшіліктің мұрағатында сақ­талады және келесі рет виза алу кезінде ғана қа­перге алынады. Ал депортацияға көнбеген жоғарыда атал­ған екі қазақстандықтың ісін енді Инч­хондағы жергілікті сот қарайды, шешім де со­ларға тиесілі. Отандастарымыздың шека­ра­ны заңсыз кесіп өткені үшін қандай жаза ар­қалайтыны әзірге белгісіз. Қазақстан Рес­публикасы СІМ ресми өкілі Айбек Сма­дияров бүгінге дейін осыған ұқсас жайттар бол­мағанын айтады. Оңтүстік Кореядағы Қа­зақстан елшілігі бұл жағдайды бақы­лауын­да ұстап отыр, бірақ, өкінішке қарай, олар отандастарымызға құқықтық көмек көрсетуден басқаға қауқарсыз. Қай елдің болмасын шекарасын заңсыз ке­сіп өтудің жазасы жеңіл емес. Мәселен, біз­дің мемлекеттегі Қылмыстық кодекстің 392-бабына сәйкес, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы аумағын өткізу пункттерінен тыс, яки өткізу бөлімдерінің қызметкерін алдап, заң­сыз кесіп өткен жағдайда ел аумағынан бес жыл мерзімге шығара отырып, 1000 АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал мұндай заңсыздықты жасаған қылмыстық топ бес жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін. Жыл басында бұл бапқа өзгеріс енгізіп, жа­заны ауырлату туралы ұсыныс қоғам тал­қысына ұсынылды: мұндай заңсыздық үшін 2000 АЕК немесе 1-3 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Кореяда қалуға неге құмар? Жалпы, Корея аумағында қалу үшін түр­лі жанкештілікке һәм заңсыздыққа ба­ратын қазақстандықтардың қарасы көп. Ко­­­реяға қысқамерзімді визамен кіріп, уа­қыты өткеннен кейін осы елде заңсыз қа­лып қоятындар да бар. Тіптен, осы елде өмір бойына қалу үшін «босқын» мәртебесінен «үміт­ті» азаматтар қаншама?! Бұл статусты ие­лену мақсатында түрлі заңсыздыққа бара­тын қазақстандықтар да бар. Мәселен, биыл 12 ақпанда Корея аумағында жүрген шетел­дік­терге «босқын» мәртебесін алып беру үшін жалған құжат жасаумен айналысқан елі­міздің үш азаматы ұсталды. Олардың екеуі қамауға алынып, біреуі кепілмен боса­тыл­ған болатын. Бұл ақпаратты да Сыртқы істер министрлігі растады.
«Тергеу ісі Қазақстан Республикасының үш азаматы Кореяда тұратын бірқатар шет­елдікке «босқын» мәртебесін алып беру үшін жалған өтініш беріп, заңсыз құжат жа­­сағанын анықтады. Корея Респуб­ли­ка­сының дербес деректерді қорғау заңына сәй­кес, аталмыш елдің құқық қорғау ор­гандары біздің елшілікке тұтқындалған­дар­дың жеке деректері мен басқа ақпарат беру­ден бас тартты. Ал ұсталған азаматтар Сеул­де­­гі Қазақстан елшілігіне жүгінбеген», – деп хабарлаған болатын СІМ ресми өкілі.
Корея Республикасының Қылмыстық ко­дексінің ХХ тарауында жалған құжат жа­саған, қандай бір құжатқа өтінім тапсыру ке­зінде бұрыс ақпарат беру, жалған мә­лі­мет­тер ұсынған азаматтарға жаза қатаң – 10 млн воннан бастап 5-10 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы тағайындалуы мүм­кін. Жоғарыда аталған заңсыздықтарға бой ал­дырып, құқық бұзғаны үшін депорта­ция­ланған Қазақстан Республикасы азамат­тары­ның статистикасы бізде жоқ, бұл іс Ко­рея Республикасының тиісті мемлекеттік ор­гандарының құзыретіне жатады. Ал аза­маттың дербес деректерін қорғау туралы заңы­на сәйкес, корей тарапы мұндай мәлі­мет­терді жария етпейді. Бұл орайда, құқық қорғау мамандары мен заңгерлер қандай да бір елдің шекарасынан өту кезінде, белгілі бір мемлекеттің аумағында жүрген уақытта сол елдің барлық тәртібіне бағынуға ша­қырады.