Онлайн бақылау санкциядан құтқара ма?
Онлайн бақылау санкциядан құтқара ма?
636
оқылды
Солтүстіктегі көршіміз Ресей Украинамен геосаяси қақтығысқа түскелі бері АҚШ пен Батыс елдерінің санк­циясына шырмалғаны мәлім. Десек те, Орта Азия арқы­лы шектеулерді айналып өтуі мүмкін екені көптен бері айтылған. Енді сәуірден бастап Қазақстан тауар қозға­лысын шекарадан шекараға дейін онлайн режимде бақылап, Мәскеуге салынған санкциялардың бұзылма­уын қадағалауға қадам жасап көрмек. Бірақ бірден айтайық, толық емес, ішінара тосқауыл қояды. Осы әре­кеті арқылы еліміз Еуропа мемлекеттерімен мүдделес екенін дәлелдеуге көшкен секілді. Сонымен бұл қадам­ның бізге берері не? Айналып өтудің айласын тапқан көрші Бұл жаңалыққа Батыс басы­лымдарымен қатар, ресейлік ақ­парат көздері де назар аудармай өткен жоқ. Шынын айтқанда, Ресей электроника, қосарлама мақсаттағы бұйымдар, чип-мик­росхемалар мен санкциядағы өнімдердің импортына мұқтаж. Көптеген кәсіпорын мен шетел­дік брендтер әуел баста Ресейге тауар жіберуді тоқтатып, дүкен­дерін осы себепті жапқан бола­тын. Ресей банктері SWIFT жүйе­сінен ажыратылды. Бұның бәрін ескерген сарапшылар алғашқыда Ресей экономикасы көп ұзамай күйрейді деп болжаған. Бірақ жағдай керісінше. Қараңыз, 2022 жылдың қорытындысында Ре­сейдің жалпы ішкі өнімі 2,1 пайыз ғана төмендеген, ал шикізаттың қымбаттауына байланысты кө­мірсутек экспортынан бюджетке кейінгі 27 жылдағы рекордты та­быс – 384 миллиард АҚШ дол­лары түскен. Санкцияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 43 па­йызға көп. Яғни, Ресей тосқа­уылды айналып өтудің жолын 100 пайыз тапты деген сөз. Көршінің дүкендері босап қалған жоқ, халқы әлі шетелдік смартфондар, компьютерлер, тұр­мыстық техника мен автокөлік өндірушінің рұқсатынсыз жүретін параллель импорт арқасында еш қиындықсыз сатып алуда. Ресей билігі мұндай импорт түрін толық заңдастырып қойған. Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге жәрдемдескен Орталық Азия, БАӘ, Түркия мен Қытай екені айдан анық. Мәселен, былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы күрт артқаны жария болды. Теледидар, монитор мен проектор экспорты 312 есе, ком­пьютер 215 есе, телефон экспорты 88 есе артқан. Сұмдық! Ол аз десеңіз, Астана Мәскеуге 2,5 есе көп алюминий тотығын, был­тырғыдан 2,1 есе артық өңдел­меген мырыш және бұрынғы көлемінен 2 есе жоғары мөлшерде уран сатқан. 2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 мил­лион долларға тоңазытқыш сатып алған. Наурыздың басында Bloomberg агенттігі 2022 жылы Қазақстан Ресейге 3,7 миллион долларға микрочиптер пен жар­тылай өткізгіштер сатқанын жаз­ды. Бір жыл бұрын бұл тауар бойынша сауда көлемі 12 мың доллар ғана болған. Қош, сонымен еліміз неге аяқасты мұндай шешімге келді? Ақпанның аяғында Астанаға ресми сапармен келген АҚШ мем­лекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы мәселені көтерген. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар жеткізілуі мүмкін деп алаңдайтынын айтты. Блин­кен АҚШ санкциялардың сақ­талуын жіті қадағалап, Орталық Азия елдерінің өкілдерімен бұл шектеулерді бұзудың қандай экономикалық салдары бола­тынын үнемі талқылап отыра­ты­нын ескертті. Соңында Блинкен өңірге санкцияның әсерін жұм­сарту үшін 25 миллион доллар бөліп, Ресеймен серіктес болған компанияларға қызметін тоқ­татып, ол байланыстарды үзуге уақыт беру үшін арнайы лицензия таратуды ұсынған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан бұл кездесу­ден нәтиже шығарғанға ұқсайды. Жалпы, Ресей санкциядағы тауарларға мұқтаждығын негі­зінен Қазақстан, Қытай, Түркия мен Грузия арқылы өтіп келді. Дегенмен бұл жолғы реэкспортқа Қазақстанның мемлекеттік құ­рылымдары қатыспауы мүмкін. Бұны экономист Айдар Әлібаев айтып отыр.
– Реэкспортпен жекеменшік бизнес айналысады. Оларға қазір осы тиімді, себебі Ресейде тұрмыс техникасы мен электроникаға, смартфондар мен басқа да заттар­ға сұраныс жоғары. Қазақстандық кәсіпкерлер бұдан жақсы ақша табуда. Бірақ бұл ұзаққа бар­май­ды. Батыс мұны әлдеқашан бай­қаған, көптен бері бақылап отыр. Батыс Қазақстанға санкция са­луға бармайды деп ойлаймын, оларға бұл керек емес. Еліміз олар үшін транзиттік аумақ. Бәрін жақсы түсініп отыр. Бұл процесс жалғаса береді, шектеулер қояды, ескерту жасайды, жекелеген ­ком­панияларға санкция салар. Осындай режимде жүреді деп ойлаймын, – дейді ол.
Өз тапқаны өзін тарықтырмақ Енді Астана санкциялық та­уарлардың транзитін қадаға­лай­ды. Не арқылы? Электронды на­вигациялық пломбалар арқы­лы. Негізінде бұл әу бастағы Ре­сейдің бастамасы. Еуразиялық одақ нарығын өзі басыбайлы алуға ұмтылған Мәскеу Қазақстан мен Қырғыз Республикасынан осы кеңістікке Қытайдан, Еуропа елдерінен контрабандалық және есепке алынбаған тауарларды тасымалдауды тоқтатуды талап етті. Көрші ел одақ аясында тех­никалық регламенттер дегенді ойлап тауып, солар арқылы әр салада ЕАЭО нарығына үшінші елдердің тауарларын әкелуге шектеу қойғаны есте. Бұл құрылғы тағылған жүктің қозғалысын, қайда бет алғанын одаққа мүше елдердің кеденшілері «ГЛОНАСС» жерсерік жүйесі ар­қылы бақылап отырады. Пломба жүктің ЕАЭО аумағы бойынша тасымалдану кезіндегі бүтіндігін, ақырғы пунктіне жеткенше бұ­зыл­мауын онлайн режимде қада­ғалайды. Енді осы құрылғы ар­қылы Ресейге қарсы шектеу бас­­талғалы тұр. Ресейдің көлік министрлігі санкциялық тауар­ларға тосқауыл қою тетігін Қазақ­станның ойлап таппағанын, өз бетінше енгізіп отырмағанын растапты. Ведомство дерегінше, тауарлардың қозғалысын онлайн бақылау жүйесі ЕАЭО кеңіс­ті­гін­дегі тасымалға мониторинг жасау жөніндегі бұрынғы келісім ая­сында 2023 жылғы 1 сәуірден бас­тап енгізілмек. Келісімге Қа­зақстан, Ресей, Армения, Бела­русь және Қырғыз Республикасы 2020 жылы-ақ қол қойған. Қорыта айтқанда, біз бірнәр­сені қайталағымыз келеді. Қа­зақстан тауарларға толығымен тосқауыл қоймайтыны анық, тек ішінара. Бұл қадамды еліміздің тағы бір дипломатиялық тиімді әрекеті деп атасақ болатын шы­ғар. Не дегенмен, көршімізбен арадағы тауар айналымының көлемі сәл де болса азайса, Батыс елдері үшін сол жетістік санала­тындай. Әйтпесе бұл тұста Қа­зақстан мүдделер қақтығысының ортасында амалдап тұр.